Ұят емес

Қазақстандық жасөспірімдерді жыныстық сауаттандырудың қандай жүйесі керек?

0 28

БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA) жүргізген зерттеуге сүйенсек, қазақстандық жасөспірімдердің алғашқы жыныстық қатынасы орташа есеппен 16,5 жаста болады екен. Алайда «ересек өмірге» мұншалықты ерте асыққанына қарамастан, олардың көбі өз тәнін қорғау, қалаусыз жүктіліктен сақтану, жыныстық жолмен жұғатын аурулар секілді дүниелерден жете хабарсыз болып шықты. Бұл проблеманың себебі не, жыныстық сауат жөніндегі аңыздар қандай және неліктен мектеп психологы мен ата-ананың осы мәселедегі рөлі мардымсыз – мұның бәрі жуырда елордада өткен «PaperLab» пікірталас алаңында талқыланды.Жыныстық сауаттандыру жыныстық қатынасқа үйрету емес

Жасөспірімдер мен ата-­аналарға арналған UyatEmes.kz сайтының негізін салушы, Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының магистрлық бағдарлама түлегі, ғалым Қарлығаш Қабатованың айтуынша, жергі­лікті халықтың басым бөлігі жыныстық сауаттандыру деген тіркесті жыныс­тық қатынасқа үйрету деп түсінеді:
– Жыныстық білім беру дегеніміз балаларды жыныстық қатынасқа түсуге үйрету емес. Бұл – баланың жасын ескере отырып, оған ғылыми дәлелденген ақпарат беру, өзін қалай гендерлік және жыныстық қорлаудан қорғауға болатынын түсіндіру, өз тәні мен басқалардың тәніне құрметпен қарауға дағдыландыру, сау қарым-қатынас құруға тәрбиелеу. Көбі ойлайтындай, жыныстық сауат­тандыруды жоғары сыныпта емес, бастауыш сыныптан бастау қажет. Ерте жастан өз денесінің құрылысы, жыныстық жетілуге дейінгі өзгерістер туралы хабардар болу баладағы сексуалдық тақырыбына деген шектен тыс қызығушылық пен жыныстық эксперименттердің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар осы салада жеткілікті білімі бар бала өзіне жыныстық зорлық болған жағдайда оны түсініп, ата-анаға қалай жеткізу керектігін біледі.
Қарлығаш Қабатова Қазақ­стандағы жыныстық сауаттан­дыру жүйесі жайлы екі рет зерттеу жүргізген. Соның соңғысына (2019 жылы) Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Шымкент және Өскемен қалаларынан 4360 бала мен жасөспірім қатысқан. Автордың сөзінше, зерттеу барысында респонденттердің көпшілігі ата-анасымен интим тақырыптарға ашық әңгімелес­пейтінін жеткізген:
– Әсіресе, қазақтілді отбасыларда жыныстық-репродуктивтік денсаулық және жалпы екі адам арасындағы жақын қатынас мәселесі – табу тәрізді. Бұл тақырыптан балалар да, ересектер де қашқақтайды. Үлкендер жағы ештеңені ашып айтпайды, бірақ түрлі тұспалмен «отбасын ұятқа қалдырмауды», «түзу жүріп-тұруды» ескертеді. Олардың үмітіне сай болып, сұрақтары арқылы қандай да бір наразылығын тудыруды қаламайтын жеткіншек өзінің дамып келе жатқан ағзасына, адамдар арасындағы тәндік жақындыққа қатысты табиғи қызығушылығын іштей тұншықтырып тастайды. Өйткені бала үшін мұндай дүниелер туралы ақпараттану жыныстық жақындықпен бірдей, ал ол «жаман әрі ұят».

«Қызға қырық үйден тыйым» мәселені шешпейді

Сондай-ақ Қарлығаш Қабатова өзінің еңбегінде ата-аналардан тұратын фокус-топты да зерттеген.
– Респонденттердің басым бөлігі балаға берілетін жыныстық тәрбиемен отбасыда әйелдер айналысуы керек деп есептейді. Бір қызығы, олардың ойындағы «жыныстық тәрбие» – қыз бала үшін «Ашық-шашық жүрсең, біреу зорлап кетеді», «Қыз баланы кешкілік жиындарға мүлде жібермеу керек», «Некеге дейін пәктігіңді сақтамасаң, қарабет боласың», «Қыздың аяғы ауыр болып қалса, бұған тек өзі кінәлі» деген тыйымдар айту болса, ұл бала үшін «Қыздарға баратын болса, қорғанып жүр» деген сықылды кеңестер беру. Байқайсыз ба, ұлдарға «Зорлап-күштеуге болмайды» деп үйретпейді, есесіне қыздарға қатыс­ты болған оқыс оқиғаларда «Шешесі қайда қара­ған?» деп сөгеді.
Осы орайда Қарлығаш Қабатова ата-аналардың шындыққа тура қарап, балаға жастайы­нан барынша адекват жыныстық білім беру қажеттігін айтады:
– Біріншіден, балаңыздың ыңғайсыз сауалына «сені орамжапырақтың ішінен тауып алдым» немесе «дүкеннен сатып алдым» деген сияқты қиял-­ғажайыпқа толы жауап берудің пайдасы жоқ. Ол өз сұрағына жауапты бәрібір табады, бірақ ендігәрі сізден ештеңе сұрамайды. Екіншіден, әсірелеушіліктен сақ болыңыз. Сіздің мақсатыңыз – жай ғана ненің не екенін түсіндіру. Үшіншіден, жүйе­лілік болғаны абзал. Бір реттік ашық әңгіме ештеңені де өзгертпейді, балаңызбен тұрақты түрде сөйлесіп отырыңыз.

Мектеп психологының өзі кәсіби этикадан жұрдай

Гендерлік мәселелер бойынша сарапшы Лейла Махмұдованың пікірінше, жеткіншектердің ата-­анамен ашылып сырласпайтыны, ой түкпіріндегі барлық сұрақты қоюдан қысылатыны – отбасыда тең дәрежедегі қарым-қатынас­тың жоқтығынан:
– Қазақстандық отбасылардың көбінде ақпарат жоғарыдан төменге беріледі. Яғни директив байланыс орнаған. «Сен өйтуің керек», «сен бүйтуің керек» деген толып жатқан «керектерді» тыңдап өскен бала анасына не әкесіне өзіне ненің ұнайтынын не ұнамайтынын ашық айтудан тайсалады. Мұндай иеархиядан құтылмайынша, ата-анамен ашық әңгіме ешқашан болмайды. Осыған ұқсас көзқарас мұғалімдерге де қатысты.
Мұғалімдер, жалпы педагогтардың жыныстық тәрбие берудегі жіберетін қателіктерін Қарлығаш Қабатова да толық­тырды:
– Балалармен жұмыс істейтін және олардың жағдайын қамтамасыз етуі тиіс мамандардың өздері кейде оқушылардың сенімі мен этикалық құпияны бұзуды қалыпты санайды. Мәселен, менің зерттеуіме қатысқан респондентке (мамандығы – мұғалім) мектеп психологы оның сыныбындағы қыз баланың өзге қыз баланы ұнататынын айтып қойған. Оқушы өзінің тым жеке мәлі­метімен бөліседі, ал мектеп психологының әрекеті мынау. Бұдан кейін бала қайтіп үлкенге сенеді?
Мұндай құбылыстың бар екенін 12 жыл бойы халықаралық Y-PEER Kazakhstan желісінде тренер болып келе жат­қан Кәмила Тұяқбаева да атап өтті:
– Біз елорданың мектептерін аралап, жыныстық сауат жөнінде тренингтер өткізіп тұрамыз. Кейде мектептер өздері шақырады, кейде инициативаны өзіміз танытамыз. Ондай жағдайда бізді мектеп табалдырығынан мұғалімдер қарсы алып, қолымыздағы брошю­раға жармасады. «Сұрауға ұяласың ба – оқы» деген тақырыптағы брошюрамызда әдетте жасөспірімдерді жиі мазалайтын сұрақтар қамтылады. Мән-жайды ұққан соң, «Біздің балалар ондай емес», «Бұл – жас отбасы­ларға арналған ақпарат» деп бізді шығарып салған мұғалімдер де болды.

Сонымен не істеу керек?

Іс-шара қорытындысында мамандар Қазақстанда жастардың жыныстық сауатын жетілдіріп, осы бағыттағы құралдар тиімді нәтижеге әкелуі үшін жасалуы керек бірқатар жағдайды атап өтті:
Біріншіден, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған ақысыз негіздегі онлайн/офлайн курс­тарды көбейту. Бұл тұрғыда Қарлығаш Қабатова Канада елшілігінің қолдауымен жы­ныстық сауаттандыру бойынша екі онлайн курс өткізгенін, алда тағы бір курс ұйымдастыратынын айтты.
Екіншіден, ЖОО-лардағы педагогикалық мамандықтарға балаларды жыныстық сауаттандыру бойынша модуль енгізу.
Үшіншіден, балалар ауди­ториясымен тең дәрежеде сөйлесетін білікті мамандарды волонтерлікке көптеп тартып, мектептерде ашық әңгіме сағаттарын ұйымдастыру.
Төртіншіден, мектеп пәндеріне жыныстық сауатты арт­тыратын тақырыптарды интеграциялау. Мысалы, өзін-өзі тану, құқықтану, тіршілік қауіпсіздігінің негіздері секілді пәндерге гендерлік құқық, жауапты ата-­аналық, эмоциялық және психологиялық денсаулық тәрізді бірқатар тақырыпты енгізуге болады. Сол секілді, биология немесе валеология пәндеріне адамның репродуктивті денсаулығы, жүктілік, жыныстық жолмен жұғатын аурулар сияқты тақырыптарды қосу көңілге қонымды.
Бесіншіден, кәмелеттік жас­қа толмағандардың ата-анасыз медициналық орталықтарға қаралуына салынған тыйымды 16 жасқа дейін төмендету, сондай-ақ Батыс мемлекеттеріндегідей youth-friendly (жастарға ыңғайлы) клиникалар немесе бөлімдер ашу. Жасөспірімдердің «танысымды (ағамды, көкемді, әпкемді, көршімді) кездестіріп қаламын» деген қауіптен емхананың табалдырығын аттамайтынын ескерсек, мұндай өзгеріс көп кеселдің алдын алар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды