©2020 Астана Ақшамы
ҰЯТ БОЛАДЫ…
Осы үлкендер қызық, кішкентай бала сияқты. Ата-анасы Тараздан таңертеңгі пойыздан түсті. Әкейдің інісінің әйелі жаман аурудан қайтқан. Сосын сол үйге барып, көңіл айтып шыққаннан кейін әкесі қызына: «Балам, біз шешең екеуміз бағанағы келген Қызылорданың пойызымен кешке қайтамыз, – деді. Бұған аң-таң болған қызы: – Папа, бір-екі күн қонып кетпейсіңдер ме, Астанаға күнде келіп жатқан жоқсыңдар, жолдан шаршадыңдар ғой, – деп бәйек болды.
– Біріншіден, балам, өлікке келіп тұрып, қыдыруға болмайды. Екіншіден, ұят болады, мен уәде бердім.
– Кімге?
– Бағана бізді әкелген жолсерік балаға.
– Ой, папа, қайдағы жолсерік, оның сіз сияқты жүз жолаушысы бар, қайсыбірін есте сақтайды дейсің, ол сізді баяғыда-ақ ұмытып кетті. Сосын сізді ол емес, машинист әкелді, ол тек билет тексеруші ғана. Сізден оған керегі ақшаңыз емес пе? – деп әкемді қалдырудың амалын жасап жатырмын.
– Жоқ, ол менің қалта телефонымды жазып алды, мен де оныкін жазып алдым, ол күтеді. Менің уәдемде тұрмағаным сақалды басыма ұят болады.
Бұған сол жерде тұрған бала-шаға, туған-туыс, құда-жекжат және басқа қонақтар еріксіз күліп жатты.
– Неге күлесіңдер, ей? Айттым болды, «ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені». Жинал, кемпір, вокзалға кеттік…
Қайран біздің әкелер, сексенге келсе де серттен таймаған. Ал қазір мұндай сөзге берік азаматты қайдан табарсың?..
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ