Ұяда не көрсең…

0 166

Күн көзін сүйдіріп, көк­тем шуағын таратқалы ау­­ладағы тіршілік те жан­­­данған. Тас үй­лер­­дің алдындағы алаң­­қайдың әрі мен сәнін кіргізетіндер, әрине, кішкентай балалар. Бірі әткеншек тепсе, бірі сыр­­ғанақ ойнайды. Енді бір тобы жиылып алып, көрген-білгендерін сапыруда. Өз ойыншықтарын ала шығып, ойынның көрігін қыздыра түсушілер де бар. Сыртынан қарап тұрған жанның көңілін тойдырардай, сол бір балалық шақ­­тың аспанына жетелей береді.
Жә, айт­­пағымыз бұл емес-тін…

Бір кезде көңіл марқайтқан, арқа-жарқа ойынның бір шеті сетінеп кете берді… Иә, бала болған соң, ара-тұра шекісіп, араздасып қала береді, қайта достасып, қауышады. Дауа бар ма оларға?.. Десе де, бұл жолғы кикілжің тым бөлек.

…Үш-төрт жасар қыз бала өзінен сәл ересектеу жеткіншекті шешесінен оңдырмай бір сыбаған! Онымен кегі қайта қоймаса керек, тағы да салып ұрды. Қолымен емес, шешесінен… Орысша! Астыңғы қабатта тұратын қазақ көршімнің кішкене қызы өзінен бір-екі жас үлкен, бірге ойнап жүрген әпкесін шешесінен боқтады! Сөйтті де, шар-р-р етіп, жылап жіберді!
Бәріміз әткеншектің жанындағы әлгілерді айнала ошарылып қалғанбыз. Уақиға былай өрбіпті: ересектеу жеткіншек ойындағы серігінің ойыны ойынан шыға бермеген соң, ішінен аямай тепкен ғой. Еске сала кетейін, өздері қыз балалар. Кинодан көргені-ау, шамасы, әлгі «боевой» әрекетін тағы қайталайды. Араға екі секунд салып, тағы тебеді. Міне, сол кезде жәбірленушіміз орысшалап шешесінен сыбайды…

Көп уақыт өтпей, боқауыз қыздың шешесі жүгіріп келіп, қызын жерден көтеріп алды. Жұбатып-ақ жатыр. Өзі құлады деп ойласа керек. Әйтпесе…

Бұл кезде манағы «концерт» бітіп қойған. Ал, сол «концерттің» бастан-аяқ көрермені, жасы егде тартқан әйел боқауыз қыздың шешесіне қарап, «Мәссаған, сенің қызың ананы «…» деп боқтады ғой» десе, «Ой, ол менің күнде айтатын сөзім ғой, «…» деді де, жөніне кете берді.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл бар. Бірақ, ұясында оқ жондырып, тон піштіріп үйрететін ата-аналардың қатары бүгінде сирек сыңайлы. Бұл сөзге жоғарыдағыдай мысалдың сан мыңы дәлел. Ұлымыз отыр-ау, қызымыз отыр-ау деп, былапыт тілімізді шектемейміз отбасында. Ойымызға келгенін оттап, аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады сосын.

«Бала ғой, нені түсінеді, нені түйсінеді» деп те ойлайтын болуымыз керек. Олар отырған жерде ата-ана ұрысып та, керісіп те алатын жағдайлар бүгінде санамызға жат емес. Ал ұрыс-керісте құрғыр көмейден қандай «қоқыс» төгілмейді?.. Бірақ, бір данышпанның айтқанындай, «бала – бәрінен ақылды».

Тәрбиелі ұрпақ өсіру баланың тамағын тоқ, көйлегін көк етумен бітпейді. Ең алдымен, тілі түзелсін. Адамзатқа Алла жіберген соңғы Елші Мұхаммед (с.ғ.с) баланы жатырда жатқан кезінен тәрбиелеу қажеттігін өсиеттеген. Кеш қалмасақ, игі. Мәдениетті, өркениетті, қазақы, жарқын болашақтың тұтқасы солардың қолында емес пе?

Асхат РАЙҚҰЛ,
a.raiqul@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 8 =