Ұтымды жүріс – ұлық жеңіс

0 168

Бейбітшілік қаласы атанып, әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататын Астанамыздың тұрғын халқының саны ресми деректер бойынша сегіз жүз отыз мың адамнан асып отыр. Бір кезде шағын ғана облыс орталығы болып, әміршілдік-әкімшілдік саясаттың талай құйтырқысын көрген аймаққа бүгінде бақ қонды. Елінің жүрегі – байтақ елдің тірегі атанды. Сәулеті асып, береке-дәулеті тасыған ірі мегаполиске айналып келе жатқан сұлу шаһардың тұрғыны болу әркімнің арманына айнала бастады.

Қазіргі жағдай халықтың табиғи өсімінің жоғары екенін растайды. Сонымен қатар, кейінгі онжылдықта көші-қон есебінен де ұлтымыздың көбейе түскені көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, бұрын азшылық болып келген солтүстік облыстарға қазақтардың қоныстануы артқанын мына кестеден анық көруге болады. Бір атап айтарлығы, 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы Астана қаласы тұрғындарының саны 66 пайызға өскен. Әрі бұл негізінен қазақтардың есебінен ұлғайып отыр (Астанада 1999 жылы қазақтардың үлес салмағы 11% болса, ол қазір республикалық орта көрсеткіштен де жоғары).

2001 жылы республикада қала тұрғынының саны – 8,3 млн (55,8%), ауыл тұрғынының саны – 6,5 млн адам (44,2%) болды. Ал, қазір ел халқының саны 17 миллионнан асып отырғанда қала халқы – 9 721,0 мың (60,8%), ауыл тұрғындары – 7 335,8 мың адам (47,2%). 2008 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары қалаларына ауылдан адамдар көптеп көшіп келген. Әсіресе, ең көп өсім Астана қаласында – 113,8%-ды көрсетеді.

халык саны

Осы сандарды көріп отырып еріксіз ойға қаласыз. Бір кезде тың игеру деген желеумен солақай саясаттың салқыны ұрған өлкеде мемлекет құраушы ұлттың тіліне де, діліне де, дініне де менсінбеушілік көзқарас етек алып, жүдей бастаған шақта оны қайтадан аяғынан тік тұрғызуға «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындармай» рухтандыратын парасат-пайым қажет еді. Мемлекет басшысы оны дер кезінде қолға алды.

Бұл тұрғыда бір кезде кеңес органдарында лауазымдық қызмет атқарған, осы жердің тумасы Жанайдар Есенбеков ақсақал:
«Бүгінде күннен-күнге арудай жасанып, керемет әсемдігімен көрген көзді сүйіндіре білетін елордамыздың келбетін талай ақын жырға қосты, ажарын айшықтап, сан жазушы тебірене қалам тербеді. «Астана – арман қала», «Менің сүйікті қалам» деп толғанған жастарды да аз кездестірмейміз. Бас шаһарымыздың небәрі оншақты жылдың ішінде осылай әркімнің кеудесінде мақтаныш сезімін туғызып, әлем назарына ілігуі, жер бетіндегі аузымен құс тістеген алып қалалармен иық тірестіре бой көтеруі Елбасымыздың қайраткерлігінің, орасан мол күш-жігер жұмсауының арқасы екендігі әмбеге аян. Ол елорданы көшіру арқылы Еуропа мен Азияның есігін ашты, тәуелсіз Қазақстанның жаңа шежіресі жазылды» деп еске алады.

Қария дұрыс айтып отыр. Елорданың қоныс аударуымен ел өмірінде жарқын беттер жазылып, тың бастамаларға негіз қаланды. Дегенмен, мұның бәрі оңайлықпен жүзеге аса қойған жоқ. Терең дағдарыстан тұралаған, өндiрiсі тоқтаған, еңбекшiлер айлық алмайтын, жұмыссыздық жайлаған сол бір кезде бұл, расы керек, көп адамның көкейіне қона қойған жоқ. Алайда, Елбасы 1994 жылдың 6 шiлдесінде Жоғарғы Кеңестiң кезектен тыс жалпы отырысында мемлекеттік маңызы өте жоғары осы мәселені халық қалаулыларының алдына толық жайып салып, өзін көптен толғандырып жүрген ойларды саралады. Тұжырымды негіздерге сүйене отырып, Алматының ұлан-ғайыр Қазақстанның бiр бүйiрiнде орналасқанын тілге тиек етті. «Оның үстiне қала өсіп барады. Жаңа заман талабына сәйкес құрылыс жүргізіп, жас мемлекетке лайық аса сәулеттi ғимараттар тұрғызып, кең көшелер тартуға таршылық етедi. Көп адам бауыр басып, табиғатына, ауа райына, манаураған ақ бас Алатауына үйреніп қалғанымен, экологиялық ахуалы да жылдан-жылға қиындап барады… Ал, Ақмола болса елдiң қақ ортасында орналасқан, тоғыз жолдың торабы. Алдын ала отыз екi негіз бойынша жасалған зерттеулер нәтижесiнде астана болу талаптарына толық жауап беретiнi анықталып отыр. Географиялық жағынан ғана емес, елдiң геосаяси, экономикалық мүдделерiне де сай келедi. Негiзiнен, инвестиция тарту арқылы салынатын жаңа елорда халықтың республика аумағына бiркелкi қоныстануына да жағымды ықпал жасайды…» деген деректер келтірді.

Міне, осы «біркелкі қоныстану» сөзінің астарында ашық айтылмайтын тек үлкен саясаткерге ғана тән тылсымдық жатыр еді. Өйткені, тоқсаныншы жылдардың басында Петропавл қаласында қазақтардың саны алты пайызға зорға жететін. Оның үстіне кешегі келмеске кеткен КСРО-ның соңғы Президенті Михаил Горбачев соңғы тұяқ серпер кезінде біздің солтүстік облыстарымызға көз алартып, тантығаны тағы бар. Оған, әсіресе, Солженицынның «Ресейдің көсегесін қалай көгертеміз?» деген сандырағы қосылып, Мемлекет басшысын ұлт болашағы, ұрпақ келешегі терең ойландырды.

Түптеп келгенде, мұның тарих үшін дұрыс шешім болғанын анық ұғып отырмыз. Геосаяси артықшылықтармен қатар елорданы көшiру республика экономикасы үшiн орасан зор әр алуан тиiмдiлiк бердi. Құрылыс өркендеуiнiң ұласпалы әрекетi барлық өңiрдi қамтып, олар өзгерiп сала бердi. Мұның өзi мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салалас өндiрiстердiң дамуына қол жеткiздi. Ең бастысы, елдің рухы көтерілді.

Тарихқа көз жүгіртсек, халықты белгілі бір аймаққа шоғырландыруда мемлекеттің стратегиялық мақсат-мүддесі, ішкі ой-тұжырымдары мен жоспары жатады. Тұтастай алып қарағанда, Қазақстан Орталық Азияда қала халқының үлесі жағынан бірінші орында тұр. Қазіргі мәліметтер ел тұрғындарының алпыс пайыздан астамы қалалық елді мекендерде қоныстанғанын көрсетеді. Осы негізде алғанда біз салыстырмалы түрде урбанизацияланған ұлтпыз. Мәселен, 1979 жылы қалада тұратын қазақтар небәрі жиырма пайыз болса, 1989 жылы ол жиырма жеті пайызға, ал 1999 жылы қырық үш пайызға жетіпті. Бұл негізі Кеңес одағы ыдырап, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына үдере көшкен кезде олардың орындарын ауылдықтардың басуы есебінен еселеніп отыр. Сондықтан, ірі шаһарларда тұратын ағайындарымыздың саны алпыс па­йыздан асып отыр деген мәліметтерге еш күмәндануға болмайды.

Дегенмен, 2009 жылы өткен еліміздегі жалпыхалықтық санақтың нәтижелеріне жүгінсек, қалада – 4,8 миллион, ауылдық жерде 5,3 миллион қазақ тұратындығы айтылған. Осыған қарап, санақ өткен бес-алты жылдан бері қалаларға қоныс аударушылар санының да артқандығын анық байқаймыз.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы өзге де салалармен қоса Қазақстан шекарасынан тыс қалып қалған қазақтарды елімізге оралуымен байланыстырып отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ Қазақстан өзге елдерде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтарды елге қайтару саясатын ұстанды. Мұндай саясат экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістер жағдайында қажетті жұмыс күштерін тарту тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар жалпы ұлттық мораль мен этиканы сақтау және тарихи әділеттілікті қайта орнату қажеттілігімен де маңызды болды. Қазақтарды тарихи отанына оралту қазақ мәдениетінің сақталуына да, қазақ тілінің еңсе көтеріп, дами түсуіне де, мемлекеттің ұлттық негіздерді сақтап қалуына да мұрындық болды.

Егемендіктің еркіндігі әлемдегі әр қазақтың отанына қайтуына ерік берді. Тарихи отанға оралған қазақтар мәдени-әлеуметтік құндылықтардың үзігін жалғап, еліміздегі қазақтардың демографиялық, ұлттық болмысына үлестерін қосуда. Көштің басталуынан бастап бүгінгі күнге дейін тарихи отанына оралған оралмандардың жалпы саны 967000 мыңнан асады. Әрі олардың басым көпшілігі өмір сүруге ыңғайлы болғандықтан елордада қоныстанған. Соның негізінде қазір мұнда ресми тіркелген қазақтар саны 605051 адамға жетіп отыр. Бұл – жалпы тұрғындардың 74,3 пайызы.

Дәуiр ауысқанда жаңа елордада өмiр сүру біздің ұрпаққа бұйырды. Бұл бұйрық – сезе бiлгенге, көре бiлгенге кемел бақыт! Еуразия кiндiгiнде өмiр сүрген, жер көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан, әлемдiк өркениет көшiне бейбiт әрi бейтарап ел болып iлескен Қазақстан астанасының келешегі бұдан да кемел. Астана – ел тағдырын шешетiн идеялар мен әлеуметтiк құндылықтарды, саяси және рухани аңсарларды жасаушы қала және сол аталған құндылықтарды нақты адамдық құбылыстарға айналдырушы әлеуметтiк кеңiстiк. Оның архитектуралық, эстетикалық, көркемдiк келбетi мен саналарға сiңiп жататын рухани-мәдени, бiлiмдiк-тәрбиелiк мазмұны мен мәнi де ерекше. Материалдық, әлеуметтiк жағдайының әркелкiлiгiне қарамастан Астана тұрғындары өзiнiң елордалық екенiн ерекше сезiммен, зор мақтаныш, ризашылықпен айта алады. Өскелең ұрпақ үшiн Астанада туу, тәрбие дарытып, бiлiм алу және еңбек ету – ерекше мәртебе.

Ендеше, осы құндылықтарға жол ашқан, елінің ертеңі мен ұрпағының жарқын келешегін көре білген Елбасының ерен еңбегін тарих ерекше бағалары сөзсіз.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 5 =