Утилизациядан ұтарымыз көп

0 129

Шілде айынан бастап елімізде ескі көліктерді жою науқаны басталады. Мерзімі өтіп, жарамсыз күйге түскен ескі көлігін арнаулы орындарға апарып тапсырғандарға шамамен 300-350 мың теңге аралығында сертификат түріндегі өтемақы беріледі. Бұл сертификатпен кез келген автокөлік салонына барасыз да қалаған тұлпарыңыз үшін алғашқы жарна ретінде төлем жасай аласыз. Қалған сомасын қолма-қол санап беріп немесе әртүрлі мерзімге несиеге рәсімдеп алуға болады.

утилизация

Қазақстандық автобизнес қауым­дас­тығының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, төленетін қаржы көлемі нарықтағы сатылып жатқан ескі көліктердің құнымен өлшенген. «Қазіргі уақытта тозығы жеткен ескі көліктердің нарықтағы құны орта есеппен 1 мың АҚШ доллары болады. Сертификаттар құнын белгілеу барысында осы көрсеткішті негізге алдық. Бұдан бұлай олардың қожайындары дилерлік орталықтарға жүгініп, көлігін утилизацияға тапсыра алады. Сол жерде оның құны жазылған сертификат беріледі. Ал жаңа көлік сатып аларда бастапқы жарна ретінде бір емес, бірнеше сертификаттың басын біріктіруге мүмкіндік бар. Берілетін сертификаттар отандық қана емес, сырттан келген автокөліктерге де жарай береді. Елімізде бұл жоба тәжірибе ретінде алғаш рет енгізіліп жатқандықтан отандық қана емес импорттық машиналарды сатып алушылардың қатысуын ұсынып отырмыз. Тек алатын көлігіңіздің құны 30-40 мың доллардан аспауы керек. Сертификаттар саны жеткілікті. Бәрін қамтуды ойлап отырмыз. Алаяқтыққа жол бермес үшін сертификаттар базасы жасалады. Сондықтан əр сертификаттың жеке нөмірі болады» дейді қауымдастық президенті Андрей Лаврентьев.

Үш зауыт салынады
Электронды түрде тіркелген барлық мәліметтер «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» деп аталатын операторлық жүйеге келіп түседі. Аталмыш жоба жыл басынан бері жұмыс істейді. Үкімет жанынан құрылған бұл оператор ескі көліктерді бөлшектеп, шикізатты қайта өңдеу жұмыстарымен айналысатын болады. Осы мақсатта елімізде автомобильдерді қабылдап, бөлшектейтін үш зауыт салынбақ. «Қазіргі кезде біз бір зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Ол еліміздің оңтүстігінде орналасуы мүмкін. Кейін тағы екі зауыт салу жоспарда бар. Ол үшін қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ескі көліктер дұрыс жолмен, қоршаған ортаға зиян келтірмей бөлшектенуі тиіс. Министрлік мұны мұқият қадағалайтын болады. Өйткені, бізде ескі көліктер өте көп» дейді Энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков. Жоспар бойынша, бұл зауыттардың біреуінің өзі жылына 40 мыңға дейін ескі көлікті қабылдайтын болады. Осылайша, алдағы бірнеше жылдың ішінде еліміздегі әбден тозығы жеткен ескі көліктердің кем дегенде 80 пайызы кәдеге жаратылады деген жоспар бар.
Әзірше бұл зауыттар бой көтеріп, іске қосылғанша көлік нарығын ескі-құсқы «салдырлақтар» мен істен шыққан көліктерді қабылдау және əрі қарай пайдаға асыру жұмыстарын «Оператор РОП» компаниясы атқара тұрмақ.

Ескі көліктің әлегі көп
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5 миллионнан астам жеңіл көлік тіркелген. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстанға шетелден 1 жарым миллионнан астам автокөлік әкелінген екен. Алайда, сол көліктердің жартысынан көбі, яғни, 60 пайызға жуығы ескірген. Керек болса, шығарылғанына 20-25, тіптен 30 жыл болған көліктер айналымда жүр.
Бұл, әрине, ең алдымен экологиямызға орасан зор зардабын тигізеді. Ескі көліктердің кесірінен елімізде ауаға жылына шамамен 200 мың тоннадан астам улы газ таралады. Қоршаған ортаға тікелей зардабынан бөлек, ескі көліктің көптігі тас жолдағы қауіпсіздікке де кесірін тигізіп отырғанын айта кету керек. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша 2016 жылдың 3 айында 3570 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл оқиғалардың көбі сол ескі көліктерге қатысты.

Сарапшылар не дейді?
Алайда, кейбір сарапшылар бұл процестің ұзақ уақытқа созылатынын айтады. Тәуелсіз автомобиль жүргізушілері одағының төрағасы Эдуард Эдоков еліміздегі ескі көліктердің барлығын қайта өңдеуден өткізу үшін 3 емес, кемінде 10 зауыт керектігін айтқан болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда ескі көлік өте көп. Барлығын утилизацияға жіберу үшін кем дегенде 10 зауыт қажет. Ел нарығын көне көліктерден толық тазарту үшін жылына кем дегенде 220 мыңнан астам астам көлікті утилизациядан өткізу керек болады екен.
Оның үстіне елімізде утилизацияға қажетті жағдай әлі қалыптаса қойды деп айта алмаймыз. Қазақстанда жыл сайын 5-6 млн тонна тұрмыстық қалдық шығарылса, оның тек 90 мың тоннасы яғни, 2 пайызы ғана қайталама шикізатқа айналады. Қалған қалдықтардың бәрі полигондарға көміледі.
Қалай болған күнде де, 2014 жылдан бері қоғам арасында қызу талқыға түсіп, мамандар тарапынан әртүрлі пікір тудырған утилизация науқаны санаулы күндерден кейін басталайын деп отыр. Бұдан, әрине, ұтатын тұстарымыз көп екені даусыз. Ушығып тұрған экологиялық мәселені айтпаған күннің өзінде жер қойнауындағы қазбалы байлықтарды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік бермек. Өйткені, бір бойында металл атаулының сан түрін жинақтап алатын 1 көлікті қайта балқытып, шикізатқа айналдырудың пайдасы да шаш етектен. Шынысы мен резеңкесі, әртүрлі химиялық құрамдағы пластмассалары тағы бар. Елімізде қоршаған ортаға орасан көлемде зиян келтіріп жатқан 4625 қоқыс полигонының жұмысы реттеліп, еңсесі көтеріледі. Сонымен қатар, утилизацияға тапсырылған ескі көліктің өзі ғана емес ішіндегі химиялық сұйықтықтар, қозғалтқыш майлары да белгілі ережеге сәйкес жойылатын болады.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 2 =