Ұстаздықты армандаған

0 214

Ұстаз есімі қашанда ұлық екені баршамызға аян. Ұстаздық жолда күні-түні талмай еңбек ететін, жүректері мейірімге толы жандарға барлық адамзат баласы қарыз шығар. Қандай мамандықтың биік шыңында жүргендердің барлығы осы ұстаздың алдынан өтеді емес пе?! Бүгінгі ұстаздық жолдың қызығы мен шыжығы қатар келген уақытта өз ісіне адал қызмет жасап жатқан жас маман туралы бірер сөз айтқанды жөн көрдім. Аттарын алтынмен жазып, келер ұрпаққа ауыз толтыра мақтана айтатын да талай ұстаздардың ұстазы бар. Сондай асылдардың дара жолын қуып, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие көрсетіп, адал қызметтің иесі болып жүрген тұлға – Анар Сәбитова.Кіндік қаны тамған жері қазақтың майталман әншісі Біржан сал атындағы аудан болса, қолына алғаш қалам ұстап, білім табалдырығын аттаған, білімнің әрбір дәнін далаға текке шашқызбай қажетіне жината білген алтын ұясы – әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішев атындағы мектеп екен. Қасиетті мамандық иесі болуына айтулы арыстардың бір әсері тигені де шынайы іспеттес. Анар алтын ұя мектебінен қанатын қатайтып, алдағы өміріне азық болар мамандығын таңдауда еш қателеспеген екен.
Қазір Анар Забиноллақызы Нұр-Сұлтан қаласы, № 31 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Анар – жас болса да, көпке үлгі болатындай жандардың бірі. Ісіне өте жауапты да тыңғылықты қарайды. Өзге ұлт өкілдері балаларына туған тілдің қадірін біліп, мемлекеттік тілге деген зор сүйіспеншілікті үйретуде талмай еңбек жасап жүргенін күнбе-күн көріп жүрміз. Күнделікті сабақтарын жаңартылған оқу бағдарамасына сәйкес қызықты да тартымды өткізеді.
Оқушыларының ұстаздарына деген алғысы мен құрметтері ерекше. Ұстаз бойынан алдында отырған әр оқушысына мейіріммен қарап, терең білім беруде көп ізденіс үстінде жүретіні байқалады. Әріптестерінің арасында да беделі жоғары. Қызмет бабында кіші демей, үлкен демей өз білгенін айта отырып, әдістемелік көмек беруде еш қарсылық жасамайтын қамқор жан.
Анардың бойынан көпшіліктен табыла бермейтін қасиеттерді тағы көресің. Байыппен сөйлеу мәдениеті, педагогке лайық киініп, салмақты жүретіні, айналасына шуақ шаша жадырап қарайтын бейнесі адам баласын сүйсіндірмей қоймайды. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – Анар ұстаздың басты міндеті.
Дана Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» деп айтқандай, Анар Забиноллақызы жас кезінен мектептегі орны бөлек апайы Бәтима Айтжанқызы сияқты мұғалім боламын деген балалық арманына қол жеткізгендей. Жаңашылдықтың қыр-сырын өз деңгейінде меңгерген ұстаз алдынан келешекте елінің көк туын биікке желбіретіп, Қазақстанның болашағы үшін білім майданында ерекше күресе білетін білімпаз шәкірттердің талайы шығатынына кәміл сенемін.

Әлия ДАЛАБАЙҚЫЗЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы,
№31 мектеп-гимназиясының мұғалімі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 16 =