ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0 148

Қалалық Білім басқармасы мен «Әділет» педагогика еңбеккерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Отбасы күні, Еңбек және Ұстаздар күндері аясында елорданың үздік 20 ұстазын марапаттау рәсімі өтті. салтанатты Шара барысында еңбек өтілдері 100 жылдан асатын еңбек әулеттерінің мүшелері мен жас тәлімгерлердің еңбегі еленді.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин ұлағатты ұстаздарды құттықтап, марапаттады. Олардың арасында Гүлбарша Бүркітбайқызы (әулеттің жалпы өтілі – 341 жыл), Ділбар Бойтемір (327 жыл), Бейбіткүл Саирова (282 жыл), Сымбат Омарова (230 жыл), Данагүл Сағынтай (200 жыл), Қамар Өтегенова (170 жыл) және Айтолқын Тоқтаған (108 жыл) бар.
– Мұғалім – мұхит тұңғиығындай терең білімді адам. Оның білігі мен білімі тайызда емес, тереңде. Ана да, дана да, ақын да, хакім де – бәрі-бәрі сол ұстаздан тәлім алады. Сондықтан ұстаздық бар мамандықтан биік. Осындай биік мамандыққа біздің әулетіміз өте үлкен үлес қосқан. Мен оны бүгінде мақтанышпен айта аламын. Біздің балаларымыз да осынау қасиетті мамандықты игереді, еліне еңбек етеді деп ойлаймын. Еңбегімді бағалап, құрмет көрсеткендері үшін Білім басқармасына алғыс айтамын, – дейді Гүлбарша Бүркітбайқызы өз әсерімен бөлісіп.
Мұғалімдерге «Құрмет грамоталарымен» бірге 100 мың теңге сомасында «Мечта» дүкенінен зат алуға сертификаттар тапсырылды.
– Бұл шара қаламыз бойынша бесінші рет өткізіліп отыр. Мақсатымыз – қаламыздағы педагогтар әулетінің абыро­йын арттыру. Осы жылы бізде еңбек өтілдері 100, 200, тіпті 300 жылдан асатын бірнеше әулет анықталды. Біз үшін тек жас мамандардың ғана емес, осындай әулеттерден шыққан ұстаздарды ұлықтау да маңызды. Олар өздерінің педагогикалық тәжірибелерін өз ата-бабалары, ата-аналары арқылы қалыптастырып, үлгі болуда. Осындай әулеттердің саны арта береді деп үміттенемін, – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Шара барысында тәжірибесі 20 жылдан асатын бір топ ұстаздар да марапатталды.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + twelve =