Ұстаз мұрасының ұлағаты

0 127

Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары ХХ ғасырдың 60-70-жылдарынан басталып, еліміз фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, ғұламаның өмірі мен шығармашылығы жайында өзекті мәселелерді көтеруші ретінде ғалым Ақжан Машанидың есімі тұратыны – заңдылық.1943 жылы Ғылым академиясының қазақ­стан­дық филиалында Чехословакиядан келген Э.Кольман деген математик-ғалым, профессор бізге баяндама жасады. Сол баяндама маған зор әсер етті. Баяндаманың негізгі мазмұны Орталық Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасыр­лардағы ғылымға қосқан үлесі туралы еді.
Орталық Азия мен Қазақстан жерінен шыққан ғалымдардың қосқан үлесін ол барынша талдап көрсетті. Әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жаухари, әл-Беруни, Ибн-Сина, Абул-Вафи, әл-Ферғани, Омар Хайям, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазин, тағы бірсыпыра адамдарды атап өтті. Еуропа елдерінің орта ғасырдағы ғылыми өрлеуіне ерекше зор әсер еткен осы адамдар екені айтылды. «Су түбінен асыл тас су толқыса шығады, ой түбінен асыл сөз ой толқыса шығады» дейді халықтың даналық мақалы. Сол шындық әл-Фарабидің ізіне түсуге маған себеп болды деп әл-Фарабидің өмір жолын мен осылай зерттеуге кірістім деді Ақжан Машани.
1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында әл-Фараби
мұраларын зерттейтін
шығармашылық топ құ­рылды, топтың жұмысына ҚР ҰҒА корреспондент-­мүшесі, философия ғы­лым­дарының докторы, про­фессор Ағын Қасымжановтың үйлестіруші болғаны көпшілікке аян.
Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен энциклопедия­лық мол ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ замандас ғалымдарының назарын өзіне аударғанын білеміз. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің әртүрлі елдеріндегі ғалымдардың еңбектерімен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір жүйелі ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын мол мұраны шартты түрде бес топқа бөлуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Фарабитанудың тағы бір үлкен саласы ретінде қалыптас­қан екінші топты ХІХ-ХХ ғасырлардағы Мысыр, Шам, Ливан, Иран және Ауған ғалымдары құрайды. Батыс зерттеушілері фарабитанудағы үшінші топтың өкілдері ретінде саналады. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топты патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар құраса, осы саланың бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады.
Қазақстандық фарабитанушылардың отандық фарабитануға қосқан үле­сіне тоқталсақ, белгілі фа­ра­битанушылардың бас­та­масымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жа­нынан құрылған шығармашылық топта И.Мұхаммед (Иран), Еуропа тілдері­нің маманы Б.Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Көбесов, араб­та­нушылар А.Иванов, К.Тәжікова, Н.Қараев сын­ды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Ғафуров және А.Сагадеев­пен байланыстар орнатылды. Осы ғылыми шығар­ма­шылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ əл-Фарабидің шығарма­шы­лығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға бағытталған зерделі зерттеулер жүзеге асырылды. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлі, Қ.Жарықбаев, Г.Шаймұханбетов, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақ­стандық фарабитанудың көкжиегін кеңейте түсті. Алғаш рет əл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Матема­тикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
1970 жылдары кеңестік қоғамның академиялық
ортасында әл-Фарабидің философиялық мұрасына ерекше қызығу­шылық арта түсті. Бір қара­ғанда, осы бір асыл мұра Орталық Азиядағы ойшылдың отанында, сондай-ақ Ресей мен бүкіл Кеңес Одағында зиялылар қауымына енді ғана белгілі бола бастаған, тың рухани дүние сияқты көрінді. Бұл қызығушылық белгілі бір дәрежеде Ресейде білім алған және академия­лық шыңдалудан өткен ортаазиялық философтардың Тұран топырағының зият­керлік келбетін жасауға деген ұмтылысынан туын­­дады. 1970 жылы Ал­ма­тыда әл-Фарабидің таң­дамалы философиялық трактаттары үзінділері тәржімаланды, одан кейін математика, әлеуметтік-­этикалық мәселелер, логика бойынша трактат­тарының үзінділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңестік идеологияның қағидаларына сәйкес жасалған философия тари­хына әл-Фарабидің қосқан үлесін қорытуға арнал­ған еңбектер жариялана бастады.
Қазақстанда әл-Фараби есімі ХХ ғасырдың 70-жылдары айрықша танымал болды. Бұл, ең алдымен, әл-Фараби ғұмырнамашыларының IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Отырарды (Фараб) оның отаны деп санауына байланысты еді. Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне және орыс тіліне аудару үшін қызу жұмыстар жүргізілді. Оның мұрасына арналған көптеген зерттеу мақалалар мен бірқатар көркем шығармалар жазылды, көшелер мен ғылыми орталықтар оның есімімен аталды. Алайда жетпісінші жылдардан кейін осы ойшылдың мұрасын зерттеу бағытында аса бір жаңалықтар болды деп айта алмаймыз. Оның үс­тіне жетпісінші жылдары жасалған еңбектер ат төбеліндей философтар мен шығыстанушыларға ғана түсінікті болды және тарих, философия бойынша жалпы білім беретін курстарға қажетті көлемде енгізілмеген еді. Әл-Фараби мұрасына кеңестік гуманитарлық ғылымның саяси-тәрбиелік аясында алдыңғы қатарға оның әлеуметтік көзқарастары шығарылды. Олар негізінен жалпы «әлем бейнесінен» алшақтықпен түсіндірілді.
70-жылдардағы кеңестік ғы­лымдағы әл-Фараби еңбектеріне қызығушылық біраз жыл өткеннен кейін ғана қайта жанданды.
Әл-Фарабидің кеңестік ғылымға қайтып оралуы жөнінде айтсақ, орыс тіліндегі «Еуропалық энциклопедияда» келтірілген материалдарға ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтарлықтай назар аударылмады. Бұл Кеңес Одағындағы гуманитарлық ғылымның дамуының бірқатар ерекшеліктеріне байланысты болды. Мысал ретінде жаңадан жасалған марксистік-лениндік ілім­нің басымдықтарына ака­демиялық пән ретінде философияның бағындырылуын атауға болады. Онда ислам философиясындағы араб-мұсылман ойшылдарының іліміне мүлде орын болмады.
«Классикалық» шығыс­тану саласында кеңестік мерзімде тарих, лингвис­тика және әдебиеттану бойынша зерттеулерге баса мән берілді. Шығыс философиясы бойынша еңбектерді зерттеу үшін шығыстанушыларға, тіпті арнайы тілдік дайындық­тан өткен мамандарға да әл-Фарабиді түсіну үшін өте қажет байырғы грек философиясы бойынша білім жетіспеді.
Еуропада философия тарихы бойынша зерттеулер жалғасып жатқан кезде, Кеңес Одағында орыстілді оқырманға аса таныс емес және Құдайды жоғарғы ақыл-ойдың сатысы және мәннің ең басты себебі ретінде түсіндіретін, өткен кезеңдегі Шығыс ойшылының мұрасына бет бұруы мүмкін емес болатын.
Мұсылмандық философиядағы әл-Фарабидің орны және араб әлеміне Аристотельдің ықпалы туралы Мадкуридің 1934 жылы Парижде шығарған еңбектерін, сондай-ақ әл-Фарабидің латын тіліндегі ортағасырлық аудармалары туралы Бедоренің (1938) және Салмонның (1939) мақалаларын да кеңестік ғалымдар бірден байқай қойған жоқ.
Әл-Фараби мұрасына ұлтшылдықпен, космополитизммен және «басқаша ойлаудың» осындай көрі­ніс­терімен күрес жөніндегі идеологиялық науқан саябырсығаннан кейін ғана бет бұра бастағанын білеміз. Бұрынғысынша, «Құдай іздеушілікпен» тығыз байланысты тақырыптар жайында сөз қоз­ғау нәтижесіз болды және теология тұрғысында мұсылман философтары еңбектері зерттеулерінің кеңестік академиялық инс­­титуттарда мақұлдануы да екіталай еді. Алай­да «парасатты ойды» іздеу барысында тәжірибе жинақтаған кеңестік ғалым­дар жаңаша «тұжырымдаудың» – пәнді оңтайландыру арқылы өз зерттеулеріне қол жеткізе алды.
Әл-Фарабидің бай философиялық мұрасына философиялық көзқарас тұрғысында «парасатты ой» ретінде, бірінші кезекте, әлеуметтік философия мәселелеріне, әлеуметтік әділдік пен жалпы игілік проблемаларына арналған шығармалар іріктелді. 1978 жылы «Үлкен Кеңестік Энциклопедия» басылымында әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарастары баяндалған мақала енгізілді: «Әлеуметтік-этикалық трактаттарында әл-Фараби билеу­ші-философ басқаратын, оған қоса имамның, діни қауымның жетекшісі міндетін атқаратын, өздері ақиқаттың «белсенді зиятынан» алатын ақиқатты образдық-символдық формада жұртшылыққа беретін «қайырымды қала» туралы ілімді дамытты. Әл-Фараби «надан қалаларды» жағымсыз адами қасиеттерді мансұқтайтын қалаларға қарсы қойды».

Жақыпбек АЛТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің
профессоры, философия ғылымдарының
докторы, әл-Фараби ғылыми зерттеу
орталығының ғылыми кеңесшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =