ҰСТАЗ КӨШТЕН ҚАЛМАСА, ҰРПАҚ ОЗАДЫ

0 1  848

Құрметті ұстаздар!
Қадірменді әріптестер!

Араға жыл салып жаңа оқу жылы қар­саңында Өздеріңізбен кезекті рет кездесіп отырмыз!
Осы күні Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл – осы заманның заңды айнасына айналған ілім мен білімнің ой салдырар кешегісі мен алдымызда тұрған межесі.
Сондықтан да мұндай басқосулар әлде­қашан бала мен мектеп, ұстаз бен ата-ана қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғалатын қордалы алаңға айналған.
Міне, сол дәстүрмен біз де Өздеріңізбен әр кездескен сайын тек өткен оқу жылын қорытындылап қана қоймай, білім саласының алыс-жақын болашағынан хабар беретін тың ой, жаңа көзқарастармен бөлі­сіп келеміз.
Ол да болса үйдегі баламызды өз дәуірінің үрдісінен қалмай, ата-анасының шынайы қол қанаты, туған елінің тарлан азаматы, әлемнің асыл адамзаты қылып өсірсек деген тілектен туған дүние.
Бұл тілек – баршамызға ортақ. Өйткені, білімділік – ол қоғамның зиялы, мәдени, даналық деңгейінің көрінісі. Ал білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Адамзатқа ортақ игілік.

Астана қаласы әкімі И.Н.Тасмағамбетовтің елорданың білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі

  

Сөз жоқ, бұл тұжырымды біз бұған дейін де айтқан болатынбыз. Дегенмен, қанша мәрте талқыланса да, бұл – мағынасы жойылмайтын, мәні жоғалмайтын мәңгілік тақырып. Себебі, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Оның өзінің заманның ағымына, дәуірдің дамуына қарай құрылымы өзгеріп, жүйесі дамып отыруы – заңдылық.

Ал енді оны игеру – айтуға оңай болғанмен, жай шаруа емес. Оқу – аса күрделі құбылыс. Ол үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет.

Бұл ретте барлық үміт – Ұстаз мойнындағы міндетте. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал Ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар.

Содан болар, Ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу – парыз. Ал олардың жағдайын жасап, жақсылығын асыру – міндет.

Біз үшін бұл мемлекеттік саясаттың ажырамас саласына айналған үлгілі үрдіс. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ұстаздар мүддесі Елбасымыздың назарынан қалт кеткен емес. Әрдайым қамқорлығына бөлеп, үнемі жағдай жасаумен келеді. Оның нәтижесі де көз алдымызда. Елордалық білім сапасының бүгінгі күні республикадағы ең үздік көрсеткіші – осының айқын айғағы.

Десе де, қай кез, қандай заман болмасын Ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, айтылар тілек те, қойылар талап та көп. Оның бастысы – осы заманғы озық білімнің, тәрбие мен тәлімнің қайнар көзі болудан шаршамау.

Ал оның жолы қандай? Өз ғасырының озық ұстазы мен озат ұрпағы кім? Ілімі мен білімі неде?

Бұл бағыттағы біздің барымыз бен жоғымыз қайсы?

Міне, баршамыз ақыл қосып, ортаға ой тастасақ, мұның бәріне тиянақты жауап табу қиын емес. Сондықтан біз жыл сайын Тамыз кеңесінен жаңашыл ой, жағымды өзгерістер күтетініміз анық.

Ендеше, бүгінгі әңгімемізді де осы тақырыптан бастасақ деген ұсыныс бар.

    

Ардақты әріптестер!
Қадірлі мұғалімдер!

Оқу жылының қарсаңындағы жыл сайынғы кездесуіміз білім берудің аса маңызды мәселелерін талқылап, мәнін ашуға тамаша мүмкіндік береді.

Осындай жүздесу идеясының өзі білім беру жүйесін дамыту қисынына дөп келеді. Бұл ашық әңгіме өрбітіп, ой-пікір алмасу қажеттілігімен өзектес, өйткені, бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе – ең күрделі мәселелердің бірі.

ХХІ ғасыр дегеніміз – бұлыңғыр «болашақ» емес. Ол әлдеқашан өз күшіне мінген. Сондықтан біздің алдымызда заңды сұрақ туындайды: мына бізге не болды? Қалай өзгердік? Таяу болашақта қандай боламыз? Әлбетте, жаңа ұрпақ буынын одан әрі дамыту жолы қандай?

Бүгінгі таңда бұл мәселелер әр қазақстандықты, ең алдымен, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты алаңдатып отыр, ол Астана мұғалімдері алдында сөйлеген сөзінде:
«ХХІ ғасыр – идеялар мен ақпараттық технологиялар бәсекелестігінің ғасыры. Сондықтан, егер қоғамда білімді адамдар жеткілікті болса, онда кез келген ноу-хау баршаға қолжетімді болады. Жаңа идеяларды туындата білуге қабілеттілік – жаһандану жағдайында кез келген елдің орнын айқындайтын нәрсе осы. Міне, сондықтан, қазақстандықтардың өскелең ұрпағы бәсекеге қабілетті білімге ие болуы керек» деген еді.

Технологиялардың қарқынды дамуы, ақпараттардың қырғындай қаптап, желдей жайлауы мемлекеттердің, экономикалық жүйелердің, қаржы нарығы мен азаматтық қоғамдардың ахуалына жойқын әсер етіп отыр.

Бізді қоршаған әлемнің осынау алып-ұшпа ахуалында табысқа жетуімізге кепілдік беретін бірден-бір шарт ілім мен білім болған және солай бола бермек. Күніне қырық құбылып, жүз түрленген мынау дүниеде білім беру ісінің алтын арқау, қызыл өзегі бұрынғысынша Мұғалім болып қала береді.

Қазіргі мұғалім, жаңа заман ұстазы… Ол қандай болуға тиіс? Өзі нені үйренуге және балаларды не нәрсеге үйретуі керек. Ол жергілікті жағдайда қалай әрекет етуге тиіс, беймағлұм жаһандық ауқымда ше?

Осы сауалдардың жауабын іздеу үшін бізге қоршаған әлемге балалардың көзімен ғана қарау керек!

Технологиялық жаңалықтарды пайдалана отырып қазіргі оқушылар бізге, ересектерге қарағанда коммуникациялар әлемінде айқын жол таба алады. Оларға бұрын кітаптар мен оқулықтардан ғана алатын ақпараттарды табудың жаңа тәсілдерінің бәрі ашық.

Мынау дүниеде инновациялардың ықпалына балалар бейім тұратындығы белгілі. Әрбір жаңа ұрпақ буыны ұстаздар алдына жаңа міндеттер қояды, тек өзінің зердесі мен білімі жаңа дәуір талабынан озық тұрған жағдайда ғана ұстаздың еңбегі жанады.

Алайда, мұғалімдердің көпшілігі өз дәуірінің білім беру жүйесінің жемісі болып қала беретіні өкінішті. Өйткені, бұл салаға өзгеріс енгізіп, жаңалық жамау – қиынның қиыны.

Әр салаға кешігіп жүру кезеңі, яки, жаңа идея мен оны өмірге енгізу арасындағы мезет тән екені мәлім. Аграрлық салада бұл кешігу ғасырға пара-пар. Индустриялық салада кешігу мезеті 50 жылға татиды. Ал, ақпарат саласында әр жарты жыл сайын өзгерістер болып жатады.

Егер біздің дәуіріміздегі нақты өндіріс пен саланың кешеуілдеуін қарастырар болсақ, ол мынадай жәйтті баян қылады екен: бұл кезең жоғары технологиялар индустриясында – 18 айды, автомобиль жасауда -25 жылды, мемлекеттік басқару ісінде – 35, білім беру саласында 50 жылды құрайды екен. Білім беру ісі бүкіл сала арасында кешеуілдеу мерзімінің ұзақтығы жөнінен екінші орын алады, сонысымен де әлемдік қоғамдастықтың ренішін тудырулы.

Мүлде жаңа ұрпақ буынын – прагматикалық ой ұстынындағы, терең рухани қалыбы бар, сөйте тұра, тотының түгіндей құбылған технологиялық әлемге тез бейімделуге қабілетті адамды қалыптастыруға тиіс мұғалімдеріміздің алдында тұрған міндет тап күрделі. Яғни, Конфуцийдің сөзін қайталап айтар болсам, мұғалім ескіні аялай отырып, жаңаға жетуге тиіс. Ол сонда ғана нағыз ҰСТАЗ бола алады!

Білім беру ісіндегі инновациялық технологияларды үнемі жетілдіре отырып, кәсіби шеберлік ендігін кеңейту – ұстаздың жоғары заманауи стандарттарға сәйкес келуіне мүмкіндік беретін бірден-бір жол.

Баланы таным әлеміне жетелеу үшін мұғалім заманауи технологиялар тілін түсініп, жетік меңгеруі, демек, оқушымен өз тілінде сөйлесе білуі қажет. Бұл өзара қарым-қатынасқа мүлде басқаша сипат дарытады, яғни, оның шәкірттер алдындағы беделін асқақтата түседі.

Бұл жаңа заман талап етіп отырған ауадай қажет дағды-машықтардың көзге көрінеу әрі қорытылған қыры ғана.

Ақпараттық технологиялар қоғамдық тұрмыстың барлық саласын қамтыған елдерде ХХІ ғасыр мұғалімінің бәсекелестік басымдығы айқын көрінеді.

Сонымен, сабақ өткізу барысында: – пайдалануды жоспарлағандықтан, дәріс оқыр кезде оқушыларыңыздың смартфондарын қосып қоюын өтіне алсаңыз;

–мұқият тексерілген әрі оқытушылардың өздері мойындаған зерттеу жобалары үшін әр алуан интернет-дереккөздерін пайдалануды талап ете білсеңіз (оқушылар тек тексерілген дереккөздерді ғана пайдаланатын мектеп сайттарын жасақтау тәжірибесі бар);

–оқушыларыңыз өзге елдердегі құрбыларымен бірлескен жобаларды атқара алса;

–сіз күн сайын мектепте болып жатқан уақиғалар туралы өз блогыңызда хабарлап отырсаңыз;

–кәсіби дамудың маңыздылығын ескере отырып, блогтарды оқып, желілік қоғамдастықтарға қосылып, твиттер жолдап, төрткүл дүниедегі адамдармен пікірталастырып отыра алсаңыз;

–әр алуан елдегі әріптестеріңізбен оқыту жоспарыңыз жөнінде ақылдаса білсеңіз;

–әдеби кейіпкерді немесе тарихи тұлғаны зерттеуді оқушылардан өтінсеңіз, олар сол адамдар атынан әлеуметтік желіде бейін жасай алса;

–сынып бөлмесінен шықпастан, интернет пен тиісті сайттар арқылы… оқушыларыңызды Луврға саяхат шегуге шақырсаңыз;

–өз оқушыларыңыздың ерекше әрі тәуір жұмыстарын бүкіл әлемге таныта алсаңыз және т.б. – нағыз осы заманғы ҰСТАЗ болғандығыңыз.

Әлбетте, бұл істе барлығы ұстаздың жаңадан жол іздеп, ақпараттық коммуникациялардың сан алуан нұсқасын пайдалана білуіне байланысты болмақ.

Интернет дәуірі дәстүрлі институттардың білім беру ісіндегі монополиясын күйретті. Білімнің арнаулы салаларына кез келгеннің қолы жететін болды. Біз кванттық компьютерлер бір мезетте бірнеше міндетті атқаратын соны технологиялық кезеңнің табалдырығын басып тұрмыз. Тіпті, көп ұзамай қазіргі техника атаулының кез келгенінен миллион, одан да көп есе шапшаң компьютерлер пайда болмақ.

«Компьютер дәуірі әлі басталған да жоқ. Біз бухгалтер шотынан сәл ғана тәуір титімдей ойыншықтарды малданып отырмыз» дейді америкалық нанотехнолог, «Хьюлетт Па (Э) кард» компаниясы кванттық зерттеулер зертханасының қызметкері Ричард Стэнли Уильямз.

2040 жылға таман машиналар секундына 100000 триллион команданы орындай алатыны ғылымға аян. Ал, бұл шамамен адам миының қабілетіне пара-пар деген сөз. Егер компьютерлік сана өзін жасаушының ақыл-есіне теңесіп жатса, не болатынын өздеріңіз пайымдап көріңіздер.

Әлемнің әйгілі футурологтары ХХІ ғасырда кез келген шығармашылық қызметін баса-көктей отырып, адамның мінез-құлқын өңдей алатын машина пайда болатынын айтады. Жасанды интеллекті жасау туралы әңгіме – Жер бетінде алғашқы тіршілік нышандары пайда болумен пара-пар уақиға. Осылайша, мына біз өте шапшаң технологиялық прогрестің қып-қысқа кезеңіндей Сингулярлық (адами зердеден басым жасанды интеллект) деп аталатын уақыт межесіне бұлтармастан жақындап келеміз.

Сингулярлық дегеніміз – адамзат тарихындағы аса елеулі уақиғалардың бірі. Бұл нанотехнологиялардың, биотехнологиялар мен жасанды интеллектінің арқасында адам санасының эволюциясы анағұрлым жоғары деңгейде әрекет ететін ақыл-ес пен ойлау сатысына жететіндей өзгеріске ұшырайды.

Сингулярлыққа жеткен кезде адамзат баласының қабілеті ғаламат болады: атомдық деңгейдегі материя құрылымын толық тізгіндеп, макродан микроға, молекулалық деңгейге дейінгі биологиялық үдерістерді жетік біліп, адамидан асқан зердеге ие болады. Қоғам мен біздің тұрмыс қалыбымыз түгелдей өзгереді.

Сонымен, таяу болашақта бізді не күтіп тұр?

1. Экзафлопстық компьютер жасалып, ол қазіргі қолданыста жүрген жүйелерден жүз есе өнікті жұмыс істейді. Осының өзі жасанды интеллектіге тікелей жол ашады.

2. Компьютерлер адам сөзінің біраз бөлігін дұрыс түсінуді үйренеді.

3. Адамдардың геномын шешу бұқаралық сипат алады. Қазірдің өзінде оның бағасы 350 мың АҚШ долларынан 299 долларға түсіп кетті, ал таяу шақта оның бәсі болмайды, мұның өзі көптеген ауру-кеселдің дауасын тауып, өмір сүруді едәуір ұзартуға мүмкіндік береді.

4. Криосақтауға, яғни, ми жасушаларын мұздай қатырып сақтауға жол ашылады.

5. Тіршілікті киборгтаумен қамтамасыз етуге;

6. Нанороботтар жәрдемімен сананы көшіру мәселесін шешу мақсатында миды киборгтауға мүмкіндік туады.

Сондықтан, фантастикалық келешек көпшілік ойлағаннан әлдеқайда таяу.

Қазіргі әлемді жоғары технология­ларсыз бөліп қарау мүмкін емес екені айдай анық әрі XXI ғасыр оны пайдаланған адамдардың, бірінші кезекте педагогтардың біліктілік деңгейін талап ететіні сөзсіз.

Ұстаздың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана білуі – оны өз кәсіби қызметінде мақсатты түрде, өз бетінше және жауапты қолдану қабілетін білдіреді және ол мынадай икемділіктерді талап етеді:

-ақпаратты жинау;

-оны өзінше түсіндіріп, мәліметтерді салыстыру, қорытындылау;

-ақпараттың маңыздылығы, тиімділігі мен пайдасы туралы ой-пікірді ортаға салу;

-оны қажеттілікке қарай бейімдеу, қайтадан әзірлеу, ойлап табу, жобалау арқылы жетілдіре түсу, т.б.

Мұның бәрі өз кезегінде:

– операциялық жүйенің интерфейсі;

– пәндік сала бойынша дидактикалық құралдарды дайындау барысында кеңселік технологияларды пайдалану;

– графикалық иллюстрацияларды дайындау техникасы;

– негізгі Интернет-сервистер мен веб-сайттарды құру технологиясы;

– сондай-ақ мультимедиа және электронды білім беру ресурстарын пайдалана білу сияқты біліктерді қажет етеді.

Ақпараттық технологияларды пайдаланбаса, белсенді өмірге араласатын мектеп түлектерін даярлау деңгейі қарқынды даму үстіндегі ғылым, техника, экономика талаптарына жауап беруде жеткіліксіз болатыны сөзсіз.

Мектептегі дәстүрлі оқыту әдісі формализм, бірөңкей икем мен машық, оқулық жаттап алудан әріге аса алмай келе жатқаны үшін әділ сынға ұшырауының себебі осында жатыр. Сонымен қатар, оқу барысындағы оралымдылықтың жоқтығы, шәкірттің зияткерлік қабілетін ашуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуі сынды жоғарыда айтылған олқылықтар білім беру сапасының жалпы құлдырау үрдісіне ұласады. Мұның бәрінің өз жөні бар!

Сол себепті, заманауи технологияларды еңбек үрдісінде қолдану көптеген мамандар үшін, оның ішінде мұғалімдер үшін үлкен қажеттілікке айналғанын тағы да атап өткім келеді.

Шын мәнінде гәп неде?

Қазір мектеп мұғалімдерінің ақпараттық-техникалық сауаттылығы өте төмен екені ешкімге жасырын емес.

Веб-сайт, гипермәтін, гиперсілтеме, видеоконференция, тэгтер топтамасы, браузер деген сияқты терминдерді естігенде, білмегендіктен тосылып, тіксініп қалады. Сондықтан тіпті қарапайым қолданушы деңгейіндегі мәселелерге келгенде мұғалімдер өзінің технологиялық сауатсыздығын әшкере қылғысы келмей бұлталақтайды.

Оның себеп-салдары түсінікті. Олар:

-мектеп басшылығы алдында техникалық жағынан шорқақ көрінуден қорқады;

-ағылшын тілін білмейді;

-оқушылар алдында біліктілігі таяз екенін көрсеткісі келмейді;

-қыр-сырын білмейтін, оның үстіне қызметтік құрылғыны бұзып алудан қорқады;

-жеме-жемге келгенде, өзіне үйреншікті, ескі, қалыптасқан әдістен шама келсе ауытқығысы келмейді.

Нәтижесінде, ұстаз деп үлгі тұтатын адамдардың ақпараттық-техникалық сауатсыздығы теріс салдарға әкеп соғады. Ол туралы тәжірибемізде тексерілген нақты сандардың өзі айтып тұр. Мәселен, 5873 елордалық мұғалімнің:

-тек 12 пайызы Интернетті, оның ішінде пәндер бойынша электронды цифрлы әдістемелік құралдарды еркін пайдалана алады;

16 пайызы компьютерді оқу үдерісінде толыққанды қолдана біледі;

-ал, 45 пайызы компьютерлік сауаттылықтың қарапайым деңгейінде қалып қойған.

Ұстаздық қарым-қабілетке талапты жоғары қоятын елорда үшін бұл мүлде жарамайды.

Сондықтан жаңа оқу жылы барысында барлық мектептерде мұғалімдердің компьютерлік сауаттылығын арттыру курстарын ұйымдастырамыз, ал оқу жылының соңында аттестациядан өткіземіз.

Аталмыш курстар мұғалімдерді:

-негізгі кеңселік бағдарламалар және сырт құрылғылармен жұмыс істеуді игеруге;

-презентацияларды жасап, редакциялауға;

-Интернет ресурстағы барлық іздеуші жүйелерді қолдануға үйретуі тиіс.

Білім басқармасына курсты ұйымдастырып, аттестация өткізудің ережесін бекітуді тапсырамын. Бұл өте маңызды. Өйткені, биыл қаладағы барлық мектептерге соңғы үлгідегі компьютерлер мен оларға сай бағдарламалық қамтулар сатып алынады. Бұған қажет қаржы қарастырылып қойды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Кадиша ДайыроваҚадиша ДАЙЫРОВА,
Назарбаев Университетінің вице-президенті:
– Орта білімді толыққанды ала алмаған адам жоғары білімді де жарытпайды. Мейлі, Назарбаев Университетінде оқыса да. Егер оқушы мектепте сапалы білім алатын болса, кейінгі оқуы да мол жеміс беретініне сенімдімін.
Назарбаев Университеті өз ісінің нағыз білгірлерін, кәсібилігі жоғары мамандарды даярлау мақсатын темірқазық етіп алды. Бүгінгі кеңестің тақырыбы да тура жолмен келе жатқанымызды айғақтайды. Күні кеше ғана жоғары білім магистрлері мен мұғалім мамандардың алғашқы легін түлетіп ұшырдық. Олар білім берудің көшбасшыларына айналғанына күмәніміз жоқ. Сондықтан орта мектептердің басшылығына айтарым, жас мамандарыңызды бізге оқуға жіберуден тартынбаңыздар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заманауи, инновациялық білімге көп көңіл бөліп келе жатыр. Ендеше, орта мектептер мен жоғары оқу орындарының мақсаты ортақ. Мектептер мен университеттер де сол мақсатқа жету үшін бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Тағы да қайталайын – Назарбаев Университеті сияқты қаржыландырылуы жақсы оқу орны да жалқы тұрғанда тиісті межемізге жеткізе алмайды. Бұл тұрғыда орта мектептер – бізге көмекші. Мектеп ұстаздары оқушыларды кедір-бұдырсыз жолмен бізге әкелсе, студенттер жоғары мектептен де жүйріктей желіп өтеді.
Үшінші жыл қатарынан Назарбаев Университеті білім көшбасшыларының еуразиялық форумын өткізіп келеді. Астана қаласы Білім басқармасын осы алаңға қатысуға шақырамын. Себебі, жоғары және орта білім көшбасшыларының басын бір арнаға тоғыстыратын осы шараның берері мол.

Майра ҚҰРМАНБАЕВАМайра ҚҰРМАНБАЕВА,
«Астана дарыны» ғылыми-практикалық орталығының директоры:
– Менен «Астанада қанша дарынды бала бар?» деп жиі сұрап жатады. «Дарынсыз бала жоқ» деп жауап беремін. Германияда және Францияда өткен халықаралық семинарларға қатыстым. Содан түйгенім, оқушыларымыздың білімі мен ұстаздарымыздың кәсібилік деңгейлері Еуропанікінен кем емес. Оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүргендігі – соның айқын дәлелі. Астаналық жеткіншектер ел ішіндегі жарыстарда да үнемі көш басында келеді. Мысалы, орталығымыз 8 жыл бұрын құрылса, сол уақыттан бері елордалық оқушылар командасы республика бойынша бірінші орынды ешкімге бермей келеді.
Әрине, түйткілдер жоқ деп айта алмаймыз. Білім берудің жаңа модельдерін құрып, орта білім жүйесін реформалауды жалғас­тыруымыз керек. Онда қойы­латын талаптарға мұғалімнің білім-білігі сай болуы тиіс.
Иманғали Нұрғалиұлы мұғалімдерге, оқушыларға және ата-аналарға арналған, білім саласындағы озық технологиялардан хабар беретін бірыңғай ақпараттық портал құру керек деген ойды айтты. Осыған толық келісемін. Бұл құрылатын болса, мүдделі адамдар әлеуметтік желіде білім берудің өзекті мәселелерін талқылай алады.
Жаңа технологияларды игерген мектептердің қауымдастығын ұйымдастырсақ игі болар еді. Бастапқыда Астанадағы озық деген жиырма мектеп оның негізіне алынса, жұмыс жүріп кетеді деп ойлаймын.
Бір кем дүние – елордалық дарынды балалардың жоғары көрсеткіштері мен жетістіктеріне қарамастан, Астанада төрт-ақ мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша біз Қарағанды мен Павлодар қалаларынан қалып келеміз.

Әсима БИМЕНДИНАӘсима БИМЕНДИНА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Жыл сайын өткізілетін Тамыз кеңесіне бірінші рет қонақ ретінде қатысып отырмын. Өзім талай­дан білетін мұғалімдер мен мектеп басшыларын көріп, өте қуа­нышты жағдайдамын. Осы басқосуда олар былтырғы атқарған жұмыс­тарының нәтижесін тамаша көрме арқылы көрсетті.
Әсіресе, ұстаздар осындай кеңесте қала әкімі не дейді екен деп елеңдеп отырады.
Шынын айтқанда, Иманғали Нұрғалиұлының сөздерін асыға күтеді. Өйткені, бәріміз де балалардың болашағын, мемлекеттің болашағын ойлаймыз. Оқу жылының алдында тапсырмалар болатыны заңды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады». Қала әкімі бүгін көптеген мәселелерді көтерді, ал ұстаздардың міндеті – айтылғандарды орындау.

Ербол ІргебайЕрбол ІРГЕБАЙ,
Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры:
– Бүгінгі Тамыз кеңесінде қала әкімі білім саласындағы күрделі проблемалардың біразын көтерді. Бірақ, солардың ішіндегі ерекшесі – мораль, адамгершілік тәрбиеге қатысты.
Айтты-айтпады, қоғам өзгеріп жатыр деп, адамның тәрбиесі мүлде шектен шығып кетті. Әрі қарай не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан өзгеге еліктемей, өзіміздің салт-дәстүрімізден, бабалар салып кеткен жолымыздан ауытқымауымыз керек.
Біз соны мақсат етіп, мектебімізде «Ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты қалыптасқан тұлғаны дамыту» атты тәжірибелік алаң жүргізіп, шәкірттерімізге қазақы тәрбиені сіңіруге тырысудамыз. Ол өте қажет те. Өйткені, балалар тұтынатын ақпараттар көп, ал бала солардан өздеріне қажеттісін ала біліп, керексізін тастау керек. Не жақсы, не жаман дегенді түсінуі тиіс.
Қазірде, әсіресе, қыз балалардың тәрбиесін қадағалау өзекті. Қыз бала – ұлттың болашағы, өзінің ұрпағына тәлім-тәрбие беретін ана.

Гүлзина ЖАДАХОВА,
№54 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің мүшесі:
– ХХІ ғасырда инновациясыз өмір сүру мүмкін емес. Өйткені, біз сағат сайын жаңғырып, күн сайын таңғалдырған заманда өмір сүрудеміз. Сөзімнің дәлелі болсын, қызым оқитын №54 мектеп-лицейде «Болашақ мектебі» жобасы жұмыс істеп келеді.
Осы жобаның пайдасын молынан көріп отырмыз. Қазір балаларымыз үшін алаңдамайтын болдық. Мектепке кірген-шыққан уақытын sмs арқылы біліп отырамыз. Оқу орнында турникеттермен бірге бейнебақылау камералары орнатылған. Мектептің ішкі тәртібі де жақсы жолға қойылған. Оның айғағы: бірде-бір оқушы бұзақы ретінде есепке қойылмаған.
Әр ата-ана электрондық жүйе арқылы жұмыс орнында отырып, баласының үлгерімі жайлы біліп, берілген тапсырмаларды қадағалап отырады. Сынып жетекшісі, пән мұғалімдері ескертпе жазатын, ата-аналармен үнемі байланыста болатын арнайы парақшаның да пайдасы мол.

 

   

Құрметті ұстаздар!

Жоғарыда айтқанымыздың барлығы қазіргі қоғамдағы адам өмірі – бұл жоғары техноло­гия­лар мен дамылсыз ақпарат нөпірі, күн сайын­ғы, секунд сайынғы өзгерістердің то­ғысын­дағы өмір еке­нін айғақтай түседі.

Заманауи болмысқа сай болуы үшін, адам іш­тей табанды, зияткер де сауатты, қиындық­тар­­ды еңсеруге қауқарлы әрі ештеңеге оңай­­лықпен мойынұсынбайтын ішкі өзегі мық­ты болуы тиіс, мұның барлығы – тек өмір мен ғылым­ның түрлі салаларынан игерген терең білімнің арқасында мүмкін.

Яғни, ол адамдарды алыстан танып, олармен ортақ тіл табыса алуы, ең бірінші кезекте түйт­кілдер мен жүйке жұқартар жағдайларға сынып кетпеуі, өзінің мінез-құлқы мен эмоциясын иге­ре алуы тиіс.

Бұл өз кезегінде заманауи білім берудің тағы бір мәселесі – психологияны жалпы мектеп пәні ретінде оқытудың айрықша маңызды екенін көрсетеді.

Егер өткенге көз салсақ, ара-тұра үзіліп қалса да, «Психология» Еуропада 1881 жылдан бері оқытылып келе жатқанын білеміз. Мы­салы, XIX ғасырда Австрия мен Германияда гим­на­зияның 8-сыныбында психологияға апта­сына 2 сағат бөлінген, Италияда 6-сыныптан бас­тап 6 сағат, ал Францияда мектеп бітіруге таяған соңғы сыныпта бақандай 8 сағат еншіленген.

Бір қызығы, оқулықтардың құрылымы бір-бірінен аумайды, барлығы да шамамен қызығу­шылық және алаңғасарлық, шығарма­шылық ой желісі немесе ойды жинақтау, ассоциация мен иллюзия сияқты категорияларды оқыт­қан. Бұл ұғымдардан бөлек тән мен жан құбы­лыстары арасындағы байланыс, сөз, пайым және еркіндік психологиясы сынды әсте терең психологиялық күйлерді қоса қарастырады.

Ал енді қазіргі таңдағы батыстық мектеп­тер­дің бірінің бағдарламасындағы тақырыптық маз­мұн туралы мысал келтірейін. Оның мазмұны мы­надай тақырыптармен сипатталады:

1. Жүзіңді «жоғалту» және кемсітушілік пен өзіңнің ішкі осалдығыңды жеңудің жолы;

2. Сезіміңді аяқесті етуді қалай көтеруге болады?

3. Фрустрацияны [лат. frustratio – опыну, сәт­сіздік, ақталмаған үміт], бойкүйездік пен депрессияны ашу-ызаға берілмей, қалай ұмытуға болады?

4. Кінәлілік сезімін, сын мен асыра мақтауды қалай қабылдау керек?

5. Өзің құралпыластар тарапынан әлімжеттік болғанда, бойды билеген қорқынышты қалай жеңуге болады?

6. Белгілі бір жағдайларда, ортада орын алатын қолайсыздық пен қауқарсыздықтан қалай құ­­тылуға болады? Мысалы: емтиханда, сұрақ­тар­ға ауызша жауап берген кезде, сауық кешінде, т.б.

7. Өзіңді басқалармен салыстыра отырып, қор сезінуден қалай арылса болады?

Байқап тұрғаныңыздай, егер сонау 19-ғасыр­дағы психология бағдар­ламасы оқушы алдында өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру міндетін қойса, заманауи курс адамдармен қарым-қатынас орнату, қоршаған ортадағы агрессиялық ықпал­дардан психологиялық тұрғыдан қорғануға үй­ретуге бағытталған.

Біздің елімізде аталмыш пәнді әуелі мақсаты мен міндетін айқындап алмай жатып, екі асығыс, бір қарбаласта енгізіп жіберді, сосын орынсыз екенін түсіндіріп жатпастан, оқу уақытын оң­тай­­ландыру желеуімен мүлде қысқартып тас­тады.

«Этика және отбасылық өмірдің психология­сы» пәнін 2009 жылға дейін 10-11 сынып оқу­­шылары аптасына 1 сағат, яғни жылына 34 сағат оқыды. Сондықтан да, біздің мек­теп­­те­ріміздегі оқушылардың психология­лық-эмо­цио­­нальдық ахуалында алаңдарлық еш­­теңе жоқтай аталмыш пәннің бағдар­лама­дан ың-шыңсыз шығара сал­ға­ны аса таң­ғала­тын жәйт емес. Бізді қай­ран қал­­дыра­ты­ны, осы пәннің қарапайым негізгі кур­сын өтпей жатып, жасөспірімдер отбасы­лық өмір­дің психологиясын қайдан ұғына қойсын?

Өспірім шақта отбасындағы қарым-қатынас түйткілдері алаңдататын сұрақтардың бірі еке­ніне дауым жоқ. Өйткені, дәл осы кезеңде бала көптеген өмірлік сауалдардың жауабын тап­пай қиналады, тығырыққа тіреледі. Сол кезде жауап іздеп интернетке жүгінеді. Ал, ол жер­дегі мәліметтің ғылыми негізді екеніне күмән көп, сондықтан да теріс түсінік қалыптастыру оңайдың оңайы.

Әлбетте, мұндай шақтарда оның рухани тіре­гі кәсіби дайындықтары жетік педагогтар пен психологтар арқылы көмек қолын созатын мектеп болуы тиіс еді.

Бірақ жоғары санатты мамандардың тапшы­лығы салдарынан бұл қазір мүмкін болмай тұр. Сол себепті, біз балаларымыздың мектептегі, мектептен тыс өміріндегі күрделі әлеуметтік проблемалар туралы жиі ауызға аламыз: бұлар – жасөспірімдер ортасында қалыптасатын қыл­мыстық оймен ауалану, нашақорлықтың өршуі, девиантты (әумесер) қылығы басым, тәр­бие­ге бағынбайтын жасөспірімдер.

Сол себепті, соңғы кезде Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың артып келе жатқанына таңғалуға болмайды. Егер 2013 жылы 25 жағдай тіркелсе, биыл бас-аяғы 7 ай­дың ішінде 53 қылмыстық әрекетке балалар мен жасөс­пірімдердің қатысы мәлім болды.

Баршамызды түңілдіретін өте траге­­дия­лық құбылыс – балалар суициді. Елор­да­мызға қа­тысты айтар болсақ, ол кәдімгідей қауіпті шекке жетіп қалды. Тек соңғы 3 жылдың өзінде 89 рет өз-өзіне қол жұмсау қарекеті тіркелді, оның ішінде 14-і қайғылы жағдаймен аяқталды.

Осынау сұмдық статистикаға күшті комму­никациялық құрал ретінде Интернеттің ықпалы зор. Өйткені ол арқылы суицид туралы ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен жер-жаһанға тарайды, ол өз кезегінде «Вертер эффектісі» теориясы бойынша басқа біреулерді басын өлімге тігуге, өз-өзіне қол салуға итермелейді.

«Вертер эффектісі» ықпал ету психология­сы­ның ең маңызды қағидаларының бірі – әлеу­­меттік дәлелдеу принципінің сипатын анық­­­тайды, яғни «Адамдар қиын жағдайға тап бол­ғанда, осыған ұқсас жәйтті басынан кешір­ген басқа адамдардың қарекетіне қарап, үстірт шешім қабылдайды». Ал, әлі оң-солын таны­маған жасөспірімнің еліктегіш-солықта­ғыш ке­ле­тінін бәріңіз жақсы білесіздер. Ғаламтор – осы тектес теріс ықпалдар мен агрессия, немесе қара­пайым жауапсыздыққа үйрететін жер.

Желілік ресурстарды талдау көрсеткендей, суицид жас қолданушылардың көпшілігінің арасында жиі ізделетін тақырыпқа айналған. Оны қалай қорқынышсыз жасаудың нұсқау­лығы, басынан өткеріп көргендердің хикаяты, тіпті онда мұңдас серік табуға да болады екен.

«Google» іздеу серверіне «Суицид» сөзін енгізген кезде шыққан алғашқы 20 нәтиже былай боп шықты:

шамамен 60 пайызы – суицидтің ықтимал себептерін баяндаған, елдер, жынысы, жасы бойынша статистика келтірген жалпылама бейтарап ақпарат;

20 пайызы – суицидке итермелейтін жағдайларды оң шешу мақсатында кеңесі мен көмегімен беретін сайттар;

Қалған 10 пайызы – суицид пен оны жасау­дың әдіс-амалдарын насихаттау жасырын түрде болса да көрініс табатын сайттар мен форумдар;

Біздің тәжірибеге келетін болсақ, оқушы­лар арасында жүргізілген әлеуметтік сауална­маның нәтижесі суицидтің теріс фактор­лары­ның бірі – «үл­кендер тарапынан түсін­­беушілік», оның ішін­­де мұғалімдер тарапынан жасалатын қысым еке­нін көрсетті. Мұндай пікірді сұрау салынған оқушылардың 35 пайызы қостайды.
Осынау дабыл қағарлық жағдай мектеп бағдар­ламасына психология пәнін енгізу өте қауырт әрі маңызды мәселе екенін көрсетеді. Бұл ата-аналарға, жалпы қоғамға балаларымызды деморализациядан қорғап, әлеуметтік ортада салмақты, саналы ұрпақ өсіруімізге септігін тигізуі тиіс. Оның ішінде, бала үшін өмірлік маңызы бар мынадай тақырыптарға айрықша маңыз артылады.

– ата-анамен, мұғаліммен, құрбылармен қарым-қаты­настағы коммуникативтік дағ­дыны дамыту;

– агрессия, дөрекілік пен қаталдықтың теріс қылық екенін түсіндіру;

– өзін-өзі бағалай білуді үйрету, өйткені торы­ғудан бастап суицидке дейінгі барлық мәселе оқу­шының ғазиз басын қор сезінуден туындайды;

– Интернеттегі қауіпсіз қарым-қатынас;

Бір кездері, әлгінде айтқанымдай, бұл пән мек­теп бағдарламасынан шығып қалған. Ал оны штат­тағы мектеп психологтарымен алмас­тыруға тырысудың, тәжірибе көрсет­кендей, тиім­ділігі аз болып шықты.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, оқушы тіпті қатты мұқтаждық сезінсе де, мектеп психо­логының алдына өз еркімен бара қой­майды. Бұл жерде әдетте психологқа көрінгенді, тіпті ол адамның физиологиялық ауытқу­шылығына қатысты болса да, психикалық проблемасы бар деп сырттай мошқайтын баяғыдан бері бұзыл­май келе жатқан қоғамдық стереотип ке­дергі келтіреді. Ал маманның қарапайым жағ­дай­ларда кәсіби білікті көмек көрсете алмауы – мектеп психологтарының таяз тәжіри­бесіне тікелей қа­тысты мәселе.

Бұл бір күнде шешімін таба қояр мәселе емес екені айдай анық. Сондықтан Білім министр­лігінің назарына тәжірибелік негізде Астананың кейбір мектептеріне «Психология» пәнін ен­гізу бойынша ұсыныс жолдау керек деп есеп­теймін.

Және таяу арада орындау үшін мынадай тапсырмаларды жүктеймін:

1. Білікті практик-психологтардың қаты­суы­мен тарихи тәжірибе, қазіргі заманда маңыз­ды тақы­рыптар, дәрісті сіңірудің әдістері мен фор­масы ескерілген психологияның ортақ кіріспе курсын дайындау;

2. Күрделі дүниеауи мәселелерге байланысты жоғарғы сынып оқушылары арасында сабақтан тыс психологиялық тренингтер ұйымдастыру;

3. Ата-аналарды бала тәрбиесінде кездесетін психологиялық қиындықтарды талқылауға ерік­ті түрде белсенді тарту;

4. Жыл бойына педагог-психолог­тардың қаты­суымен әуелі мектеп директорларына, одан кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына, сынып жетекшілеріне семинар-тренинг өткізу.

Бұл бағыт бойынша іс-шара жоспарын әзір­леп, бекітуді әкім орынбасары А.Ғ.Балаева мен Білім басқармасының басшысы Э.А.Сухан­бер­диеваға тапсырамын.

Қадірменді әріптестер!

Бүгін сіздермен бірге ортаға салғым келетін ке­лесі мәселе де психологиямен өзара байланысты.

Қазіргі заманғы ақпараттық қоғамда, біз бала­­ларымыздың сана-сезімі мен мінез қалыбы ор­­нығатын түп негіз туралы ұмыта бастадық. Әң­гіме – олардың бойына мораль­дық қағида­ларды сіңіру туралы болмақ.

Тарихи дәуір ауысты, ұрпақ жаңарды, қо­ғам­дық формация өзгерді, алайда мек­теп­тің мо­раль­дық тұрғыдан тәрбиелік функция­сы сол қалпы қалды. Тек бүгінгідей ақпа­раттың жой­қын, тіпті жойдасыз ортасында мораль деген ұғым­ның көмескілене түскенін анық байқадық.

Қазіргі өмір шындығын көрсететін бір мысалды келтірейін.

Жақында интернетте мейрамхананың ал­дын­­­дағы автотұраққа қалы кілем төсеген фо­то төңірегінде қып-қызыл дау өрбіді. Оқыр­­­ман­дар­­дың 90 пайызға жуығы өз пікір­лерінде мей­рамхана қожайынының өзінше мар­­ке­тинг­тік амал жасамақшы болғанын айт­қан жоқ, кері­сінше бәрі бірауыздан мораль­дың азғындап кет­кенін айтып шулап қоя берді.

Яғни, адамдар жеке коммерциялық мақ­сатта қымбат қызмет жасаймын немесе ондайды тұ­ты­нуға жағдайым жетеді дегендей сырт­сы­ңай таныту арқылы тым ерсілеу көрініп, сөйтіп моральдың шегінен аттап кет­кенін өздері де аңғармай қалады.

Жалпы, мораль деген ұғым нені білдіреді? Қоғамдағы жалпыға ортақ құндылықтар көме­гі­мен тұлғаның өзін-өзі реттеуін осылай деп түсінеміз. Мораль жақсылық пен жаман­дық, ұждандылық пен арсыздық, әділдік пен әділет­сіздіктің ара-жігін ажырата отырып, адамгер­ші­лік көзқарас, өмірлік бағдар мен ұстаным де­геннің шет-шегін белгілейді.

Қазіргідей мақсатты түрде әсер ететін ақпа­раттық технологиялар, әсіресе, өскелең ұрпақ­тың моральдық құндылықтарын қалыптас­тыра да, бұза да алады.

Қарапайым сөзбен жеткізсек, мұны «миды атала қылу» техникасы деп атайды. Қоғам­­дағы кеселдер мен бейбастақтыққа психо­ло­гиялық әсердің нәтижесінде ет үйреніп ке­теді. Мұндай технологиялардың бірі «Овер­тон терезесі» деген атау алды.

Америкалық әлеуметтанушы Джозеф Овертон 1990 жылы қоғамның бір кездері тыйым салынған мәселелерге қатысты көзқарасын өз­герту технологиясын жасап, сипаттап берді. Овертон біраз уақыттың ішінде БАҚ арқылы сананы шырғалау технологияларын қолдану ар­қылы кез келген қоғамда қабылданбайтын құ­бы­­лыстарды байқатпастан үйреншікті нормаға ай­­налдырып жіберуге, тіпті оны заңмен бекітуге де болатынын дәлелдеді.

Бұл феномен қоғамдағы келеңсіздіктер мен қаскөйлік идеялардың өмірлік практикаға айналу механизмінің мәнін ашады. Ол былай жүзеге асады:

Бастапқыда бұрын-соңды өрескел көрі­не­тін құбылыстар талқылауға шығары­лады. Ол сөз бен ой еркіндігі, ұлт мүддесі деген сияқты уәждермен бүркемеленеді. Біраз уақыт өткеннен кейін қоғамның оған еті өліп кетеді де, кәдуілгі өте орынды, ешқандай сөкет­тігі жоқ нәрседей қабылдай бастайды. Аталмыш үрдіс ақыры тыжырына қараған құбылысты қоғамның санасы мен заңына орнықтырумен аяқталады. Ақыры аяғында, қоғам жаңа ережеге/жаңа заңға көндігеді. Бұл тұрғыдан соғыс пен концлагерлерде адамды қынадай қырған фашизмнің пайда болуын еске алсақ та жеткілікті.

Осынау технологияның ғаламдық масштабта жүзеге асуының мысалы ретінде діни ортада жүздеген жылдар бойы тыйым салынған бейәдеп жыныстық қатынастарды келтіруге болады. Ол кейбір дамыған елдерде саяси нормаға айналып қана қойған жоқ, белең алғаны сондай, АҚШ-тың Калифорния штатында бейәдеп сексуалды әуестігі барлардың жеткен жетістіктер тарихын дәріс ретінде оқытуды сенатта қолдады. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырып қалайша мың құбылта беріліп жатқанын менен жақсы білесіздер деп ойлаймын. Осы жерде орынды сауал туады: Сонда әрі қарай не болмақ?

Сонымен Овертон сипаттаған «Мүмкін­діктер терезесінің» қисыны неде? Бұл техно­ло­гияның моральдық бағдарынан адасып қалған, олардың орнын белгілі бір мүдделі күштердің жалған ұран-үндеулері басқан, яғни моральдық құндылықтары шайылып кеткен қоғамда оңайлықпен ойға келгенді орындауында.

Балаларды моральдық тұрғыдан тәрбиелеу біздің мектептер үшін неліктен төтенше маңызды деп есептеймін?

Өйткені, еліміздің қазіргі білім беру үрдісінде ол мүлдем жоқтың қасы. Кез келген сынып жетекшісі оқу жылының басында сабақтан тыс оқулардың күнтізбелік жоспарын жасайтыны белгілі. Алайда, балалармен өтілетін тақырыптарда психо-эмоционалдық жұмыстар жүргізілуі тиіс, мұғалімдер мен оқушылар арасында өзара сенімді қарым-қатынас түзілуі тиіс «сынып сағаттары», айналып келгенде оқу­шы­лардың уақытын құр босқа өлтіретін бас­қосуы сияқты өтеді.

Жүйелі жұмыс пен бақылау туралы айтпай-ақ қоялық, осы сабақтардың мәні мен маңызына ешкімнің назар аудармайтынына сенімім кәміл.

Бірқатар мектептердің тәрбие жұмыстары бойынша жоспарын сараптай отырып, олардың көпшілігі советтік сарқыншақтан тұп-тура көшіріліп алынғандай әсерде қал­дым (мысалы: «Қазақстан халқы ассамб­леясы­­ның XX cессиясындағы хаттаманы немесе БҰҰ-ның бала құқы жөніндегі Конвенциясын талқылау бойынша дөңгелек үстел» деген сияқты). Әрине, мұның бәрі маңызды, бірақ дәл осы түсінік балалар аудиториясына келің­кірей қой­май­тынына келісесіздер ғой.

Жоспарды әзірлегенде, педагогтар сабақтан тыс сағаттардың тақырыбын ортаға салып талқыламайды. Ол директордың жай ғана қол қоюымен бекітіліп кетеді. Сол себепті, барлық қала мектептеріне балаларымызды толған­дыратын маңызды тақырыптар бойынша сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын жүргізуге айрықша назар аудару керек деп есептеймін.

    

Құрметті әріптестер!

«Қазақстанға ұлтымыздың әлеуетін жаң­ғыртуға әрі жүзеге асыру үшін интеллектуалды революция қажет». Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл сөзі Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласында жүргізілген реформалардың негізі болып табылды.

Жүзеге асырылған реформалардың басты қорытындысы да сол – біз өзіміздің ұлттық білім беру жүйемізді қалыптастырып алдық.

Алайда білім беру ісі статистикалық салаға жатпайды, сондықтан реформалар тұрақты және нақты ағымдағы уақыттың талабымен үндесіп жүргізіліп отыруға тиісті. Сонымен бірге, сарапшылардың пікірінше, білім беру үдерісінде кейбір тиімсіз жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, соның бірі деп мына бір жайды айтуға болады. Олардың бағалауынша, білім беру саласын заманауи қалыпқа келтіру жөніндегі жекелеген әрекеттер МЖББС-ға (мемлекеттік жалпы міндетті білім берудің стандарты) әртүрлі үлгідегі өзгерістер енгізумен ғана шектеліп қалған.

Айталық, бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті оқытылатын 17 мектептік бағдарлама бар, ал көптеген дамыған елдерде олардың саны 8-10 бағдарламадан аспайды. Міне, осындай жағдайға байланысты жоғары сынып оқушыларының апталық жүктемесі 169 са­ғатқа дейін көтеріліп отыр (кәсіпорын жұ­мысшыларына апталық норма 42 сағат болып саналады). Осылай бола тұра оқу­шылардың психологиялық және жас ерек­шеліктері тіптен ескерілмеген.

Осылайша, жіберілген қателіктер мынандай нәтижелерге жеткізіп отыр: «Білім беру технопаркі» ғылыми-енгізу орталығының биыл жүргізген зерттеуінің бағалауы бойынша еліміздегі мектептерде ЖББМС орындалуы 15-20 пайыздан аспайды. Мүмкін олай да емес шығар, бірақ мәселе басқада болып тұр, атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептердегі оқыту жоспарлары өз уақытындағы өзекті білім беру үшін қажетті болатын икемділікке ие бола алмай отыр. Солай бола тұра, күнделікті практикада пайдаланып жүрген икемделу әрекеттері жақсы нәтижесін көрсетпей қоймайды. Оның қарапайым ғана мысалы – білім әзірлігі басым түлектерді дайындайтын қазақ-түрік лицейлері жүйесі. Әрине, олар оқушыларды алдын ала сынақтан өткізіп, үздіктерді таңдап алатыны белгілі. Дегенмен, бұл жерде тек таңдау ғана жасалып қоймайтыны, сонымен қатар танымдық жағынан да ерекшелік бар екенін айтуға тиіспіз. Тұтастай айтқанда, әңгіме әдістеменің ерекшелігі жөнінде болмақ.

– 7-11 сынып оқушылары математика, информатика, физика, биология, химия пәндері бойынша қосымша оқыту бағдарламасы бойынша оқытылады;

7 сыныптан бастап жаратылыстану-ғылыми циклдағы пәндер ағылшын тілінде тереңдетіліп оқытылады;

– оқыту үдерісінде жобалау технологиясы пайдаланылады (PBL – Project – Based Learninq – жобалар негізінде нақты тақырыпты үйрету);

– тұрақты тәуелсіз мониторинг жүргізу, соның ішінде барлық пәндерден жылына 4 рет тестілеу өткізу және жылына 2 рет олимпиада өткізу.

Қазақ-түрік лицейлерінде жылына 2 рет тестілеу әдісі бойынша мұғалімдерді аттестациядан өткізудің тиімді жүйесі енгізілген. Бұған қарағанда, қатардағы мектептердің мұғалімдері 5 жылда бір-ақ рет аттестациядан өтеді, оның өзінде қағаз жүзінде десе де болады.

Менің ойымша, мұндай практика біз үшін пайдалы болуға тиіс, өйткені мұғалімдерді аттестациядан өткізу мәселесі мұғалімдер корпусының біліктілігін көтеріп, жалпы сапаны жақсартуға әсер етері сөзсіз.

Енді осы айтқанымыздан қандай қорытынды шығаруға болады, менің ойымша, осы кезеңде қалалық білім беру жүйесі алдында және мұғалімдер қауымы алдында мынандай мақсат-міндеттер қойылады:

– мұғалімдердің пән бойынша біліктілік деңгейін нақтылы көтеру мақсатында аттестациядан өткізудің әділетті тетігін және мұғалімдерді қайта даярлау бойынша тәуелсіз құрылымның қатысуымен тұрақты тестілеу жүргізу механизмін дайындау қажет.

– Білім басқармасы жетекші педагог-практиктерді қатыстырып, Қазақ-түрік лицейлері жүйесінің тәжірибесін талқылап-талдап және оқытудың озық әдістемелерін біртіндеп қалалық мектептерге енгізу жөніндегі ұсыныстарын әзірлесін.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Білім басқармасына осы мәселелер бойын­ша жұмыс жүргізіп, 1 қазанға дейін ұсы­ныстарын жеткізуді тапсырамын.

    

Құрметті жиналысқа қатысушылар!

Енді астаналық білім беру саласының материалдық-техникалық базасы туралы мәселеге тоқталғым келеді.

Өздеріңіз білесіздер, Астана өте қарқынды дамып келеді. Тамаша нысандар, оның ішінде, конференция басында көрсетілгендей, жаңа мектептер бой көтеруде. Қала тұрғындары үшін және олардың балаларын оқыту үшін жан-жақты қолайлы жағдайлар жасалуда. Әрине, осының бәрі елордамызды басқа аймақтардың тұрғындары алдында тек жағымды жағынан көрсетеді. Сол тартымдылықтың бір айғағы деп айтуға болатын шығар, Астанаға жыл сайын 40 мыңнан 60 мыңға дейін адамдар көшіп келіп жатады.

Әрине, бұл жағдай қаланың әлеуметтік саласына, бірінші кезекте білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіретіні сөзсіз. Соның салдарынан болар, соңғы екі жылда бізде үш ауысымда оқыту проблемасы пайда болды. Осы жөнінде Астананы әрі қарай дамыту бойынша өткізілген жиналыста Мемлекет басшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәселе көтеріп және қала бас­шылығына жақын арада осы жағдайды оңтайлы өзгерту бойынша нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте қазіргі жағдайымызды айтар болсақ, бүгінде қалада 5 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп келеді. Биыл 11 жаңа мектеп пайдалануға беріледі, соның нәтижесінде үш мектепте үш ауы­сымдық оқыту доғарылады. Ал 2015 жылы тағы да 9 жаңа мектеп іске қосылып, қалған екі мектептегі мәселе түбегейлі шешілетін болады. Жалпы білім беру мекемелеріндегі тығыздық мәселесі алдағы уақыттарда да жалғаса бермек.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі орта-кәсіби білім беруге де ерекше мән беріп отыр. Бүгінгі таңда Астанада әр­түрлі мамандықтарға бағытталған 12 мем­­лекеттік орта-кәсіби білім мекемелері жұ­мыс жүргізеді. Осында даярланатын маман­дардың тең жартысы өндіріске қажетті техникалық мамандар болып оқытылады. Осы салада экономиканың өзектілігіне қарай және қаланың еңбек рыногы сұранысына орай біртіндеп техникалық кәсіпті игеруге басымдық беріле бастағаны байқалады. Сондықтан да 2017 жылы 4 жаңа колледж пайдалануға берілетіні жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 800 орынға арналған екі құрылыс, 800 орынға арналған бір энергетика және 1200 орынға арналған бір техникалық кәсіп колледждері іске қосылмақ.

Тағы бір талқылауды қажет ететін өзекті мәселе бар. Бұл – мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру саласы.

Бүгінгі таңда қаламызда 33 мыңнан астам бала балабақшада тәрбие алып жүр. Ал 2012 жылға дейін туған 40 мыңнан астам бала кезекте тұр. Осы орайда 2020 жылға дейін осы проблеманы шешу үшін, яғни балаларды бала бақшамен қамтамасыз ету үшін біз 100 нысан салуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасын осылайша орындамақпыз.

Бұл өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан келесі жылғы Тамыз конфе­ренция­сының тақырыбын осы мәселеге арнауды ұсынамын.

   

Құрметті мұғалімдер!

Бұрын Тамыз кеңестерінде біз «экономика білімі», оқушылардың кәсіби бағдары, технологиялық ізденістер тақырыптарын қозғап, көптеген мектептік әдістемелерге жүгініп, оларды тиімді пайдаланудың жолдарын қарас­тырып, басқа да қат-қабат мәселелерді ой­лас­тырған болатынбыз. Осының бәрі айналып келгенде, ХХІ ғасырдағы білім берудің тұтастай сипатын қалыптастырып қана қоймай, мынандай жаңа форматтағы талаптарды алға тартады:

• білім беру үдерісін біліктілікпен ұйым­дастыру;

• ғылымның инновациялық жетістіктерін креативті көрсете білу;

• Жаңа технологияларды тиімді игеру;

• оқу материалдарын берудің қазіргі заманғы формалары мен әдістемелерін меңгеру;

• өзін-өзі тану және өзін-өзі дамытуға қызы­ғушылықты көтеру;

• қорытындысында білім алу барысында алған білімін алдағы өмірінде қолдана білу.

Астана қаласының білім беру саласында айтарлықтай жетістіктер өте көп. Осының бәрі астаналық мұғалімдер қауымының жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында болып жатқан табыстар екені сөзсіз. Енді, мен осы аса маңызды әрі қиын және де ең мәртебелі мамандық иесі атанып жүрген бірқатар үздік мұғалімдердің есімін атағым келеді. Олар осы залда отырған шығар деп ойлаймын.

1. Ташенова Майра Жәлелқызы – №60 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі. Шәкірті Тамерлан Кирибаев үш республикалық пән олимпиадаларының жүлдегері болған, сондай-ақ 2014 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық Менделеев олимпиадасында да олжалы болған.

2. Тұрғамбекова Алма Базарбайқызы – №62 мектеп-лицейдің география пәні мұғалімі. Шәкірті Тамерлан Кәкен екі республикалық пән олимпиадасында жүлдегер атанып, Жапонияда география пәні бойынша өткен Халықаралық олимпиаданың сертификатына ие болған.

3. Анисифирова Татьяна Григорьевна – №6 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі. Шәкірті Руслан Полищук 2014 жылы республикалық Президенттік олимпиаданың жеңімпазы, сонымен қатар математика пәнінен өткен екі республикалық олимпиадаларда жүлдегерлер қатарынан көрінген.

4. Дүйсенова Гүлшара Қадырбекқызы – №38 мектеп-лицейдің физика пәні мұғалімі. Шәкірті Айдана Ғайниқызы халықаралық және республикалық ғылыми конкурстарда бірінші орынға ие болған.

5. Қасенова Гүлнар Жұмабайқызы – №54 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі. Шәкірті Жәния Диханбай халықаралық және республикалық ғылыми конкурстарда жеңімпаз атанған.

6. Елмұрзаева Айжан Есенәлиқызы – №66 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі. Шәкірті Динара Өскенбаева ғылыми жобалардың Халық­аралық олимпиадасында және республикалық конкурста бірінші орынға ие болған.

     

Құрметті әріптестерім!

Сіздермен бірге қаламыздың барлық педа­гогикалық ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтағым келеді және баршаңызға өте жауапкершілікті жұмыстарыңызда табысты болуларыңызға тілектестігімді білдіремін.

Біздің халқымыз «Ұстаздық ету – талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп» деп, мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытады.

Ендеше, сөз соңында баршаңызды алда келе жатқан Білім күнімен шын жүректен құттықтап, игілікті істеріңізге табыс тілегім келеді.

Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =