©2020 Астана Ақшамы
Ұстаз ғана жауапты ма?
Терең білімнің тізгінін ұстайтын еркін елдің ұрпағын тәрбиелеу бесіктен басталады. Баланы тар мағынада мұғалім тәрбиелейді, кең мағынада өмір тәрбиелейді дейміз. Сондықтан, тәрбиеге жауапты тек ұстаздар деп ойлайтын ата-аналар қателеседі.
Бала тәрбиесіне қатысты мәселе туындаса, тек ұстаздың мойнына жүктеп, мәселе туындаған сәтте мектепке аудара салуды, өкінішке қарай, ата-аналар әдетке айналдырған. Алайда, тәрбие жалпыға ортақ деп ойлаймын. Адам өзінің табиғи қажеттілігін іске асыруды, қалыптасуын, дамуын тәрбие деп мойындаған. Ежелгі грек ғалымы Платонның өзі «ата-ана баласына білім мен тәрбие беруге міндетті» деп айтқан.
Балаға дұрыс тәрбие беру керек. Оқушыға мектептегі тәртіп пен мұғалімнің ұйымдастырған тәрбие жұмысы әсер етеді. Осы ретте үйдегі ата-ананың да мектеппен тығыз қарым-қатынаста болғаны едәуір көмек. Бүгінгі қоғамда баласының мектептегі тәрбиесіне, оқу үлгеріміне мән бермейтін ата-аналар да кездеседі. Олар үшін бәріне жауапты – ұстаз. Бала тәрбиесіне бақылау жасағанымыз абзал. Бір-бірімізге сілтемей, ата-ана мен ұстаз бірлесіп жұмыс атқарған жағдайда ғана нағыз патриот болашақты тәрбиелей аламыз. Егемен еліміздің болашағын, қазақ халқының тілін, дінін, тарихы мен салт-дәстүрін сақтайтын ұрпақ тәрбиелеу мектеп пен ата-ананың негізгі міндеті екенін қайталап айтқым келеді.
Жұлдыз ЕЛЕУОВА,
№31 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі