Ұстаз еткен ұстаздары

0 64

Ол – қарапайым ауыл мектебінің түлегі. Ұстаздарына қарап ұстаз болуды армандаған кешегі оқушы. Мамандығын жан-тәнімен сүйіп, кітапханада талай таңын атырған бұрынғы студент. Қазір мектептің бөлшегіне айналып отырған ұлағатты ұстаз. Біз бүгін еліміздегі «Ең үздік педагог», Нұр-Сұлтан қаласындағы № 66 мектеп-лицейдің математика және информатика пәні мұғалімі Сандуғаш Парманова туралы сөз етеміз.

15 жылдық еңбек өтілі бар Сандуғаш Қуанышбекқызы «Үздік педагог» сайысына қатарынан үш жыл қатысқан. Алайда бабы келіссе де, бармақтай бақ жетпей осыған дейін талай тауы шағылды. Кейіпкеріміз алған бетінен қайтқан жоқ. Табандылығы мен маңдай терінің арқасында еңбегі еленіп, еліміздегі «мен» деген 150-ге жуық мұғалімдер арасынан оза шауып бәйге алды. Көптен күткен жақсы жаңалықты естігенде Сандуғаш Парманова ең бірінші туыс-туғандарынан сүйіншілеген.
Сандуғаш Парманова Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Саcтөбе елді мекенінде көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Қуанышбек мырза қолөнер шебері болса да, ай сайынғы табысының белгілі бір бөлігін қыздарына арнап, соңғы шыққан кітаптарды әкеліп отырған. Осылайша, апалы-сіңлі Пармановалар мектепке бармай жатып-ақ кітаптарға қызығып, мұғалім болып ойнай бастайды. Бала күнгі ойындары бүгінгі өмірінде орындалып, бесеуі де еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздық қызмет етуде.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» депті Абай. Кейіп­керіміз жеткен жетістіктерім мен ұстаз болып қалыптасуым ұлағатты ұстаздарымнан алған өнегемнің арқасы деп біледі. «Ұстаздар менің ұстазымдай болу керек. Бұл – жай сөз емес, жүрек сөзім. Өмірлік ұстаздарым ата-анам болса, кәсіби маман етіп дайындаған ұстаздарым – Айтжан Ермұханқызы, Нұрша Алжанбайқызы және көп әдістемені үйреткен Баянғали Ғалымжанұлы. Мен осы кісілерге қарап бой түзедім, қалыптастым. Ұстаз болудың ұлылығына да көз жеткіздім» деді Сандуғаш Қуанышбекқызы.

Індетті жұқтырып  алудан қорықпады

Үлкендер баласына: «Мұғалім бол, дәрігер бол. Өлмейсің» деп бата беріп, жол нұсқап жатушы еді. Осы екі өлмейтін мамандықтың қадір-қасиетін де басымызға іс түскен шақта сезіндік. Аты жаман індет халық үшін денсаулықтан кейін мектептің керек екенін ұқтырғандай. Баламызбен үйде қамалып жатқанда «білімсіз қала ма екен» деп қорыққанымыз да рас. Сол сәтте «Балапан» арнасынан мұғалімдер көмекке келді. Сандуғаш Парманова да алдыңғы шептен табылды. Оның қоңыр дауысы мен тартымды келбетіне қарап диктор деп ойлап қалуыңыз да мүмкін. «Әдістеме – тірі ағза, ол үнемі жаңарып, жасарып түлеп отырады. Сол әдістемемді жетілдіру үшін үздіксіз ізденемін. Іздеп тапқанымды сабақта қолданып, білім беру мен білім алу арасындағы қып-қызыл еңбекті байқаймын, қорытамын, іштей саралаймын, кейде мұңайып кейде марқаямын. Осындай көңіл-күйдің әсерімен жүріп, аяқ астынан елге келген індет кезінде онлайн оқытуға бар күш-жігерімді аямай жұмсадым. «Індетті жұқтырып аламын-ау», «денсаулығым өзіме керек-ау», «байқаусызда ауру жұқтырып алсам, өмірдің заңдылықтарынан бейхабар қызыма кім қарайды?» деген ойлар менде болмапты. Тек теледидардан сабақтарымды өзім көріп отырғанда ғана жүрегім атойлап, көмейіме өксік тығылып, жанарыма тоқтаусыз ып-ыстық жас келді. Сүйген кәсібінен адам баласы басына қандай қиын жағдай туса да безіне алмайды екен. Соны ұқтым» дейді мұғалім.
Сандуғаш Қуанышбекқызының басты мақсаты – педагог атына кір келтірмеу. Кейіп­керімізден:
– Жас маман Сандуғаш 15 жыл ішінде өзгерді ме? – деп сұрадық.
– Кәсіби жағынан тәжірибе жинағаным болмаса, жас кездегі құлшынысым әлі де қайнап тұр, – деп жымиды.
Ұстаздың алғашқы шәкірттері бүгінде шетелдердегі және еліміздегі беделді жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салада табысты еңбек етуде. Соңғы жылдары Сандуғаш Парманованың 200-ден астам шәкірті олимпиада жүлдегері атанып үлгерген. Білікті мұғалім жақында ғана «Алгебра әлемі» атты 7-сыныпқа арналған оқу кешенін шығарды.
«Мен сабақ беріп тұрған сәттерімде неге екенін білмеймін, отбасым барын, олардың әртүрлі жағдайын, өзімнің аздап ауырып жүргенімді, пәтерақы төлеу керек екенін, бәрін ұмытып кетемін. Ал сабақ бітіп үйге қайтып бара жатқанда, бүкіл проблема ойға орала бастайды. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін… Маған жеке мәселелерімнен гөрі сабақтың мәселесі шешілгені маңызды сияқты көрінеді. Сабақтарым біткенде ғана тіршілікпен бетпе-бет келемін. Жан дүниені ұмытып, сабақ берудің ғажабын сезіну дүниедегі ең керемет сезімдердің бірі дер едім. Меніңше, баланың жан-дүниесін білмеген адам мұғалім бола алмайды. Мұғалімге періштенің ниеті, тәуіптің көзі, ақынның жүрегі, суретшінің қиялы қажет! Менің жүрегімнен үнемі «Арзан абырой жинаймын деп орға құлама!», «Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйлас­тықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ!» деген көнеден қалған аталы сөздер төгіле береді, төгіле береді. Себебі оны тегім мен дала заңы, ұстаздарым санама жылдар бойы құйып өсірді. Содан ба, менің жүрегімдегі педагог қалыбы осындай» деді Сандуғаш Парманова.

Сабақты өмірмен  байланыстырады

Математика көп баланың оң жамбасына келетін пән емес. Бірақ ұстаздық жолда жүрген математиктің айтуынша, ең алдымен баланың қызығушылығын анықтап алу керек. Мысалы, балаңыз мәнерлеп сырғанауға қатысса, сол спорттағы математиканың рөлін балаға көрсету шарт. Яғни, бұрыш жасап сырғанауын, жылдамдығын математикаға байланыстырып үйретсе ғана баланың қызығушылығы оянады. Бұл – Сандуғаш Қуанышбекқызының басты әдістемесі. «Мен математика және информатика пәндерін оқыта жүріп, сабақтардың формасын мүлдем өзгерттім. Осы пәндердің қазіргі ғылыми жетістіктерін үнемі сабаққа апарамын. Қазіргі таңда онлайн сабақтың бірнеше түрін жай уақытта да тәжірибеме енгізуді жоспарлап отырмын. Өз бетімен білім алу дағдысын қолданатын оқушы қалыптастыру менің бірінші мақсатыма айналды» дейді ұстаз.
Үйінде өз баласын, түзде ел баласын оқытып жүрген мұғалім бәріне уақыт табады. Спортпен де айналысады, кітап та жазады, шәкірттерін олимпиадаға да дайындайды.
«Мені педагог ретінде үлгерімі төмен, әлеуметтік жағдайы ­нашарлау оқушылардың ішкі әлемі үнемі мазалайды. Не ойлап, ­не сезінетінін біліп, мейірімге бөлеп, жүрегіне шоқ тастап, жұмбақ әлемге жетелегім келеді. Педагог ретінде мен қазіргі жағдайға емес, алдағы он-жиырма жылға дайын ұрпақты жасауға бар күшімді ­салып жүрмін. Үйде балаларымның, мектепте оқушыларымның ішкі үнін естуге ұмтыламын. Достық қарым-қатынаста оқытуға өзімді біраз жаттықтырдым. Тым қаталдық қатыгездікке әкелуі мүмкін екенін түсіндім. Ертеңгі күннің сынақтарына төтеп беретін білім көшбасшыларын бүгін дайындау керек екенін ұғып, әрекетке көштім. «Қателіктер жасасын» принципін қолданып жүрмін, ол дамудың алғышарты болатынына көзім жетті. «Мен сияқты жаса!» ­принципінің қате екенін мойындадым» деді Сандуғаш Қуанышбекқызы.
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Әр шәкіртін үлкен өмірге үкілі үмітпен аттандыратын Сандуғаш Парманова сынды ­ұс­таз­дарымыздың еңбегі көпке үлгі.

Көктем ҚАРҚЫН 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + thirteen =