Ұстаз деген – ұлы мамандық

0 102

Искакова Күлзира Ыдырысқызы 1977 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы, кафедра меңгеруші, Біліктілікті жетілдіру институтының директоры, Біліктілікті жетілдіру және сырттай білім беру факультетінің деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 2008 жылдан Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, тарих және саясаттану кафедрасының доценті «Тарих» мамандығы бойынша академиялық профессор, Қазақстан Республикасы БҒМ тарих және қоғамдық пәндер академиясының академигі.

– Менің ойымша, кез келген адам мұғалім бола алмайды. Себебі ұстаз – тағылымы терең тұлға. Әрі ол бар мамандықтың қыры мен сырын жетік білетін маман иесі. Ал ондай сегіз қырлы бір сырлы болу кез келген адамның қолынан келе бермейді.
Олай болса, ұлағатты ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, білікті біліммен бірге қажырлы еңбек бірге ұштасу қажет. Яғни, ұстаз мамандығы ең асыл, ең қасиетті, ең қадірлі адам, дүниедегі мамандықтың төресі деу­ге болады. Сондықтан да мұғалім болу оңай іс емес. Күлзира Ыдырысқызы, осы қиындықтарды біле тұра, мұғалім мамандығын неге таңдадыңыз?
– Мұғалім мамандығы маған бала кезімнен ұнады. Кішкентай кезімізде көрші құрбы қыздармен бірге «мұғалім», «дәрігер» болып ойнайтынбыз. Оның үстіне, шешем және үлкен апайым мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Анам – алғашқы ұстазым, бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін оқытты. Қай қыз бала болсын ең әуелі шешесіне еліктейді ғой, кейін мамандық таңдауда анамның өмір жолы, еңбек тәжірибесі, адами қасиеттері маған үлгі болды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, өмірлік ұстанымым – анам сияқты адал, еңбекқор, елге сыйлы ұстаз болу болды.
– Жоғары оқу орнына түсерде қиындық көрдіңіз бе?
– Білімді ұстаздарымның, әрі мектепте жақсы оқығанымның арқасында жоғары оқу орнына түсерде қиындық көргенім жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақмола қаласындағы Абай атындағы № 8 мектепте оқыдым. Ал 1966 жылы сегізінші сыныпты тәмәмдағаннан кейін осы қаладағы № 4 Жамбыл атындағы жалғыз онжылдық қазақ мектебіне түстім. Оны 1968 жылы бітіріп шықтым.
Сол жылы арман арқалап еліміздің әсем қаласы Алматыға С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне бақ сынауға келдім. ҚазМУ-дың тарих факультетіне бір орынға 23 адам үміткер екен. Сәті түсіп, бағым жанып төрт пәннен тапсырған емтиханнан «бес» деген баға алып, тарих факультетіне түскен 25 адамның қатарында мен де студент атандым.
Бұл өмірімнің ең бақытты шақтарының бірі еді. Мен сол сәтте өзімді оқытқан ұстаздарыма шексіз рақметімді айтамын. Бірінші сыныптан оқытқан анам Сарқыт мұғалім, тарихшы – Ақлима Оспанова, тіл маманы – Дариға Болатова, физик – Қорлан Айтжанова, химик – Еңлік Бектембаева, орыс тілінен Мария Яковлевна Нұртаева сынды жоғары деңгейлі маман-педагогтардың алдын көрдім. Осы ұстаздарымның берген білімдері оқуға түсуіме үлкен көмек болды.
Ал өмірімде ерекше орын алған ұстазым, әрі сынып жетекшім Баянбай Құсайынұлы болды. Ол өткізген тарих пен қоғамтану сабақтары әлі күнге дейін ұмытылмай, көкірегімізде сайрап тұр. 9 және 10-сыныпта жаңа заман мен қазіргі заман тарихы жүретін. Ұстазымыздың осы кезеңдерге байланысты ұлт-азаттық көтеріліс басшылары Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, қазақ ағартушылары Абай, Ыбырай, Шоқан туралы сабақ жүргізгенде тек тарих оқулығында жазылған жайларды ғана айтып қоймай, дәрісін әдеби әңгімелермен толықтырып, жандандырып айтатын.
Баянбай ағамыз тарихты жүрегімен сезініп, өз көзімен көргендей, өз өмірін баяндап тұрғандай оқушыларға түсінікті, әсерлі етіп жеткізетін. Біздер, ол кісінің шәкірттері ұстаз ағамыз баяндап тұрған тарихи оқиғаларға қатысып жүргендей, көз алдымызға елестетіп, ұйып тыңдап, үлкен әсер алып, бірде қуанып, мақтанып, бірде өкініп терең ойға қалатынбыз. Кейін ҚазМУ-дың тарих факультетінің студенті ретінде Алматының №12 қазақ мектебінде тәжірибе алмасуға барғанымда Баянбай ұстазымыз бен басқа мұғалімдердің айтқан мысалдарын келтіріп, практикадан «өте жақсы» деген баға алдым. Маған сабақ берген ұстаздардың арқасында жоғары оқу орнына түскенде де, кейін мектеп мұғалімі, университеттің оқытушысы қызметін атқарғанда еш қиындық көрген жоқпын. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер емес екен.
– 1973 жылы алғашқы ұстаздық жолыңыз басталды. Қиын болды ма?
– Сол жылы ҚазМУ-ды бітіріп, жолдамамен Талдықорғанның педагогика институтына оқытушылық қызметке келдім. Келесі жылы маған қалаға жақын жердегі Киров ауданының Ленин колхозындағы орта мектептің тарих және қоғамтану мұғалімі қызметі ұсынылды. Колхозда мен барған жылы жаңа мектептің ғимараты салынып, ашылды.
Ленин атындағы колхозда өмірлік бақытымды да таптым. Осы жерде тұрмысқа шығып, үлкен ұлымыз туды. Әке-шешемнің жағдайына байланысты үш жылдан кейін сол кездегі Целиноград қаласына отбасымызбен көшіп келдік.
– Әр оқушы мен студенттің келешегі, тіпті адамдардың болашағы ұстаздардың қолында екені белгілі. Тәуелсіз ел атанып, көк байрағымыз­ды Ту етіп, Қазақ елін бүкіл әлемге танытуында да ұстаздардың қосып жатқан үлесі орасан. Қазіргі таңдағы мұғалімдер мен сіздердің кездеріңіздегі ұстаздардың арасында қандай айырмашылық бар?
– Айта қаларлықтай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» демекші, шын көңілімен мұғалім боламын деп мамандыққа адал қарайтын ұстаздар бұрын да болған, қазір де баршылық. Мұғалім мамандығын таңдайтындарда ұстаздыққа шын бейімділігі, икемділігі болуы керек.
Ұстаздыққа кездейсоқ келген адамдар өздерін де, білім алушыларды да босқа қинап, ақыры басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Өкінішке қарай, қазіргі мұғалімдердің кейбіреулері күн көру, ақша табу үшін мектепке келеді деп ойлаймын.
Ал менің жастық шағым­дағы мұғалімдер өте білімді, адамгершілігі мен рухани байлығы зор, өздері романтик жандар еді. Осы жасыма келгенше әлденеше рет жасы ұлғайған ұстаздардың: «Маған жалақы төлемесе де, жұмыс істей бергім келеді» деген сөздерін естідім.
– Ұстаз деген ұлы ма­ман­дықтың беделін түсір­меу үшін не істеуіміз керек?
– Бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін іс деп ойлаймын. Өткен ғасырда бүкіл қоғамның жас-кәрісі ұстаздарға бас иіп, қатты сыйлайтын. Үлкендер жастарға: «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Қазір мұғалім жұмысының ауқымы жыл өткен сайын көбейіп, жалақысы азайып келеді. Олардың әлеуметтік жағдайы да шешілер емес. Моральдік жағынан да ең интеллектуалды еңбек мамандарын марапаттау көңілге қонымсыз. Ғылым және білім кезекті министрі уәдені бірнеше қапқа сиятындай етіп береді де, жартылай орындап, өзі ауысып кетеді.
– Қанша ғылыми еңбек жаздыңыз. Атақтан да құралақан емессіз. Сонда да зейнет жасыңызда үйде тыныш отырмай, қоғамдық жұмыспен айналысып, өзіңіз қызмет атқарған университетте Ардагерлер кеңесін басқарып отырсыз. Оның себебі неде?
– Меніңше, адам негізгі қызметінен тыс қоғамдық жұмыспен айналысқаны да жөн. Өмірге адам болып келген соң, қоғамға да қызмет жасауың керек.
2015 жылы Ардагерлер кеңесінің төрайымы қызметіне университет ардагерлерінің жалпы жиналысында бірауыз­дан сайландым. Бұл тұрғыда Сансызбай Сейтжанұлы Есілов басқарып отырған қалалық Ардагерлер кеңесінің қызметін ерекше атап өтуім керек. Ардагерлермен жақынырақ араласу өз басыма тек жақсы эмоциялар мен көңіл тыныштығын, мінезім мен қимыл-әрекеттеріме ойлана қарауға әкелді. Кезінде лауазымды қызмет атқарған зейнеткерлер даңдайсымай, кеуделерін соқпай, басқа да түрлі қызмет атқарған әлеуметтік топ адамдары кішіпейіл­ділікпен, сыпайылықпен қоғамға, елге, ұлтқа қажет жұмыстарды бірлесе жүргізуі – нағыз «әдемі қартаю».
– Мазмұнды, сүбелі сұхбатыңызға көп рахмет! Бүгінгі жастарға береріңіз таусылмасын! Аман болайық!

Сұхбаттасқан
Ғалия Балтабай,
«Құрмет» орденінің иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =