ҰСТАЗ БІЛІМІМЕН ҒАНА ЕМЕС, КИІМІМЕН ДЕ ҰНАМДЫ БОЛСА…

0 538

Жаңа оқу жылы басталғалы бері Астана көшелерінде әдемі форма киген балалар көбейді. Ерекше көз тартатын киім үлгілеріне қарап-ақ олардың бір мектепте оқитындықтарын аңғару қиын емес. Тек ұстаздар әзірге мектептің ішкі талаптарына сай киініп жүр.

2006 жылдан бастап елімізде бірыңғай мектеп формасына көшу туралы заң қабылданғаннан кейін мектеп формасы бір жүйеге келтірілді. Бүгінде Астанадағы 29 білім ордасы бірыңғай мектеп формасына көшті. Дегенмен, жалпыға бірдей мектеп формасы белгіленген жоқ. Әр мектеп өз ерекше­лік­те­ріне қарай, киім үлгі­лерін ойлап табуда. Сала маман­дарының айтуын­ша, алдағы уақытта елор­да­да­ғы барлық мемлекеттік мектептің оқушылары бірыңғай форма киеді. Бұл ретте әр мектептің өз дизайны болады.

Сексенінші жылдардың бас кезінде ер балалар мектепке қара костюм-шалбар мен ақ көйлек киетін. Пио-нерлер – қызыл галстук, комсомолдар кеуделеріне жұлдызша тағынса, қыз балалар қызыл-қоңыр түсті көйлек пен қара фартук киіп, шаштарына бантик байлап жүретін. Тек мереке күндері олардың ақ бантик тағып, ақ фартук киюі міндетті болып саналатын. Соған қарап балаларда сал­танатты шара немесе ашық сабақ өтетінін бі­ліп отыратынбыз. Ол кез­­де сақина, сырға, са­ғат тағу, аса қымбат киім киіп, ерек­шелену деген мүлде бол­ған жоқ. Қазір де оқу­шы­ларды, әсіресе, жоғары сыныпта оқитын қыз ба­ла­лар­ды осы қалыптан шығар­мау керек.

Мектеп формасы оқу­шыға да, мұғалімге де қа­жет. Себебі, ұстаздың сырт киімі бала санасына тіке­лей әсер етеді. Жастарды былай қойып, тіпті, жасы үлкен ұстаздардың өзі бет-бейнесіне сай келмейтін киім кисе, оқушы алдында қадірі болмайтыны белгілі. Бұл ретте бүгінгінің мұға­лімдері ақпараттық технологияны меңгерген, жан-жақты, жаңашыл жан болуымен қатар сыртқы бейнесі де сол талаптарға сай болуы тиіс. Себебі, ұстаз оқу-біліммен қатар бойындағы бар жиған-тергенін оқушының санасына сіңдіреді. Осы орай­­да ұстаздың ұстаз еке­ні сыр­тынан, киімінен көрі­ніп тұруы керек. Мысалы, патша үкіметінің кезінде гимназия мұғалімдері оқушылардан дараланып тұруы үшін арнайы форма киіп жүретін болған. Сол форманы киіп келе жатқанда көшеде кездес-кен адамдар оның ұстаз екенін бірден біліп, ерекше құрмет көрсетеді екен. Сол секілді бүгінгінің ба­ла­­лары да ұстазға ілти­пат­­пен қарауы тиіс. Сон­дық­тан, бүгінде мұға­лім­дердің бірыңғай фор­маға көшкені жөн. Киген киімінен ұстаз екені бі­лініп тұрса, халық оған ерекше құрметпен, ықы­лас­пен қарамай ма?!

Ұстаз дегенде көз алды­мызға ішкі білім, ой-өрісі сырт­қы тұлғасымен ас­тас­қан парасат иесі елес­­тей­тіні анық. Осы орай­да оқушының ұста­зы­на деген құрметіне селкеу түсірмейтіндей, эстети­калық тұрғыдан жоғары деңгейдегі, ұстаз бойына қонымды, әрі сәнді көрінетін киім үлгісі бол­са және ол ұлттық құн­ды­лық­тармен астасып жатса дейміз ғой. Әри­не, әйел мұғалімнің шал­бар ки­ге­нін ешкім де құпта­майды, сондықтан, оларға ақ кофта мен біртүсті сарафан не юбка-костюм қандай жарасар еді. Ал киімнің үлгісі мен түсін ұстаздардың өздері таңдаулары керек. Ең бастысы, киімдерінің омырауы, етек-жеңі жи­нақы болып, бәрі бірдей бір түспен киінбей-ақ, белгілі бір талаптарға сай, тәртіппен киінсе деген ой сананы сығалайды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,
g.okesh@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =