«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстамы берік азамат

0 10

Осы жасыма дейін талай тамаша адамдармен танысып, етене араласып, қызметтес болдым. Оңаша отырғанда, кейде сол күндер ойға оралады. Солардың жарқын мінездері, жарасымды әзіл-әңгімелері, асыл азаматтардың бейнелері көз алдымнан кетер емес. Солардың бірі Жамбыл облысында дүниеге келіп, байтақ Қазақстанның түрлі аймақтарында жемісті еңбек еткен, қазір аға буынның өкілі атанған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған замандасым әрі досым Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы Шәкенов дер едім.

5555

Менің Мұқаңмен танысуым Астана қалалық Ардагерлер кеңесіне мүше болудан басталды. Оған бірден-бір себепші болған сол жылдары (2008 ж.) қалалық Ардагерлер кеңесіне басшылық жасаған белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Алпысбеков еді. Бір күні мені өзіне шақырған Қуаныш сөзді турасынан бастады.

– Мәке, халқымыздың мақтанышы Жұмабек Тәшенев туралы зерттеу жұмысыңыз және қоғамымыздағы түрлі өзгерістерге байланысты көзқарасыңыз маған ұнайды, сіздің белсенділігіңіз біздің Ардагерлер кеңесіне өте қажет, соған мүше болсаңыз. – Біздің ортамызда есімдері елге танымал азаматтар жеткілікті, олармен бірте-бірте таныса жатарсыз деп біраз адамдардың аты-жөндерін атады. Солардың ішінде Мұхамбетқасым Шәкеновтің есімі жадымда берік сақталды.

Содан бері Мұқаңмен түрлі жиындарда кездесіп жүргенмен жақын таныса қойған жоқпын. Жақын танысуымыз Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Астанадағы ескерткіштерді қорғау және күту жөніндегі қоғамдық комиссияға мені төраға етіп сайлаудан басталды. Комиссия мүшелерінің ішінде Мұқаң осы саланы терең білетіндігімен және білгірлігімен ерекшеленді. Кейіннен білдім, Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы 1991 жылдары Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қоғамды басқарған екен. Мұқаңның осы саладағы бай тәжірибесі біздің комиссия­ның жұмысын жандандыруға бірден-бір себепші болды. Содан бері  Мұқаң екеуміздің арамызда рухани жақындық орнады, өмір мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты біздің көзқарастарымыз бір арнадан шығып жатты. Енді ойлап отырсам, мен Мұқаңды баяғыдан бері білетін болып шықтым.

Мұқаңның өмірбаянына қарап отырсам, ол соғыс басталған жылдары ауылда қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Оның өмірі сол жылдардағы қазақ балаларының тұрмыс-тіршілігінен бір артықшылығы жоқ. Сол кездегі қазақ отбасылары көрген жоқшылық пен таршылықтың небір азабын Мұқамбетқасымның отбасы да басынан кешірген.

Әкесі Қойшыбай Нақыпұлы мен анасы Мінай Сарыбайқызы – сауат­тарын аша алмаған, қарапайым адамдар болса да дүниетанымдары кең, балалар тәрбиесіне, олардың оқып, білім алуларына зор көңіл бөле білген асыл жандар.

Мұқаң осы жағдайды былайша еске түсіреді:

– Әбілқасым ағам әкемнің орнына әке болды. Жеңгем Шекер Ыбырайқызы екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Маған және қарындастарыма жоғары білім алуға жағдай жасады. Әкелерінен ерте қалған немере інілерім Қалмен мен Оқанды, Әбдіқалықты жұмысқа баулыды, мамандық әперді, үйлендірді. Өте мейірімді жан еді. Ағайын, жекжаттан қолдан келген жақсылығын аямайтын, жаны жомарт, кеңпейіл азамат болатын.

Шіркін, арман мен қиял деген керемет қой! Ол сені кей уақытта мүмкіндігіңе қарамай асқақтатып жібереді, кейде күтпеген жерден жардан құлата салады. Сол арманның жетегімен сегізінші сыныпты тәмамдаған Мұхамбетқасым облыс орталығы Жамбылдан бір-ақ шықты.

1959 жылы орта мектепті тәмамдаған Мұқамбетқасым әкесінің кеңесіне құлақ асып, Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсті.

Шаршап-шалдығуды білмейтін Мұқамбетқасым институттың қоғамдық жұмысына белсене атсалысты, курстың комсоргы болып, түрлі марапаттарға ие болды. Қызығы мол жалынды жастық шақ оны болашақ жары Шекерге жолықтыр­ды, олар көп ұзамай отау құрды.

Алғашқы еңбек жолын бөлімшенің қатардағы мал дәрігері мамандығынан бастаған Мұқамбетқасым институтта алған теориялық білімін іс тәжірибеде кеңінен қолдана бастады. Әрбір істің тетігін тауып, шешімін әділ, тез шығаруға тырысты. Осындай елгезектілік жас маманның абыройын арттыра түсті. Сол абыройдың арқасында Мұқамбетқасымның ендігі еңбек жолы сол кездегі комсомол ұйымдарымен байланысты болды. Жастар арасындағы жұмысты Жамбыл облысы Жамбыл аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастады. Одан соң Жамбыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Жастар арасындағы тиянақты жұмысы бірден көзге түскен Мұқамбетқасымды жоғарылатып, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы, одан соң бөлім меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындады.

Мұқамбетқасым 1970 жылдан бастап Мәскеуге Бүкілодақтық ЛКЖО Орталық комитеті ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауысты. Үш жылдан соң М.Шәкенов жаңадан ашылған Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.

Бүгінде Мұқаң сол бір жылдарды, өзіне бағыт-бағдар берген қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековті ерекше ілтипатпен еске түсіріп отырады. Шынында да, Өзекең сияқты ұлтжанды азаматпен қоян-қолтық араласып, қызметтес болған қандай ғанибет?! Ондай қайраткердің үйретері де, одан үйренері де мол еді.

Мұқамбетқасым Шәкенов қай жерде жүрсе де жауапкершілікті жоғары қоятын, өзі өскен, қанат қаққан қасиетті өлкенің, өзі қыз­мет жасап өткен еліміздің түрлі аймақтарының арғы-бергі тарихы жөнінде мол мағлұмат бере алатын қайраткер дәрежесіне жетті.

Облыстық жастар ұйымының игілікті бастамасына облыс басшылары үнемі қолдау көрсетіп отырды. Жастарға қажетті өндірістік-әлеуметтік жағдай жасау қатаң бақылауға алынды. Тек бір ғана Ақтоғай ауданында 36 бригада құрылды. Көптеген жастар қой өсіруші жастар бригадаларына баруға тілек білдірді.

Мәдени салада жағымды өзгерістерге жол ашылды. Облыста кейін аты бүкіл елімізге жайылған «Ұлытау» атты жастар ансамблі құрылды.

Облыс басшылары да Мұқаңның қарымын жақсы білгендіктен, оны 1977 жылы халық депутаттары Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады.

Ақтоғай ауданында бір жыл істеген Мұқаңды Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатты.

М.Шәкенов сол 1979 жылы екінші рет «Еңбек Қызыл ту» орденін омырауына тақты. Ауданның экономикасы мен әлеуметтік көрсеткіштері жаңа деңгейге көтерілді. Республика басшылығы да ­М.Шәкеновтің жинақтаған мол тәжірибесін ескере отырып, 1986 жылы Торғай облыс­тық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарылатты.

Бұдан кейінгі М.Шәкеновтің қызметі оңтүстік өңірге ауысты. Ол Шымкент облысы Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды. Кейіннен Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ауданның аты Отырар болып өзгерді. Осы ауданда істеген төрт жыл да қас-қағым сәттей өте шықты. Қыруар істер тындырылды. Мұқаң басқа қызметке ауысып, Астанаға қоныс аударды.

Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап Мұқаңның қызметі басқа салаға ойысты. Республика басшылығы оны Қазақтың Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі президиумының төрағасы етіп сайлады. Бұл  Кеңес Одағының қабырғасы сөгіліп, берекесі кетіп бара жатқан өлі кезең болатын. Сол жылдарға дейін еліміздің көптеген құнды ескерткіштері еленбей, тарихи жәдігерлеріміздің көбі кім көрінгеннің қолында кеткен еді. Енді соларды түгендеп, халық кәдесіне жаратуды қолға алуды ұлтжанды, намысқой азамат М.Шәкеновке жүктеді. Бұл шаруаны оң жағына шығарғаннан кейін Мұқаң ҚР Үкіметі аппаратының аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары, одан соң бас инспекторы қызметтеріне тағайындалды. Оның себебі астананың Ақмолаға көшірілуіне байланысты Үкімет аппаратында істейтін тәжірибелі кадрларға деген сұраныс арта түскен кез еді. Тапжылмай осы жерде он екі жыл істеген Мұқаңның бай тәжірибесі көптеген түйінді мәселелердің шешімін табуда кәдеге жарап жатты.

Осылайша зейнет демалысына шыққан Мұқаң енді арқаны кеңге жайып, замандастары сияқты емін-еркін демалам деп жүргенде М.Шәкеновті сол кездегі «KEGOC» АҚ-тың президенті Алмасадам Сәтқалиев шақырып, Ұлттық компанияның кадр бөлімін басқаруын өтінді. Көп ұзамай, Ұлттық компания­ның ішкі құрылымының өзгеруіне байланысты «Энерготехпрофсоюз» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасарлығына ауысты. Осы жерде Мұқаң сегіз жыл еңбек етіп, экономиканың барлық салаларын дамытудың «локомотиві» болатын үлкен ұжымда өз қолтаңбасын қалдырды. Мемлекеттік қызметке өмірінің 52 жылын арнаған Мұқамбетқасым Шәкенов түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, бірде-бір ескерту немесе сөгіс алмай абыроймен құрметті демалысқа шықты.

Адамның бағасы халыққа істеген жақсылығымен, артында қалдырған ізімен бағланатын қағидат бар. Құдайға шүкір, Мұқаң сағынғанда бауырына қысатын, маңдайларынан иіскеп құшағына алатын ұрпақтары баршылық. Солар аман болып, атасы сияқты сыйлы азамат болып өссін деймін.

 Мейрам БАЙҒАЗИН,

Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды