«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұстамдырақ болайықшы…

Кезексөз

0 313

Қазір елімізде он бір ұлттық мереке және жиырмадан астам кәсіби мереке мен атаулы күндер бар. Құдайға шүкір, той мен қуа­ныштан кенде емеспіз. Құрсаққа біткен күнімізден бастап, қартайғанша тойлап, думандатуға себептеріміз де аз емес. Дәс­түр­лісі бар, сырттан келіп жатқан мереке, салт­тар бар – жалпы тойшыл халық екеніміз рас.

Бірақ 1 наурыз – алғыс айту күні бізге осы бір «думаншыл» мінезді қоя тұрып, ұстамдырақ болған жарасатын секілді. Оның мәнісін түсіну үшін, мерекенің тарихына үңілу жеткілікті.
2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев сонау Сталин тұсында әлемнің әр түкпірінен түрлі ұлт, ұлыс өкілдері өз ырқынсыз жер аударылып, елімізге көшіп келгенін еске алды. «Оларды мәжбүрлеп вагондарға отырғызып алып келіп, ауылдарға тас­тап кете берді. Олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырса да, қазақ халқы келімсектерді өздерінің саман үйлеріне кіргізді. Бір шатырды бөлісіп бірге тұрды. Бір үзім нанына дейін бөліп жеді» деді…
Сонымен, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған 1 наурыз елімізде «Алғыс айту күні» болып белгіленді. Бұл мерекенің АҚШ пен Канададағы 1621 жылы ағылшын колонистері бастаған Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнімен мәндес екені анық еді.
«Бұл күні елдегі барлық этностар бір-біріне мейірбандық танытып, кезінде сырттан келген адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді» дегенде де Елбасы осы мереке құрау-құрау этностарды қазақ мемлекеттілігінің ортақ мүддесіне біріктіріп, халықты бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне сенген.
2016 жылдан бері елімізде осы мереке атап өтіліп келе жатыр.
Бірақ, бұл тойда «төрде отыруға» тиіс қазақ көрінген қараға елпектеп, мерекені атап өтуде өзгелердің алдына түсіп алып, соңында босағада отыра беруге бейіл болып тұр.
Жұрт Алғыс айту күнімен бір-бірін құттықтап, мерекенің мәнін қашырып жатыр. Елдің қуанғанына қарап қуансақ та, «тойшыл» мінезіміз туралы ойлап, сәл «мұңайдық».
Әр нәрсеге сана өлшемімен қарасақ қой!
Ұстамдырақ болайықшы!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды