ҮШЖАҚТЫ КЕЛІСІМ ҮДЕСІ

0 247

Кеше қала әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында аталған комиссияның биылғы жылға арналған жоспарын бекіту, ҚР Еңбек кодексі ережелері нормаларының орындалуы, тарифтік саясаттың негізгі бағыттары туралы сөз болды.

Астана қаласы бойынша үшжақты келісім қалалық әкімдік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және қалалық кәсіподақтар кеңесі арасында жасалады. Биылғы жылы қала деңгейіндегі 2012–2014 жылдарға арналған үшжақты келісімшартқа 2 ақпан күні қол қойылған. Жұмыс жоспары бойынша, бастауыш кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші арасындағы ұжымдық шарт назарға алынды. Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында жиі орын алатын мәселе – жалақының уақытылы төленбеуі. Өткен төрт айдың өзінде дәл осындай шағыммен тиісті орындарға 637 шағым келіп түскен.

Жиын барысында, қылмысты бо­лып, жазасын өтеп, түрмеден босаған азаматтардың қоғамға сіңісіп, әлеуметтік тұрғыда бейімделуі мәселесі қаралды. Бұл орайда, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева, қазірге дейін 11 адам еңбекпен қамту мекемелеріне барып, жұмысқа орналастырылған болса, соңғы айларда тағы 26 азамат әлеуметтік бейімдеу орталығына хабарласқанын жеткізді.

«Қоғамда түрмеден шыққандарға жиі назар аударылуы керек. Олар қайда тұрып жатыр, қалай өмір сүріп жатыр, жұмысқа орналаса алды ма – бәрін анықтап, есепке алып, олардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауымыз керек», – деді Аида Балаева.

Қала әкімінің орынбасары жалпы қоғамдағы рухани тоқыраудан болатын көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кәсіподақтар жұмысшылармен, әр- түрлі мекемеде жұмыс істейтін азамат­тармен кездескенде оларға отбасы, бала тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік тұрғысында да жиі әңгіме өткізіп тұру керектігін еске салды.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 8 =