Ұшу бағасы «ұшып» барады

0 114

«Эйр Астана» iшкi рейстерге сатылатын билеттердiң бағасын қымбаттатады деп хабарлайды Tengrinews.kz тiлшiсi.

Аталған компаниядағы баспасөз қызметiнiң айтуынша, iшкi рейстермен қатынау құны орташа есеппен 16 пайызға көтерiледi екен. Өйткенi, 2011 жылы қабылданған «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiру және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заң бойынша авиациялық керосинге қойылатын бағаны мемлекет тарапынан реттеп отыру iсiн алып тастады. Бұл ұшақ отыны бағасының «ұшып» кетуiне алып келдi. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда 2012 жылы керосиннiң босату бағасы 200 пайызға шарықтап кеткен. Сөйтiп, Қазақстандағы авиаотын әлемдегi ең қымбат өнiмнiң қатарынан орын алып отыр.
«Эйр Астана» басшылары «2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы авиакомпанияның жанармайға жұмсайтын шығындары 61 пайызға ұл-ғайып, жалпы шығындар мөлшерiнiң 30 пайызын құрайды» дейдi. Бағаның күрт көтерiлiп, әуелеп кетуiнiң кесiрiнен 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында авиакомпания 10,9 миллион доллар көлемiнде зиян шеккен.
– Ұшақ билетiн қымбаттату – авиакеросин бағасының өсуiн iшiнара өтейтiн қадам әрi әуе жолмен қатынаудың бұрынғысынша қауiпсiз, сенiмдi, тұрақты болуын қамтамасыз етуге септiгiн тигiзерi сөзсiз, – дейдi «Эйр Астана» АҚ президентi Питер Фостер.
М.Ойылұлы
Әдiлбек Омаров, кәсiпкер:
– Жұмыс бабында әуе жолымен көп қатынайтын болғандықтан, әрине, ұшу бағасының «ұшып» кеткенiне мына менiң де бей-жай қарай алмайтындығым рас. Бiрақ, «себепсiз салдар болмайды» дегендей, билет бағасының қымбаттауы бекер емес. Авиажелiлердегi қызмет көрсету сапасы жетiлдiрiлiп, қатынау қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлсе болды. Мiне, сондықтан, «Эйр Астана» авиакомпаниясының басшылары болашақта басқа жағына – жолаушыларға қызмет көрсетудiң мәдениетiн жетiлдiрiп, қауiпсiздiгiн сақтауға жете көңiл бөлсе деймiн.
Нұркен:
– Онда «Эйр Астана» iшкi рейстермен қатынайтын жастарға арнайы тарифтi көбейтiп, жеңiлдiк беру жағын ойластыруға тиiс. Әсiресе, жасы 25-ке толмаған немесе 65 жастан асқан азаматтарға Наурыз мерекесiнде, Жаңа жыл кезiнде жеңiлдетiлген тарифтер белгiлесе, дұрыс болар едi. Немесе осы компанияға баламалы түрде басқа әуе тасымалымен айналысатын авиажелiлер ашу керек. Сонда ғана елiмiздегi авиа тасымал еуропалық авиажелiлер құнынан әлдеқайда арзан болып, әуе жолымен қатынайтын жолаушылар қатары молая түсер едi деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 12 =