ҮШСАЙЫС ҮЗДІКТЕРІ

0 117

Қазір бұқаралық спортқа бет бұрған жұрттың қатары көбейіп келеді. ­Оны елордалықтардың триатлон жарыстарына қатысуға ерекше ынта ­танытуынан байқауға да болады. Астанада ашылған Триатлон паркі көпшіліктің спортпен шұғылдануына таптырмайтын орынға айналды. Өткен сенбі, жексенбі күндері бұл жерде бір топ кәсіби және әуесқой спортшылар ҚР Кубогының үшінші кезеңінде бақ сынады.

news505_1-kopirovat

Спортты өмір салтына айналдырған қарапайым адамдардың сынға түсетін бір жарысы – осы триатлон. Өйткені бұл спорт түрінде қатысушылар бір емес, үш бірдей сайыстан: жүзуден, жүгіруден және веложарыс­тан жүйрік болу керек. Бір қызығы, мұндай жарыстарда кәсібилерден гөрі, әуесқойлар жиі бой көрсетеді. Мысалы, 17-18 мау­сым күндері Астанада триатлоннан өткен ҚР Кубогының алғашқы күнінде 30 кәсіби спортшы қатысса, келесі күні 120 әуесқой жарысты.

Бұл триатлон сайысын ұйым­дастыруға Қазақстан Триатлон федерациясы, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және қалалық Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы мұрындық болды.
– Астанада триатлоннан ҚР Кубогының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұған қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп. Бір триатлонда үш спорт түрі біріктірілген. Болашақта Астанада аталған спорт түріне деген қызығушылық арта түседі деп ойлаймыз, – дейді Астана әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Имашев.Қатысушылар елдің әр өңірінен жиналды. Кәсіби спортшылар суперспринттен 10 шақырым 300 метр қашықтықты бағындырды: 300 метр – жүзу, 8 шақырым – веложарыс және 2 шақырым – жүгіру.

Ал 18 маусым күні жалпы меже 25 шақырым 750 метр қашықтық бойынша спринтке кәсібилермен қатар, әуесқойлар да шықты. Қатысушылар 750 метр жүзуден, 20 шақырым веложарыс түрінен және 5 шақырым жүгіруден сынға түседі.

Суперспринтте бақ сынаған кәсібилердің арасына ұлттық құраманың жас мүшесі Дарын Қонысбаев бәрінен жүйрік болды. Одан кейінгі орынды Александр Автушко алды. Ал үздік үштікті ҚР Кубогының екінші кезеңінде көш бастаған Семен Пивоваров түйіндеді.
Қыздардан 24 спортшы жарысты. Олардың арасынан Анастасия Автушко жеңімпаз атанды. Екінші орынды Яна Морозова иеленсе, үшінші орынды Аружан Аманжолова алды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 11 =