«…ҮШІНШІ СӨЗБЕН» САХНА ЖАБЫЛАДЫ

0 143

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының Алехандро Касонаның пьесасы негізінде сахналаған «Жабайы. Үшінші сөз» қойылымы мәңгілік махаббат пен жастық тақырыбын арқау еткен.

Астананың мерейтойы – ел өмі­ріндегі ең айтулы іс-шара. Осы бір думанға толы күнді әрбір қа­зақ­стандық асыға күтуде десек, артық айтпаймыз. Өйткені, бұл күндері астаналықтар мерейлі салтанат пен ойын-сауыққа, өнер мен мәдениет туындыларына қанығып, сусындамақ.

Мереке күндері елорда мәдени іс-шаралар бағдарламаларына то­лы болмақ. Астананы мерейтойы­мен отандық мәдениет қайрат­керлерінен бөлек, шетелдік театр­лар да құттықтау үшін ат басын бұруда. Осы тұрғыда, қаладағы М.Горький атындағы мемлекеттік Орыс драма театры 28-29 маусымда жоғарыда аталған испан мелодрамасының премьерасын ұсынбақ.

Театрдың кейінгі он жылдықта шығармашылығы тасада қалған танымал испан драматургінің пьесасын таңдауы тегін емес. Се­бебі, автордың пьесалары әдемі лирикалық ноталарға, ро­ман­ти­­калық пафосқа және бүгінгі за­ман ағымымен үндесетін жас­тар­дың ішкі көңіл-күйін көрсететін уақиғаларға толы.

Қойылым таулы аймақта өскен қарапайым Паблоның шулы қала­ның алдамшы, қатыгездікке толы, өзіне таныс емес, бұрын-соңды көр­­меген ғажайып сезіммен бетпе-бет келу өмірін баян етеді. Соңында бақытқа кенелу үшін кейіпкерлер көптеген қиындықтарды өткереді. Себебі, «киімге қарап» қарсы алатын «дамыған» қала өмірінде Паб­лоны жабайы деп санайды. Ал, оның шынайылығы көптеген түсініспеушіліктер мен күлкілі оқиғаларға әкеліп соғады. Бар­лы­ғымызға аян, адамгершілік пен шынайылық қасиетті бойымызға сіңіргеннен гөрі, жақсы іс-әрекет­терге бейімделу оңай. Бірақ, адам баласы қай жерде болса да, ерте ме, кеш пе, оның санасында қарапайым бір түсінік қалыптасады. Ол өмір, өлім және махаббат деген үш сөз­ден құралады.

Қойылымның қоюшы-ре­жис­сері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекпулат Парманов, қоюшы-суретшісі – мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов. Сах­надағы шығарма көрерменге ро­мантикалық, мерекелік көңіл-күй сыйламақ. М.Горький атындағы мемлекеттік Орыс драма театры
осымен 112-маусымын аяқ­тайды.

Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 17 =