«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үшінші рет топ жарды

0 254

Жексенбінің түнінде төрткүл дүниедегі жанкүйер қауым футболға арбалды. Әлем назары Украина астанасы Киевке ауды. «Олимпийский» стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының финалында мадридтік «Реал» мен «Ливерпуль» кездесті.

Шыны керек, ойынның алғашқы жиырма минутында ағылшындық команда басымдық танытты. Мохаммед Салах қайта-қайта «Реал» қақпасына қарай шабуылдай берді. Бұл нөпірді испаниялық клубтың капитаны Серхо Рамос тоқтатты. Ол биылғы АПЛ чемпионатының сұрмергені болған египеттік Салахты қолын қайырып құлатты. Екпіндеп келе жатқан Мохаммед иығымен түсті. Ойынды жалғастырғысы келіп-ақ еді… Бірақ жарақаты жай болмай шықты. Сөйтіп, «Реал» ең басты қаупінен құтылды. Салах болса, алаңнан жылап шықты. Осы жағдайдан кейін матч түбегейлі өзгеріп шыға келді. «Реал» атқа мінді.
Ойынның 51-минутында Бензема қарсыластар қақпашысының өрес­кел қателігін пайдаланып кетіп, есепті ашып еді. Арада төрт минут өткенде Мане есепті теңестірді. Ал ойынның 64 және 83-минуттарында Гарет Бейл «Ливерпуль» қақпасына екі бірдей керемет әдемі гол соқты. Осылайша, «Реал» үшінші рет қатарынан Чемпиондар лигасының кубогын жеңіп алды. Жалпы, бұл кубокты испаниялық клуб осыған дейін әр жылдарда 10 мәрте алған болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды