Үш жапон қызы

0 140

сэйка

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының тамаша дәстүрі бар. Жыл сайын халықаралық дәрежедегі сахна саңлақтарынан құрылған  беделді комиссия үміткерлерді електен өткізіп, өнерге шын берілген шеберлерді ғана таңдап алады. Атағы жер жарған режиссерлердің классикалық спектакльдерді жаңа театрда қоюға құштарлығының бір құпиясы осында жатыр. Бұл жерде тек таланттылар ғана жиналған. Ешкім олардың ұлты мен ұлысына қарамайды.

Үш жапон қызы – Сэрина Сунагава, Сэйка Тоносаки, Марико Китамура Астанадағы бекзат өнер ордасына осындай іріктеуден кейін қабылданған балериналар. Баритон Сүндет Байғожин сынды қазақтың талантты жігітімен тағдырын байлаған Сэрина Сунагава 2004 жылы Санкт-Петербургтегі А.Я.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясын бітірген. Сегіз жыл К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында қызмет еткен. Соңғы екі жылдан бері «Астана Операның» бишісі.
– Біздің театрға жапон қыздарының алынғанын естімеген едім. Алғаш рет ана тілімде «Кон ничи ва» деп жерлестерім келіп амандасқанда өз құлағыма өзім сенбей қалдым, – дейді Сэрина.
Новосібір мемлекеттік хореографиялық колледжін бітірген Сэйка мен Марико кезінде В.Смирнов-Голованов жетекшілік ететін «Москва сити балет» тобында билеген. Күншығыс елінің арулары бір қарағанда қазақ бойжеткендерінен айнымайды. Екеуі де бидай өңді, екеуі де талдырмаш келген.
– Белгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның архитектуралық шешімдері жүзеге асқан қаланы жатсынбадым. Алайда, уақытымыздың көбі дайындықпен кетеді. Әлемдік театр корифейлерінің керемет қойылымдарына қатысу барысында бай тәжірибе жинақтаудың өзі – үлкен бақыт. Жапонияның балетін Еуропа елдерінікімен салыстыруға келмейді. Жасымыздан жеке оқытушылардан үйреніп, көбіміз шетелде білім алып, өзге театрларда білігімізді арттыруға тырысамыз, – дейді Сэйка. Құрбысы да оның бұл ойын құптайды. Токио қаласында дүниеге келген Марико «Щелкунчик» спектаклінде басты рөлде ойнаса, «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Ромео және Джульетта» спектакльдерінде жетекші партияларды сомдаған.
Дүние жүзінде балет өнерінің небір атақты мектептері бар. Олардың әйгілі өкілдері өз қолтаңбасымен сол ұшқан ұясының дәстүрін, билеу техникасын байытып отырған. Классикалық орыс балетінің де жөні бөлек. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіп келген ресейлік театрлардың бір ұшқыны қазақ жерінде қалған болатын. Соның арқасында бүгінгі қазақ балеті дүниеге келді. Елорданың ең іргелі өнер ордасында өзге ұлттардың көптеген өкілдері өнер көрсетіп, өзіндік қолтаңбаларын қалыптастыруда. Солардың бел ортасында біз жоғарыда сөз еткен үш жапон қызы да жүр.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + fourteen =