ҮШ ТОТЫ

0 168

Біз бұл қыздарды жақсы білеміз. Оларды теледидардан көріп, тыңдап жүрміз. Бірақ бұл журналистердің мемлекеттік тілді білмейтін көптеген азаматқа үлгі болып жүргеніне мән бере бермейміз. Ұлты басқа болса да, қазақ тілінде хабар жүргізіп, мемлекеттік тілді насихаттауға үлесін қосып жүрген олар ешқашан өз істері арқылы бедел жинауды не басқа да мақсаттарды көздемейді. «Мемлекеттік тілді білу – кемелденуге ұмтылатын әр азаматтың парызы» дейді олар.

Ол өз «ана тілінде» сөйлеп жүр

Тележүргізуші әрі журналист Оксана Лоскутова көрермен қауымға «қазақша сөйлейтін сары қыз» ретінде таныс. Сөйлеп қана қоймай, қазақ тілін өзінің ана тіліндей құрмет тұтатын Оксананы орыс мектебiн бiтiрдi десе, сенер ме едiңiз?! «Мен қазақтарға жақсы көрiнейiн деп солай iстеп жүрген жоқпын. Шын бiтiм-болмысым, ниетiм, тiлегiм сол. Түрiм, ұлтым орыс демесеңіз, iшкi дүнием кәдiмгi қазақ» дейді ол. Мектепте орысша оқыса да, университетте қазақша үйренуді өмірлік мұрат етіпті. Алғашқыда қиналғанымен, барынша қажымастық танытады, қайсар болады. Сөйтіп, тілін сындырады. Бейнет пен зейнет қатар жүреді емес пе? Тиісінше, қазір тертөкті қайсарлықтың жемісін көріп жүр. «Басында көп нәрсені түсінбейтінмін. Ауызекіде түсінесің де, әдеби тілге келгенде қиналасың. Лекция жазып отырғанда не жазып отырғанымды білмей отыратынмын. Келе-келе бәріне үйреніп кеттім» дейді. Қазақша сіз бен бізден артық білмесе, кем білмейтін Оксана мемлекеттік тіл арқасында ел арасында қадірлі. Ол – қазақтың тілінің құдіретіне бас иген орыс қызы. Тілін ғана емес, салты мен дәстүрін де жетік біледі. Сүйікті мерекесі – 22 наурыз. Қазақ халқының ұлттық киімін ұнатады.

Оксананың анасы – қазақ. Қазақша-орысша таза сөйлейді. Бүгінде Ақтөбе облысында тұрып жатыр. «Қан мен терді» оқып, мақал-мәтелді санаға түйген Оксана «соңғы кездері өзімді біртүрлі сезініп жүрмін. Орыс қалпымнан қалып барам, тіпті, орысша сөйлеуге ұялатын болыппын» дейді. «Дос қыздарыма барғанда, шайды толтырып құйып берсе, ренжимін. Оларда сенің қазақ екеніңді ұмытып кетіппіз деп күліп жатады.

Журналист болған соң, көптеген жиындарға барасың, сонда бір сөз қазақша айтылмайды, бірақ кілең қазақ отырады. Барлығы орысша, сол жағынан қынжыласың» деп базынасын да білдірді. Бүгінде Оксананың ұлы қазақ мекетебінде білім алып жүр.

«Мен қазақша ойлаймын»

Ағылған көліктер, сабылған адамдар. Абыр-сабыр. Осы көптің ішінде келе жатқан орыстың сары шашты, көккөз қызы да асығыс еді. Санасында – бүгінгі сабақтың тапсырмалары. Әдемі қыз кенет еңсегей бойлы ер адамды қағып өтті. Дереу сыпайылық танытып: «Кешіріңіз, ағай, кешіріңіз» деп әлек болып жатыр. Ол: «Ештеңе етпейді» деді де, бұрылып жүре берді. Бірақ екі-үш қадам аттаған соң, орыс қызының қазақша сөйлеп тұрғанын түсінді. Аң-таң. Қайта бұрылып: «Тоқта, қарындасым, бір сәт аялда» деп әлгі қыздың артынан жүгірді… Бұл ер адам сол кезде НТК телеарнасының білдей бір қызметкері болатын. Ал әлгі қыз бүгінде «Хабар» арнасының жаңалықтар қызметінің жүргізушісі Юлия Кушнарева еді. Көшеде кездейсоқ кездескен сары қыздың қазақ тілін сонша жетік меңгергеніне таң қалған ол, оны телеарнаға қызметке шақырады. Юлияның журналистика әлеміне алғашқы қадамы осылай басталған…
«Мен Алматыда туғанмен, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы нағашы жұртымда тәрбиелендім. Ол жер қазақы ауыл, ал біз жалғыз орыс отбасы болатынбыз.Үш жасымнан бастап қазақ балабақшасына бардым. Студент кезімде жұртпен «аты-жөнім – Бибігүл Қазақбаева» деп танысатынмын. Қазір таныс­тарым «тілің қазақ, өзің қазақпын дейсің, шынымен солай болса, руың қандай» деп қалжыңдап жатады. Мен оларға жақсы жауап таптым. «Менің нағашы әжемнің жұбайы – Жалайырдың жігіті. Мен сол кезде «Жалайырдың құдашасымын» деп құтыламын» дейді. Ол – қазақ тілінің майын тамызған жан. Әлем мен ел жаңалықтарын мемлекеттік тілде жеткізіп отыратын білікті маман бос уақытында кітап оқығанды, ән тыңдағанды жақсы көреді. Табиғат аясында демалғанды, саяхат жасағанды ұнатады. Әр жанрдағы кинотуындыларды жібермейді. Отандық сүйікті фильмі – «Тақиялы періште». М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогияларын жалықпай оқи береді.
«Мен үшін ана тілім – қазақ тілі. Қазіргі таңда орыс тілі – екінші тілім. Көбінесе қазақша ойлаймын. Тіпті, ойымның 90 пайызы қазақша. Сөйтіп, күнделікті өмірде қазақ тілін ғана қолданамын. Соңғы кездері менің байқағаным, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығы артып келеді. Мысалы, ең кішкентай жиенім мен сияқты қазақша таза сөйлегісі келеді, қазір қазақ балабақшасына барып жүр. Сол сияқты баласына мемлекеттік тілді үйреткісі келетін ата-аналар да көбейіп келеді», – дейді Юлия ағынан жарылып.

Оңтүстіктің Оксанасы

Бүгінде елімізде қазақшаны ана тілдерінен артық білмесе, кем білмейтін өзге ұлттың өкілдері жетерлік. Солардың ішінде, әсіресе, суырыпсалма ақын Надежда Лушникова, домбырамен қазақша әнді нақышына келтіре айтатын Татьяна Бурмистрова, әзербайжан қызы Асылы Осман сынды азаматшаларымыздың есімдерін зор құрметпен атауға болады.

Солардың ізбасары, қазақшаны туған тілімен тең дәрежеде білетіндердің бірі – «Астана» телеарнасының жүргізушісі Оксана Петерс. Күн сайын отандық телеарналардан жаңалықтар топтамасы беріледі. Жалпы, жаңалықтар топтамасының сәтті шығып, көрерменнің көңілінен орын алуы ең алдымен дикторларға байланысты. Жасыратын несі бар, әрбіріміз күн сайын кешкілік уақытта көгілдір экран алдына жайғасып, жаңалықтарға зер салғанда, ең алдымен ақпаратты жеткізуші тұлғаға мән береміз. Оксана бұл үдеден бітім-болмысымен қоса тілінің жатықтығымен де шығады. Оның қазақ тілін үйренуіне мына жағдай түрткі болыпты. Туып-өскен жері – қаймағы бұзылмаған қазақтың қайнаған ортасы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы Шолаққорған ауылы. Әкесі латыш, анасы орыс. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқып жүріп алтыншы орыс сыныбынан жетінші қазақ сыныбына ауысады. «Сабақты көше болып, көршілер болып, бәріміз бірігіп оқығанымыз есімде. Мен түсінбеген тұстарымды дәптерге түртіп, көрші үйге жүгіретінмін. «Маған мына бір жерін түсіндіріп беріңізші, оның мағынасы қандай» деп. Алғашқыда қып-қызыл шимайға толы дәптерлерімді көрген кезде көз жасым көл болатын. Сөйтсем, ештеңесі жоқ, екі жылдан кейін сыныптастарыммен бірдей сөйлеп, сайрап шыға келдім. Бұл ретте, әрине, ортаның ықпалы зор демекпін. Мектепті ылғи беске, яғни үздік бітірдім. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімдеріне зор алғысымды жеткізгім келеді, үнемі ризашылық сезіммен еске аламын ол кісілерді. Кәсіби мамандар ғой. Ұстаздық борыштарын бірінші кезекке қоятын. Адамгершіліктері мол, әрқайсысы әке-шешемдей жақын, жанашыр болып кетті. Қазір отбасымызда екі тілде қатар сөйлесеміз. Өзімнің орысшама қарағанда қазақшамның жақсы екенін мойындаймын. Достарымның барлығы дерлік қазақтар. Басымыз қосыла қалса, ән айтқанды жақсы көреміз. Маған Абайдың қара сөздері мен өлеңдері қатты ұнайды» дейді қазақ тілін шексіз құрметтейтін Оксана.

Бүгінде ел ішінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, өрістеп жатыр. «Мемлекетті тану – мемлекеттік тілден басталады» деп білген өзге ұлт өкілдері артып келеді. Тіл сындырып, елдің игілігіне жарап жатқандар Қазақстанның әр қиырында да баршылық. Біздің айтпағымыз, өзге ұлт қыздары қазақтың тіліне шыр-пыр болғаны өз тілін өгейсітіп, өзге тілде шүлдірлеген талай қазақтың намысын оятып, санасына сәуле шашсын деген ой…

«Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ» деседі халық нақылы. Тіл білгеннің арқасында бұлардың ешқайсысы марапатсыз қалған жоқ. Ел арасында беделді. Дегенмен, біздің айтпағымыз басқа еді. Қазір біз сол қазақша сайрайтын өзге ұлт өкілдерін өзіміздің “брендымыз” ретінде көріп, үлкен алқалы жиындар болғанда соларға баяндама жасатып, “Қазақ елінде тұрғасын, бұл тілді білу – менің парызым” деген әбден таптаурын болған сөздерге риза боламыз. Оған бәріміз тұрып, қол шапалақтайтынымызды қайтерсің. Осы елде тұрады екенсің, нанын жеп, суын ішеді екенсің… Неге тілін үйренбеске… Кім болсаңыз да!

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 1 =