ҮШ МЫҢЫНШЫ ҮНЖАРИЯ

0 111

Қадірлі оқырман қауым, бүгін қолдарыңызға тиіп отырған «Астана ақшамы» газеті үш мыңыншы нөмірмен шықты. Яғни, бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласының ресми баспасөз органы ретінде ел мен елордамыздың тыныс-тіршілігін үш мың мәрте жарыққа шығарып, тарихтың парағына қаттаған екен.

Газетіміздің ең алғашқы ақжолтай шығарылымы сонау 1990 жылдың 13 қазан күні оқырман қолына тиген болатын. Бұл кезде қаланың атауы әлі Целиноград еді. Дегенмен, сол кездегі қала басшылығының қолдауымен, «Тіл және мәдениет» қоғамдық ұйымы қатарындағы ұлт­жанды азаматтардың тегеурінді талабымен, газетке редактор болып тағайындалған жас журналист Кенже Жұмағұловтың табандылығымен «Ақмола ақиқаты» болып жарық көрді. Содан бері қала тіршілігімен біте қайнасып, әлеумет пен ұлттың мүддесін жақтаған ұстанымы арқылы оқырман жүрегіне жол тапқан басылымға айналды.

Қаланың елорда мәртебесін алған сәтінен бастап газеттің екінші тынысы ашыла түсті. Уақыт үрдісімен «Астана ақшамы» атанды. Газет басшылығына талап күшейді. Апталық шығарылымы да, жалпы таралымы да ұлғайды. Елбасының ерен ерлігі мен көрегендігі арқасында Есілдің жағасынан бой көтере бастаған жаңа Астананың алғашқы қадасы қалай қағылғаны, кірпіші қалай қаланғаны туралы ақжолтай ақпараттар, құрыш білек құрылысшылардың жұмыс алаңынан, саяси-мәдени шаралар сахналарынан репортаждар үздіксіз беріле бастады. Астана атанған ға­жайып құрылыстың қайнаған тірлігін жан-жақты көрсету үшін білікті журналистердің қажет болғаны да анық. Осы орайда «Астана ақшамы» газетіне республикамыздың барлық аймақтарынан қарымды қаламгерлердің келіп еңбек еткенін мақтанышпен айтуға болады. Әр жылдарда газет басшысы қызметін атқарған Жұмагүл Саухат, Мағ­жан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп сын­ды қаламгерлер астаналық басылымда айшықты іздерін қалдырды. Бүгінде әріптестер арасында «Астана ақшамы» шаңырағынан шыққан деген сөз дәстүрі де қалыптасқан. Қаншама жас журналистер осы газетте еңбек жолын бастап, бүгінде түрлі баспасөз құралдарында жемісті жұмыс істеп жүр. Ал осы газетке әр жылдарда шығармашылық жәрдем көрсету үшін келген майталман қаламгерлер Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Бауыржан Омарұлының «Астана ақшамында» қызмет істеген кездерін ыстық ілтипатпен еске алып жүретіндеріне марқайып қоямыз.

Бұл да газетте ұрпақтар сабақтастығы дәстүрі қалыптас­қанын көрсетсе керек.

Сонымен, жиырма жылдан асқан тарихы бар астаналық газеттің үш мыңыншы саны да жарыққа шықты. Олай болса, бас қаламыздың ақпараттық барометрі, қажет десеңіз, энциклопедиясына айналып отырған «Астана ақшамының» бүгінгі шығармашылық ұжымының айтары: газеттің оқыр­манмен жүздесуі ешқашан үзілмесін!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ
Kozhabek63@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 5 =