«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үш ішекті домбыра қайдан шықты?

0 698

Үш ішекті домбыраны зерттеуді алғаш бастаған ғалым Болат Сарыбаев болатын. Өткен ғасырда ол аспап туралы мәліметтерді қағаз бетіне түсіріп, бұлжытпас дәлел ретінде келтірген бірқатар деректері – қазақ ғылымы үшін аса маңызды. Бұл мағлұматтардан бүгінгі жаһандану заманында кешегі ата-бабаларымыз қолданған музыкалық аспаптар, орындалған шығармалар жайында білуге болады.

Қазақтың аспаптану саласын ғылыми не­гіз­­деп, тарихын түгендеп, қағаз бетіне түсіріп кеткен зерттеушінің еңбегі зор. Бұрын ұмытылды деген көне музыкалық аспаптарды қайта тірілтіп, жандандырып, тек
теориямен шектелмей, тә­жірибеге енгізіп кетті.
Үш ішекті домбыра – бірегей өзіндік ерекшелігі бар музыкалық аспап. Аспап жайлы мәліметті қазақтың атақты ғалымы, аспаптанушы Болат Сарыбаевтың экспедициялық материалдарында кездес­ті­руге болады. Көзі тірісінде үш ішекті домбыра туралы ол «Казахские музыкальные инструменты», «Қазақтың музыкалық аспаптары», «Қазақтың музыкалық аспаптары» (альбом) аталатын 3 кітап жазып кетті.
«Екі ішекті және үш ішекті домбыралардың көп ішекті жетігенмен және үш ішекті шертермен ұқсастығы да жоқ емес. Үш ішекті домбыра тартудың қалыптасқан дәстүрін қазақтың аспаптық творчествосы дамуының неғұрлым ертеректегі кезеңіне жатқызуға болады» дейді ғалым бір еңбегінде. Бұл ойын жан-жақты саралап, зерделеп айтып отырғаны анық.
Өйткені үш ішекті домбыраның тарихын тану үшін Алтай халықтарының музыкалық тарихына үңілген жөн. Бұл ойы­мызды Б.Сарыбаевтың келесі пікірінен оқи аламыз: «Түркі тілдес тайпалар арасында сонау бағзы заманда пайда болған музыкалық аспаптар күні бүгінге дейін сақталған. Сөйтіп, түркі тілдес халықтар арасындағы байланыс үзілмей жалғаса берген». Сондай-ақ: «Қобыз бен домбыра тек екі ішекті болған деп кесіп айту қиын. Өйткені бұрынғы кезде үш ішекті домбыра болғанына бұл күнде музыка зерттеу­шілерінің көзі жетіп отырған сияқты. Мұны табылған архивтік материалдар растай түседі» деген пікірі жас зерттеушілерге ой салары сөзсіз.
Зерттеушінің еңбегі жа­йында шәкірті Жарқын Шәкә­рімнің пікірі өте құнды деп білеміз: «Болат Сарыбаев 1965 жылдардан бастап қазақтың өткен өміріндегі аңыздары мен деректеріне сүйеніп, үш ішекті – қос бұрау домбыраның қазақтың ежелгі музыкалық аспабы екенін, тарихи тамыры тереңде жатқандығын, бағзы түркі дүниесінің мұрасы екендігін алғаш дәлелдеп берді».
Үш ішекті домбыраның орындаушылық дәстүрі жа­йында ғалым көптеген мәлімет жазып кетті. Өзіне дейін жазылған деректерді бір арнаға тоғыстырып, өзі іздеп тапқан мағлұматтармен сабақтас­тыра білді. Алғашқы болып музыкалық аспап батыс аймағында кездескені жайында ақпар келтіреді: «Трехструнные домбры встречались и на территории современной Уральской области. В 1857 году этнограф Д.Исаев, побывавший у казахов Букеевской орды, упоминает о трехструнной домбре. Различные сведения о ней также собрали этнографы А.Евреинов, А.Харузин, П.Юдин». Бұл жерден үш ішекті домбыра жайлы кездескен ең ертерек мәлімет көзі қазіргі Батыс Қазақстан облысының жеріне тиесілі. Бұл ретте ескере кететін бір мәселе бар. Жоғарыға келтірілген деректен өзге сол аймақта (Батыс Қазақстан) бұл музыкалық аспап түрі кездесті деген өзге мәлімет жоқ. Анық-қанығын табу – болашақтың еншісінде.
2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына фольклор­лық-этнографиялық экспедиция жасалды. Бірқатар өнер­паздар мен өлкетанушылардан арнайы сұрастыру жұмыстары жүргізіліп, мақаламыздың нысаны болып отырған үш ішекті домбыра туралы деректер де жазылып алынды. Солардың бірін жергілікті шежіреші Сейтомар ақсақалдан алдық: «Қайыпназар деген азамат «Тандырбап» атты күйді қырғыздың кішкентай домбырасы емес, үш ішекті қазақтың домбырасымен тартылса жақсы болар» деп ескі әңгімені жаңғыртты ақсақал. Бұл деректі негізсіз деп айта алмаймыз. Болат Сарыбаевтың еңбектерінде де бұл дерекке ұқсас мәлімет келтіреді. Бірақ аңыз үш ішекті домбыраға емес, үш ішекті шертерге қатысты: «В 1930-е годы в Бостандыкском и Жогарышыршыкском районах Чимкентской области еще были живы исполнители на шертере. Среди них особенно отличались виртуозной игрой Ашир и Заркум. Об этом сообщает писатель Рахматулла Раимкулов, который в юности слышал кюй «Тандырбап» исполнявшийся на шертере».
Болат Сарыбаевтың этнографиялық мәліметтерінде үш ішекті домбыра жайлы айтарлықтай деректер қазіргі Шығыс Қазақстан облысына арналады. Мысалға, «Үш ішекті, кейде шанағының ішіне қосымша ішектері тағы бар көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жаңа Семей аудандарында жиі кездеседі. Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған..» дей келе, аспаптың өзі және оны орындаушылар жайында келесі мәліметті оқимыз: «Ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан екен. Исраилдың өзі де бірнеше күй шығарған, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жетпеді. Қазір Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде үш ішекті домбыра сақтаулы. Олардың бірі – Исраилдың домбырасы. Ол тұтас ағаштан ойып жасалған. Бет қақпағы ағаш шегелермен бекітілген, оған тарамыс перне байланған. Екінші домбыраның шанағы бөлек-бөлек тақтайдан құрастырылған. Жоғарғы және төменгі қақпақтары фанерден жасалған. Он екі пернесі бар.
Үшінші домбыраны ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев пен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырыпты. Ол да тұтас ағаштан ойып жасалған. Ағаш шегелермен бекітілген бет қақпақта үш шағын ойық бар. Жоғарғы тиек жоқ. Мо­йынға бес перне байланған» деп жазды.
Болат Шамғалиұлы өз жазбаларында үш ішекті домбыра жайлы жазып қана қоймай, жас өнерпаздарға аталмыш аспапты меңгеруге тапсырма береді. «Бір күні Болат аға мені шақырып алып, қолыма үш ішекті домбыраны берді де, осыны үйреніп ал деп тапсырды. Содан кейін ауыл аралап, аспапта тарта алатын ақсақалдарды іздедім. Сәтін салып, бірнеше күйшімен кездесіп, үш ішекті домбыраға арналған күйлердің сарындарын үйреніп алдым. Кейін сол сарындарды күйге айналдырдым. Сол уақытта Болат Шамғалиұлы мені арнайы зерттеу жұмыстарына салмағанда, үш ішекті домбыраның жағдайы қалай болар еді…» деп еске алады Жарқын Шәкәрім.
Бұл мақаламыздың негізгі мақсаты ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты, қазақтан тұңғыш шыққан аспаптанушы Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың үш ішекті домбыраның қайта жандануына, ел ішінде насихатталуына қосқан орасан зор еңбегіне шолу болатын. Көріп отырғанымыз­дай, зерттеуші көптеген деректер қалдырып кеткен. Барлығы да өте құнды мәліметтер деп білеміз. Оның еңбектерінен үш ішекті домбыраның Қазақстанда таралу аймағы, оның орындаушылары мен күй­лері туралы тың ақпаратты табуға болады. Дегенмен әлі де Болат Сарыбаевтың өзге де дәстүрлі музыкалық аспаптардың дәріптелуіне қосқан үлесін жаза берсек, артық етпейді.

Рүстем НҮРКЕНОВ,
күйші, өнер зерттеуші

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды