Үш баланы аман алып қалды

0 103

Астана қаласының 26 жасар тұрғыны Марат Ибраевтың ерлігі елдің аузында жүр. Жас жігіт қайсарлығымен бір үлкен иттің аузынан үш баланы құтқарып қалды.

Балаларды құтқарушы Мараттың айтуынша, оқиға 26 мау­сымда Абай көшесінде болған. Сол жерге жұмыс бабымен барған Марат балалар алаңында шыңғырып, жылаған баланың дауысын естиді. Байқаса, бір үлкен иттің кішкентай қыздың аяғынан тістеп, сүйреп жүргенін көреді. Содан ойланбастан, жүгіріп келіп, әлгі итпен алыса кетеді. Ұзақ арпалыстан кейін, ит жігіттің қолынан босап шығып, келесі бір балаға шабуыл жасай­ды. Марат ол баланы да иттің азуынан босатады. Құтырған ит келесі бір балаға тап береді. Соңында ит Мараттың өзіне шабуыл жасап, киімін жыртып, талап тастайды. Артынша, кино­логтар итті қамап, алып кетеді.

Үш бірдей баланың өмірін аман алып, батылдық танытқан Марат қаладағы «Алма ТВ» мекемесінде жұмыс жасайды. Оқиға куәгерлері қайсар жігіттің әрекетіне тәнті. Зардап шеккен 7-8 жасар балалардың екеуі қазір ауруханадан шыққан, ал, біреуі ем алып жатыр.

Ал, аурухана қызметкерлерінің айтуынша, көптеген адамдар осындай жағдаймен алдарына келеді екен. Мұндай оқиғалар күн санап артып ба­рады. Қалада қаптап жүрген қаңғыбас иттер адамдарға аса қауіпті болып тұрғанын айтты.

Бүгінде жеті қазынаның біріне кіргізген ит адамға дос болмай тұр. Қысқасы, ит иттігін жасай­ды. Соның салдарынан адам­дар айықпас ауруға шалдығып, өліп те кетіп жатыр. Енді мұндай келеңсіздікпен жүйелі түрде күресу керек. Кейін бұл кесапаттың бетін қайтару қиын болып қалуы мүмкін.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =