«Үш бәйтерек» жайғасты елордаға

0 38

Биыл халқымыз «Үш бәйтерек» деп ардақ тұтқан қазақ әдебиетінің клссиктері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толып, тұғырлы тұлғалардың мерейтойлары өз дәрежесінде аталып өтті. Сол тойдың қорытындысы ретінде елорданың төріндегі қаламгерлер аллеясынан үш алыпқа ескерткіш қойылды.Ескерткіштің ашылуында қала әкімі Алтай Көлгінов Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген айтулы шараға маңыз беріп, үш тұлғаның еңбегіне жеке-жеке тоқталды.
– Өткен ғасырдың алғашқы шегінде халқымыз басынан өткізген ауыр жағдайды «Тар жол, тайғақ кешу» романында шынайы жеткізіп, «Қазақ» деген ұлтымыздың атауын құжат жүзінде қайтарып берген Сәкен Сейфуллиннің руханиятымыздағы орны ерекше. Бүгінде қаладағы ақын музейі жұмыс істейді. Ал қазақ әдебиетінің қазынасына сүбелі дүниелер қосқан Бейімбет Майлиннің жазушылығымен бірге, журналистика саласына сіңірген еңбегі көп. Көрнекті ақын Ілияс Жансүгіров – қазақ фольклорын дамытқан тұлға. «Күйші», «Құлагер» поэмалары – тұнған тарих. Үш бәйтерекке қойылған бұл ескерткіш – өткенге құрмет қана емес, тарихымызға қойылған бірегей белгі. Азат елдің астанасының төрінде тағдыры да бір, өмірі де ұқсас ұлтымыздың ұлы перзенттеріне арналған ескерткіштің тұруы – заңдылық, – деді шаһар басшысы. Қазақстан Жазушылар Одағының төр­ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, үш алыптың өмірі мен шығармашылығы жайында парасатты ой толғады.
Сондай-ақ сол күні елордадан алғаш рет Жазушылар үйі ашылды. Жаңа ғимарат қала әкімдігінің қолдауымен пайдалануға берілді. Бұл үйде қаламгерлерге арналған кітап­хана, сұхбат бөлмесі, қысқасы, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Жаңа ғимараттың ашылуында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде бұл ғимаратты «елордалық қаламгерлер бас қосатын қарашаңырақ» деп атады.
Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Қазір елордада Қазақстан Жазушылар одағының 150-ден аса мүшесі бар. Сондықтан қаламгерлер жиналатын бір ғимарат қажет болып жүр еді. Енді, міне, сол мақсатымызға қол жеткізіп отырмыз. Осы істі тиянақты шешіп, қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғысымызды айтамын» деді.
Бұл қуанышты сәтке бас шаһарда тұратын ақын-жазушылар да қатысып, ризашылықтарын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды