ҮСЕНБАЕВАНЫҢ ҮЛКЕН КОНЦЕРТІ

0 185

img_9050

15 қазанда «Астана Опера» театрында Қазақстан және Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның мерейтойлық концерті өтеді. Белгілі опера әншісі сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай, өз көрермендеріне «Өнерім – өмірім» атты концерттік бағдарламасын ұсынбақ.

Кешке Украинаның Халық әртісі Игорь Борко (тенор), Чех баритоны – Филипп Банджак келеді. Сонымен қатар «Астана Опера» театрының солистері Дина Хамзина, Медет Шотабаев, Мейір Байнешов өнер көрсетеді. Дирижерлық тізгінді  Татарстанның Халық әртісі – маэстро Ренат Салауатов ұстайды. Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балетінің қатысуымен өтеді.

Нұржамал Үсенбаева аталмыш концерттің опера өнерін сүйетін және бағалайтын қауым алдында тапсыратын емтихан болатынын айтады. «Мен осы бағдарламамен Қазақстанның өзге қалаларында концерт бердім. Алайда, «Астана Опера» театрының әсем сахнасында ән салу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі құрмет» дейді ол.

Бұл кеште көрермен қазақ және Еуропа композиторларының операларынан үзінділер тыңдай алады. Нұржамал Үсенбаева Игорь Боркомен «Маржан іздеушілер» операсынан Лейла мен Нәдір дуэтін, Филипп Банджакпен «Сайқымазақтар» операсынан Сильвио мен Недда дуэтін шырқамақ. «Мен үшін сахнадағы барлық кейіпкерлерім қымбат. Неге десеңіз, сол бейнелерді сомдау барысында бойыңдағы барлық қасиетіңді шығарып, жаныңды бересің. Әрбір кейіпкер өзінше ерекше. Әр орындаған сайын мен ол бейнені бұрынғыдан өзгеше, жаңаша ойнаймын. Осылайша, рольді және өзімді жаңа қырынан танимын» дейді әнші.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + eighteen =