Ұсақты қозғасаң – ұсақталасың

0 48

Соңғы апта бедерінде жұртшылық жапа-тармағай пікір білдіріп, үн қосып, сараптама, болжам жасап немесе күмән қосақтап, бас­ты тақырыпқа айналдыруы тиіс бір мәселе ескерілмей, елеусіздеу қалып қойған сияқты көрінді. Былай қарасаң, еліміз бен жұртшылық үшін өте өзекті, байыпты, тағдыршешті жайттар. Әрқайсысымыз­ға тікелей де, жанама да әсері болуы, білінуі, көрінуі тиіс жобалар. Біз нені айтып отыр­мыз? Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлығымен бекітіп, Үкімет іске асыруды қолға алған ұлттық жобалар туралы айтып отырмыз. Таяудағы төрт жылда іске асырылуы, орындалуы тиіс 10 ұлттық жобаның барлығы да маңыз­ды. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі қамтылған: дені сау ұлт, цифр­ландыру, технологиялық серпіліс, қуатты өңірлер, білімді ұлт, кәсіпкерлікті дамыту, агро­өнеркәсіпті жандандыру, қауіпсіз ел, ұлттық рухани жаңғыру, «жасыл» Қазақстан сияқты кезек күттірмей қолға алынуы тиіс міндеттер тізбеленген. Ең бастысы, орындалу мерзімі, бөлінетін қаржы, жауапты мекемелер, тұлғалар да нақтыланған. Мәселен, шағын және орта бизнес­тің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға арттырып, керісінше, мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету көзделіпті. Осы салада 1 миллионға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Туризмнен түсетін қаржы да еселеп артпақшы. Ал «Туған жер» деген бағдарлама аясында меценаттардан 7,2 мил­лиард теңге көмек болады, бұл ауылдардағы мәдени ошақтарды жаңғыртып, жайнатады деп жоспарланыпты. Үкімет сайтында бүге-шігесінің бәрі тұр. Танысамын десең, кедергі жоқ.

211013165222465a3848530i

Үлкен міндеттер, ауқымды жоспарлар қалай іске асады, тек қағазда қалмай ма, қаржы толық жете ме, қолды болып кетпей ме, нәтиже дұрыс бола ма, бақылау босаңсымай ма, кім қадағалайды? Осы жобалар іске асса тұрмыс түзеле ме, еңсе тіктеле ме, ел қалай өзгереді деген сияқты сауалдар ортаға тасталып, газет-журнал ашып қалсаң, теледидар қосып қалсаң, әлемжеліге көз салсаң, үлкен пікірталас, сараптамалардан көз сүрінуі, құлақ жаңғыруы тиіс еді. Басшы да, қосшы да, сарапшы да, саятшы да ұлттық жобалар төңірегінде ой-пікір додасын қыздырып жатуы керек сияқты еді. Өкінішке қарай, аптаның басты тақырыптары – ауған билігіне келген тәліптермен кездескен біздің дипломаттардың киімі мен сақалы, жат жұртқа, өзге нәсілге ұзатылған қазақ қызының сыңсуы, әртістердің басқа елге көшуі, полиция бас­тығының қарамағындағы қызметкерлерге қол жұмсауы, кітап жоғалуы, Ерке Есмаханның «ерке» қылықтары сияқты қаны жерге тамбай тұрған «маңызды» оқиғалар. Осындай ұсақ-түйектерден аяқ алып жүре алмайсың. Қазір осы сияқты күн са­йын қайталанатын «көңілді» оқиғалар біздің көңілімізді «өсірмесе», тұрмысымызды түзеп жатқан жоқ.

Ұсақ-түйекті қозғаймыз деп өзіміз де ұсақталып бара жатқан жоқпыз ба? Ұлт, ұлттық жоба, ұлттық мүдде деген сияқты салиқалы әңгіме айтылса, біреу «қойшы соны» деп ыржиып күліп тұрған сияқты көрінеді. Онысы несі екен?!.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + nineteen =