«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұрпақтың жүрегінен орын алса…

0 54

Қазір айтулы тұлғаларға көше атын беру, мүсінін қою дағдыға айналды. «Елордада пәлен тұлғаның атында неге көше жоқ, бір мүсіні неге Нұр-Сұлтанға қойылмады?» деп біз де үнемі жазып жүрміз. Өйткені бұл әлдеқашан бақилық болған айтулы адамдарға арналған ең жоғарғы құрметтің өлшеміне айналып кеткен. Сосын да мүсіннің ғұмыры қаншалық? Оның сол тұлғаның еңбегін жас ұрпаққа насихаттауға нендей пайдасы тиіп жатыр? Дегенмен осы түйінге бас қатыра бермейміз. 

95d14778ee2d2dff1542a7dc14829297

Бақсақ, бізден басқа елдер, әсіресе дамыған мемлекеттерде мүсін қоюға болған көзқарас та өзгере бастаған. Яғни ел жүрегіне, ұрпақ санасына терең тамыр тартпаса, қырық жерден мүсін қойсаң да оның ғұмырлы болмайтынын түсіне бастаған. Материалдық сапасы тұрғысынан алып айтсаң да, бір мүсіннің ғұмыры 50, ары кетсе 100 жылдан аспайды. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, 100 жылда заманның қалай өзгеретінін, мүсін қойылған аумақтың қалай түрленетінін ешкім де білмейді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, мүсіннің ғұмыры да адам өміріндей қысқа. Ендеше не істеу керек?

Біздің пайымымызша, көшеге көк тастан мүсін қойғанша, сол адамның ұрпақ санасына жететін бір еңбегін осы замандық үлгімен насихаттағанның құны жоғары секілді. Мәселен, Қажымұқанның мүсінін қоятын ақшаға тағы да аздап қаржы қосып, бүкіл әлем балалары қызығып көретін анимациялық фильм жасаса, балуанның мүсінінен әлдеқайда ғұмырлы болар еді әрі көп адам таныр еді. Ал біздің көшеде қойған көк тасымызға өзімізден басқа кім көз салып жатыр?! Керек десеңіз, балаларымыздың өзіне «мынау пәлен, ол қазақтың мақтанышы» деп айтып тұрсаң, «иә» дейді де қояды. Себебі оларды мүсінінен көрі батыс елдерінің қуыршақ фильм­дері көбірек қызықтырады. Ендеше, біз де балалардың осы талғамын негізге алып, мүсінді көшеге емес, ұрпақтың жүрегіне орнатуға ден қойғанымыз дұрыс. Өйткені баланы мектеп, мұғалім және ата-ана емес, әлеуметтік желі көбірек тәрбиелеп жатқан қазіргі заманда кітап оқитын, өз ұлтының мықты азаматтарын мақтан тұтатын ұрпақ та күн санап азайып барады. Ендеше біз де «заманына қарай амалы» дегендей, ұлы тұлғаларды ұлықтаудың әдісіне де өзгеріс жасағанымыз дұрыс сияқты. Өйткені өткен ғасырдағы кереметтің бәрі бүгінгі дәуірдің көшіне ілесе бермейді. Оның үстіне, бәрі бір қалыптан шыққандай, батыр болса атқа мініп, найза ұстап, ел басқарған басшы болса, көкірек керіп қасқайып тұрған келбеті ғана бейнеленген, адамды көрген жерден дір еткізетін жаңалығы, тартымдылығы жоқ өлі мүсіннен жұрт та жалыққан сыңайлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды