ҰРПАҚ ҮШІН ҰБТ ҰТЫМДЫ МА?

0 150

img_5406

Он жыл. Орта мектепті тәмамдағанымызға бақандай он жыл өтіпті. Ойымыздағы әркелкі дүниелермен әлек болып жүріп, осынша уақыттың қалайша зымырай шыққанын байқамаппыз. Сол кезде бірінші сыныпқа барған баланың бой түзеп, айнаға қарайлайтын шағы – бұл. Несін айтамыз, соңғы қоңыраудың сыңғыры мен алғашқы ҰБТ кезіндегі аумалы-төкпелі көңілдің күйі де жадымызда.

Бәрі есімде. Жоғары оқу орнына бару үшін мектеп бітіруші түлектердің алдына ұлттық бірыңғай тесттен өту талаптары қойылған кезде әлеумет әп дегеннен-ақ жікке бөлінген. Қолдағандар мен қарсы болғандар қоғамның әр түкпірінен қылтиып шыға келді. Жаңаны жақтаушылар бұрынғы жүйенің жұмысы көптігін алға тартса, ескіні жоқтаушылар ҰБТ-ны жаңа министрдің жылт етпе жаңалықтарының бірі санап, оны білімді ұрпақтың сорына айналады деп сендіріп бақты.

Рас, алғашқыларының айқайы орынды. Мектеп бітірердегі емтихан мен ЖОО алдындағы тағы бір сынақтың кез келген түлекке тиімді болмағаны анық. Он бір жылдықтың табалдырығын тәп-тәуір аттап шыққан жастардың университет, институттарға келгенде именіп қалатын жағдайлары көп кездескен-ді. Кейін білім саласында жаңа реформа жасалып, жұртшылықтың тең жартысы тынысын терең алғандай болған. «Бір оқпен екі қоян атып алдық» десе керек.

Бірақ өз арамыздан ҰБТ-ға тыжырына қарағандар да табылды. Себебі, оқушының ой-өрісін тест сұрақтарымен ғана шектеп қою ұлт болашағы үшін ұтымды әдіс емес еді. Олар солай дейді. Тіпті еркін ойлы ұрпақтан айырылып қалу қаупі туды деп, жаңа реформаға басыбайлы қарсылық білдіріп жатты.

Бізге салса, қай-қайсысын да түсінуге болады. Сыңаржақ пікірмен шектеліп қалғанымыз өзімізге сын болар. Десек те, соңғы жылдардағы ҰБТ алдында болатын жағдайлар тәмәм елді түрлі күдікке итермелеген. Өйткені, мектеп бітірушілердің емтиханға дейінгі психологиялық дайындығы өте нашар болып шықты. Мектептегі оқушыға мұғалімдер тарапынан түрлі қысым көрсетіліп жатқаны да жазылып жүр. Шыны керек, қазіргі түлектер сол сынақтан кейін өмір жоқтай көреді. Оларға ҰБТ-ның ғұмырдағы ең маңызды сәт емес екенін түсіндіріп жатқан ұстаздар қатары тым сирек болса керек, жылап-сықтау былай тұрсын, емтиханнан кейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жастар жер-жерден төбе көрсете бастады. Бұған енді кімді кінәлаймыз? Оның үстіне, сынақ алдындағы тексеру жұмыстарын қосып қойыңыз. Ұл-қызға қарамай, бәрін бірдей шешіндіреді екен. Ұят-ақ.

Айтқымыз келгені осы-тын. Мамыр айы жақындаған сайын мектептер ішінде дірілдеген тізелер де көбейеді деген сөз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 12 =