ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ҰҚЫПТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

0 188

ZAH_5433

«Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады» деп қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, қазіргі қоғамдағы кейбір жастардың тағдыры да аумалы-төкпелі хәлде жүргені жасырын емес.

Осы орайда мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынып, балалар мен жасөспірімдердің болашағына көңіл бөлініп жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл күні олар үшін орта және арнайы білім ошақтары қосымша жұмыс атқарып жатса, жұмыспен қамту мәселелері бойынша да жасөспірімдердің жолында көптеген шаралар атқарылуда.

Бірақ, әр істің бір «әттеген-айы» болатыны сияқты жеткіншектер арасында күрмеуі шешілмеген мәселелер әлі де бар. Осылардың алдын алу мақсатында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бас-көз болуымен 28 шілдеден бері елорда аумағында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оны 3-тамызға дейін атқару жоспарланып отыр. Балалар мен жасөспірімдердің жалпы қоғамға жат әрекетке баруының алдын алу, сондай-ақ, қараусыз және қадағалаусыз өмір сүруге бейім кәмелетке толмағандарды уақытында анықтау, жасөспірімдердің өз заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақыттарда тұрғылықты жайларынан тыс жерлерде болуына жол бермеу – атқарылып жатқан іс-шараның негізгі мақсаттары.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың басы-қасынан ювеналдық полицияның учаскелік полиция инспекторларымен қатар жергілікті атқару органдары, прокуратура өкілдері, білім, ішкі саясат және жастар мәселелері жөніндегі басқармалар өкілдері, сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері үнемі табылып отыр.

«Кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттары өздері тұратын тұрғын-жайдан тыс жерлерде сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз жүруі, қараусыз және қадағалаусыз өмір сүруге бейім кәмелетке толмағандарды уақытында анықтау, алкогольдік ішімдіктерді ішу фактілерін анықтау бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, ата-аналар комитеттерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізіледі» деді Астана қаласы Есіл ауданының ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Нұрғайша Егембердиева.

Оның айтуынша, үш күнге созылған іс-шара барысында ішкі істер органдарына жеткізілген кәмелетке толмаған 80 баланың 68-і тәртіп сақшыларының қолына түнгі уақытта түсіп отыр. Қорытындысында, кәмелетке толмаған 24 жеткіншек пен 67 ата-ана және балалардың заңды өкілдері, яғни, жалпы саны 91 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қараусыз және қадағалаусыз жүрген кәмелетке толмаған 24 бала орналастырылса, полиция қызметкерлерінің арқасында 7 қолайсыз отбасы анықталып, ішкі істер органдары есебіне алынған.

Нұрғайша Егембердиева «Кезекті рейд барысында біздің қызметкерлер елорда мешіттерінің бірінде қайыршылықпен айналысып жүрген екі балалы анаға жолықты. Балаларының бірі 5 жасар болса, екіншісі 2-ге енді толған екен. Қазіргі уақытта сол сияқты тұрмыс тауқыметіне ерте ұрынған бірнеше баланы анықтап, тергеп-тексеріп жатырмыз» деп, қос баласымен бірге көше кезіп тентіреген ана туралы айтып өтті.

1972 жылы туған Ольга Владимирқызы Қостанай өңірінің тумасы екен. Бүгінгі күні Астана қаласындағы пәтерлердің бірінде бас сауғалаған оның қарауында қос ботасынан бөлек мүгедек ағасы тағы бар. Бөлме ішінде шашылған киімдер мен жуылмаған ыдыс-аяқ үй иесінің жағдайын анық айтып тұрғандай. Бейбітшілік көшесінде орналасқан осы бір пәтердің ішінен төрт адамнан басқа төрт мысық пен бір итке де орын табылыпты. Тексере келе, пәтерге тиесілі үй кітапшасы болмаса да, бұлардың қос бөлмені пайдаланып келе жатқанына бірнеше ай болған екен. Осы секілді бастарында өзекті мәселесі бар бала-шағалы тағы бірнеше тұрғындар анықталып отыр. Олардың жеке бастары анықталған соң бәріне бірдей көмек көрсетіліп, заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылатын болды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =