«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұрпақ тәрбиесі – ұлы саясат

0 49

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді ағамыз – біздің газетіміздің оқырманы ғана емес авторы. Үнемі басылымда жарияланған өзекті мақалаларға үн қосып, пікірін білдіріп отырады. Айтулы тұлға мақаласында қазіргі жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім саласындағы кейбір түйткілді мәселелерге тоқталыпты. Бұл басқа оқырманға да ой салады деп ойлаймыз. Сондықтан сізден де осы дүниеге байланысты ой күтеміз.

Халқымыздың арман-мұңын арқалап, шартарапты кезген Асан қайғы бабамыз: «Қазақтың б асынан аумалы-төкпелі дүрбелең заман өтеді, отарлыққа түсіп, жер бетінен жоқ болып кетер күн де туады. Сондай қиын шақтан өтіп, бір заманда азат ел атанып, қайтадан аяғынан тұрып, еңсесін тіктейді» деп айтқан екен деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. Біз қазір сол аузы дуалы бабамыз айтқан тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Тәуба, шүкір деп ауыз толтырып айтуға болады. Аз-маз қиындығы да бар шығар, оның бәрі өмір болғаннан кейін кездеседі. Біз де жақсылыққа толы шуақты күндерге жетеміз. Өйткені алдымыз – ашық, жолымыз – жарқын.

ӘЛІППЕ – КИЕЛІ СӨЗ

Міне, дербес ел болғанымызға да доптай домалаған отыз жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында жеткен жетістік те аз емес, ескерілмей қалған кемшілік те бар. Әуелі жетістікке тоқталайық. Бұрын жұртымыз қиындықтан торыққан шақта: «Той болса екен, қуанышқа жетейік. Ойын-күлкісі мол заман орнаса» деп армандапты. Қазір халқымыз тойға кеніш. Қазақтың шоғырланған жерінде күнде той. Мұны өмірдің бір жаңғырғанның белгісі деуге болады. Бұрын тойлар орысша басталушы еді. Қазір тойда орысша бір ауыз сөз айтылмайды. Тілектің бәрі қазақша айтылады. Тойдан ішкілік те ығысып барады. Бүгінде біздің еліміздегідей соншалықты ән салатын ел жоқ. Шындығында, қазақтың тілі дамып жатқан жері – той.
Ал ескерілмей қалған мәселе де бар дедік қой. Әсіресе, дүние­ге іңгәлап келген балғындарымыздың ана тілінде тәрбие алып, оқуы өзекті проблемаға айналды. Бүгінде бас қалада қаншама балабақша бар. Соның көбі мемлекеттік тілде болғанымен, ондағы тәрбиенің бәрі орысша. Оған барып жүрген балғындар үйде қазақша сөйлегенімен, бақшадан орысша сайрап қайтады. Ондағы мамандар балаларға қазақшаны әке-шешесі үйретсін дейді. Жөн-ақ. Алдымен бала өз отбасынан ұлттық қайнарға қанып шығуы керек. Бірақ бүгінгідей алас-күлес уақытта әке-шешені де жазғыра алмайсыз. Күні-түні қызметтен бас алмайды. Жұмысқа бару үшін таңертең көзін тырнап ашып, баласын бақшаға сүйреп, кешке қайтарда үйге алып келеді. Ол балдырған тамақ ішкеннен кейін ұйқыға бас қояды. Әке-шешесімен де тілдесетін мүмкіндігі болмайды. Әрине, барлық балабақшаны кінәлай алмаймыз, бірақ дені солай. Бақшадан орысша сайрап шыққан бала мектеп табалдырығын аттайды. Енді оны қазақша оқысын деп алып барсақ, мұғалім «Бұл баланың тілі орысша шыққан. Қазақ тіліндегі оқу бағдарламасын игере алмайды, орыс сыныбына беріңіз» деп жауап қайтарады. Мен осы жағдайды түсінбеймін. Ұстаздарға оқушылар өңкей беске оқиды деген атақ керек секілді.
Әліппе деген киелі кітап еді. Бар білім содан бастау алатын. Оны қолға ұстап, оқыған баланың көзі ашылып, сауаты оянатын. Енді сол асылымызды жоқ қылғаннан кейін бала қайдан нәр алады? Қазір бірінші сыныптан бастап, жеткіншектердің шамасы жетпейтін күрделі оқу бағдарламасын енгізді. Оны баласына кейде ата-анасының өзі ұғындырып бере алмайды. Ал енді сондай оқу бағдарламасы кімге керек? Бұрынғы қалыптас­қан оқу бағдарламасынан халық не қорлық көрді? Мектептің бәрі академик дайындап шығару керек пе? Тіршілікке неше түрлі кәсіп қажет. Ертең токарь, механизатор, шебер, шопыр кім болады? Ол мамандықты меңгеруге сонша білім қажет пе? Әркім өз қабілетіне қарай жұмыс істейді. Ұлы ғалымдардың дені мектепте орташа оқыған.

ОҚУЛЫҚ ЖАЗУ ТАБЫС ТАБУДЫҢ КӨЗІ БОЛДЫ

Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өстім. Ұстаздарымыз бізді екі бөлмелі үйге төрт сыныпты біріктіріп оқытты. Солай білім алсақ та, ешкімнен кем болған жоқпыз. Кеңес өкіметінің ұлтымызға жасаған қиянаты мен кемшілігі жетеді. Бірақ оның оқу жүйесі жақсы еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Білім және ғылым минис­трлігінің тізгінін біраз азаматтар ұстады. Әр министр ауысқан сайын жаңа бір реформа жүзеге аса бастайды. Қазір білім жүйе­сі шым-шытырыққа айналды. Балаларға не үйретіп, қайда дайындап жатырмыз? Жаңа оқу бағдарламасын оқушылар игеріп жатыр ма? Ол бағдарламаларды жеткіншектер ғана емес, педагогтардың өздері игере алды ма? Соны ойлап жатқан біреу бар ма? Мемлекет білім саласына қаржыны аяп жатқан жоқ. Оқулық жазу деген табыс табудың көзі болып, соған құмарлар көбейді. Дамыған көп елдерде оқушыларға баға қойылмайды. Мұғалімдер пәнді түсіндіреді, оқытады. Біздегідей «екіге оқисың» деген түсінік жоқ. Бұл оқушының психологиясына кері әсер етеді. Содан кейін дарынды балаларды ауыл-ауылдан жинап, бір бөлек мектепте оқытса болады. Қазір Ресей талантты оқушыларды осылай оқытып жатыр.
Соғыс кезінде біздің ауылға өзге ұлт өкілдері көшіп келді. Оларға әке-шешеміз үйіміздің жартысын босатып берді. Келгендердің дені – немістер, гректер, шешендер, қарашайлар еді. Қыркүйек келіп, сабақ басталды. Солар балаларын қазақша мектепке берді. Қазақша бір ауыз сөз білмесе де, араласып, ойнап кеттік. Сол балалар төрт айдан кейін тілімізді түсініп, бір жылдан кейін сайрап тұрды. Солар адамның баласы да, біздің балалар басқаша ма? Бұл не кесел? Сондықтан аралас мектеп болмау керек. Білім саласында бізге түсініксіз жүйе құрылған. Бұл жүйе жыл санап тереңдеп барады. Мемлекеттік тілдің абыройын көтереміз деген жоғарыдағы ұран өзінше қалып, былайғы тіршілік басқаша кетіп барады.

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК

Қазақ тілі үшін күресу керек дейді, күрес неге керек? Тіл үшін айқайсыз, дабырасыз, ұрансыз, ешкімді үркітпей, қорқытпай жұмыс істеу қажет. Мәселен, Балтық жағалауындағы елдер бәрін ың-шыңсыз қалыпқа келтірді. Бізге де осы үрдісті үйренген жөн.
Сондықтан балабақшаның бәрі қазақша болсын. Және оған ана тілімізді толық білетін тәрбие­шілерді жұмысқа алған жөн. Қажет болса, әр балабақшаның тағдырын бөлек шешейік. Біреудің күнкөрісі үшін балғындардың келешегін құрбан етуге болмайды. Қызмет істейсіз бе, мемлекеттік тілді біл, сөйле. Осындай талап болмаса, болашағымыз бұлдыр. Бүгін қазақша сайрағанның бәрі өтеді, кетеді. Ертең өмір сахнасына қазіргі жас ұрпақ шығады. Сонда олар қызметке кірісіп, қазақша бір ауыз айта алмай отырса, не боламыз? Басқадан қандай айырмашылығымыз қалады. Осындай жағдай етек алып бара жатқаны жанымды ауыртады.
Алайда кез келген жұмысты науқанға айналдырмаған жөн. Ақылмен, ақырын шешкен дұрыс. Білім жүйесіндегі реформадан өзгерген өмір, жөнделген оқу жоқ. Алты жастан баланы мектепке апардық. Енді оқушыларға білім орындары тар болып, кейбір мектептер үш ауысыммен оқып жатыр. Осының бәрі әбден иі қанып талқыланбай, жүйесіз жасалып жатыр деп ойлаймын. Шын мәнінде, ұрпақ тәрбиесі – ұлы саясат. Енді біз келешекті ойлайтын жастамыз. Артымыз­дағы ұрпағымыздың тағдыры не болады деп ойымда көптен бері толғандырып жүрген мәселені ортаға салып отырмын.

Өмірбек БАЙГЕЛДІ,
Мемлекет және қоғам
қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды