Ұрпақ суицидке ұрынбасын

0 84

Ресми деректерге сүйенсек, жер бетiнде жыл сайын миллиондаған адам өзiне қол жұмсап, өмiрiн қияды. 19 млн адам сондай пиғылда жүредi. Әрине, бұл ресми тiркелгендерi ғана. Ал, сот-сараптама қызметкерлерi жыл сайын 4 млн адам өзiн-өзi құрбандыққа шалатынын айтып отыр. ҚР Бас прокуратурасының мәлiмдеуiнше, өзiне қол жұмсағысы келген балалардың орташа жас мөлшерi 14 пен 17 жас аралығында. Әлемде жүргiзiлген сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, жасөспiрiмдердiң 80 пайызы қиындыққа тап болғанда өзiн-өзi өлтiрудi ойлайтын көрiнедi. Бұл жасөспiрiмдерге қатысты, ал ересектерге қатысты статистика көрсеткiші бұдан бiрнеше есе көп болуы мүмкiн.

Қорқынышты «қаралы тізім»

Осыдан біраз уақыт бұрын Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы суицид бойынша әлем елдерiнiң тiзiмiн жариялады. Қазақстан қаралы тiзiмдегi төртiншi орынды иеленген. Литва, Белоруссия және Ресейден кейiнгi орынға табан тiреген елiмiзде 100 мың адамның отызы өзiн-өзi өлтiредi екен. Ал Египет, Гаити, Ямаика секiлдi елдерде мұндай қайғылы оқиға аз, тiптi, кездеспейдi де.
Мемлекет көп жағдайда мұндай деректердi құпия ұстауды жөн көредi. Әсiресе, Германияда суицидке қатысты ақпарат ұшыраспайды. Италия баспасөзде өзiн-өзi өлтiру туралы хабар таратуға 1928 жылы тыйым салды. Кешегi келмеске кеткен Кеңес үкiметi кезiнде де бұл туралы сөз қозғамады. Тек 1989 жылы ғана мәселенiң шетi шықты. Шындығына келгенде, қазан төңкерiсiнде де, азамат соғысында да, 1937-47 жылдар аралығында да өзiне- өзi қол жұмсаушылар саны өте көп болған. Тiптi, суицидтен он жыл бойы бiрiншi орынды бермеген Венгриядан кейiнгi екiнші орынға шыққанымыз ендi айтылуда.
Соңғы он жыл iшiнде жастар арасындағы суицидке ұрыну үш есеге артыпты. Оның алпыс пайыздан астамы жаз және күз айларында орын алған. Тек жастар емес, ересектердiң де мұндай «қара өлiм» жолын таңдауы отандық ғалымдарды ойлантуда.

Сегіз жүз себеп, сексен әдіс

Психолог мамандар өзiне қол жұмсаған адамдарды психологиялық күйзелiске ұшырағандардың қатарына жатқызады. Гарвард университетiнiң зерттеушiлерi медицина мамандарына өзiн өлтiрген жандардың ауру кiтапшасына диагноз қоюын сұраған. Дәрiгерлердiң тоқсан пайызы «психологиялық ауру» деп толтырған. Зерттеулер өзiн құрбандыққа шалудың 800 себебi барын анықтап, олардың 41 пайызы – үмiтсiздiктен, 19 пайызы – қорқыныштан, 18 пайызы – рухани күйзелiстен, 18 пайызы – отбасылық кикiлжiңнен, 6 пайызы – кәрiлiктен, 3 пайызы – ақша жоғалтудан, 1,4 пайызы – өмiрден түңiлуден, 1,2 пайызы дене бiтiмiнiң кемiстiгiнен болады дейдi. Бұл себептердiң нақтылығы күмәндi. Өйткенi, өзiне қол жұмсаушылар көп жағдайда себебiн айтпай кететiнi белгiлi. Әйтсе де, өмiрден кетудiң 80 әдiсi бар екен. Және бұл әр адамның тұрғылықты жерiмен тiкелей байланысты десек те болады. Мәселен, Үндiстанның Пенджаб штатында өзiне қол жұмсаушылардың жартысынан көбi жүрiп келе жатқан пойыздың астына түседi екен. Шри-Ланкада суицид жасағандардың 91 пайызы түрлi дәрiлердi қолданады. Америка Құрама Штаттарында жан кешкендердiң 60 пайызы суық қаруды пайдаланған. Өйткенi, мұнда екiнiң бiрiнде қару-жарақ бар. Қаруды заңсыз сақтауға, пайдалануға тыйым салынған әлгiндей «ажалды әдiстi» пайдаланушылар Канадада 30 пайыз болса, Австрияда 4 пайызды құрайды екен. Қытай тұрғындарының сексен пайызы медициналық препараттарды пайдалану арқылы өмiрмен қоштасады. ТМД елдерiнде жоғарғы қабаттан секiру, машинамен соқтығысу, жiпке асылу, сірке су iшу, есiрткiнi шамадан тыс қолдану… т.б жолдары арқылы дүниеден баз кешiп жатады.

Жазған хаттан не пайда?

Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында жоғары қабаттан секiрiп, қайтыс болған қыз хат жазып қалдырған. Құқық қорғау қызметкерлерi осы хат арқылы оның өзiн-өзi өлтiргенiн анықтады. Онда үй-iшiмен ұрсысып қалғаны айтылған екен. Жалпы, өзiн өлтiретiндердiң 44 пайызы артына хат жазып қалдырады екен. Олардың 20 пайызы барлық адамдарға, 12 пайызы тума-туыстарына, 8 пайызы басшыларға арнап жазады.
Өзiн өлiмге қиятын қай мамандық иелерi дегенге келсек, ғалымдар бұл мәселенi де зерттеген. Балдық жүйе арқылы есептегенде, бiрiншi орында – музыканттар, екiншi орында – медбикелер, үшiншi – тiс дәрiгерлерi, төртiнші – қаржы саласының қызметкерлерi, бесiншi – психиатрлар, алтыншы – кiтапханашылар, одан кейiн сатушылар тұр.
Суицид туралы отандық баспасөзде жарияланған бiр ғылыми мақалада өзiн құрбандыққа шалатындар көбiне кедей мемлекеттерде кездеседi делiнген. Алайда, бiздiң бiлуiмiзше, бай мемлекет санатындағы Швеция кезiнде суицид жөнiнен алғашқы үштiктi бермеген.

Ескерткіш қою дұрыс па?

Өзiн-өзi өлтiру оқиғасы жайында ең алғаш 1777 жылы Дэвид Пен кiтап жазып, жиырма жыл өткеннен кейiн ғана жарыққа шығарды. Бiрақ, сол кезде ол таралуға тыйым салынған кiтаптар тiзiмiне енiп, халыққа жетпей қалды. Айтайын дегенiмiз, «қатыгез өлiм» туралы кiтаптың таралуына тыйым салынғанда, кейбiр елдер өзiн өлiмге қиған жандардың құрметiне ескерткiш орнатқан. Ескерткiш көбiне ақын-жазушыларға, ғұлама ғалымдарға, қоғам қайраткерлерiне болашақ ұрпағы ұмытпасын, үлгi алсын деген ниетпен қойылады. Ал, Бельгия өзiн-өзi өлтiрген адамның құрметiне арнайы ескерткiш тақта орнатыпты. Ол фашистiк Германияның елiне шабуыл жасағанын естiген бойда өзiн өлтiрген адам екен. Сондай-ақ, Каунаста жас жеткiншекке арналған тас мүсiн бар. Ол елдегi қатал режимге қарсылық таныта отырып, өзін дарға асқан. Кейiннен мемлекет жас баланың бұл әрекетiн жоғары бағалап, ескерткiш қоюды жөн санапты. Не десек те, абыройсыз өлiмнiң алдын алу үшiн қоғамның барлық мүшелерi болып күрескен әлдеқайда тиiмдiрек .

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =