Ұрпақ саулығы ұсақ тірлік емес

0 48

Ұрпақ саулығы мен тәрбиесіне қатысты мәселенің ұсағы жоқ. Адам өзінің денсаулығына мектеп жасынан мұқият болуы керек. Алайда мектептердің тығыздығы жағдайында бұл мүмкін болмай жатады. Мәселен, «Білім туралы» заңға және санитарлық нормаларға сәйкес бір сыныпта 25 оқушыдан артық оқытылмауы қажет. Ал бүгіндері елорда мектептерінде бір сыныпта 40 оқушыдан отыратын жағдайлар кездеседі.Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 88 мемлекеттік, 25 жекеменшік мектеп бар. Мәслихат депутаттары, әсіресе, мемлекеттік мектептерде оқушылардың шамадан тыс көптігін бұған дейін де бірнеше мәрте мәселе етіп көтерген. Атап айтқанда, 74 білім ордасындағы оқушылар саны жобада көрсетілген сыйымдылықтан асып отыр. 25 мектепте бұл көрсеткіш екі еседен асады. Егер астаналық мектептер 83 мың оқушыға арналып салынған болса, дәл қазір ол жерде 182000 оқушы білім алуда. Осы жерден-ақ жергілікті атқарушы органдардың қателігін мойын­дауымыз керек. Енді алдағы уақытта елорда тұрғындарының саны артпаса, кемімейтіні анық. Сондықтан жаңа мектептер құрылысын талапқа сай лайықтайтын күн туды.
Мектептердегі жүктеменің көптігі білім сапасына да кесірін тигізеді. Ал Білім басқармасының басты мақсаты – оқу процесінің сапалы болуын ұйымдастыру. Мұғалім ешқашан мектептің құрылысына, денсаулық сақтау, спорт және бюджет ісіне жауап бермейді және жауап беруге тиісті емес. Біз бүгінге дейін мектептегі кез келген кемшілікке Білім басқармасын, мектеп директорын кінәлауға дайын тұрамыз. Ал бұлай істеу мүлдем қате! Мектептегі сабақтың 2, 3 ауысымда өтетінін ескерсек, оқушылардың сабақ үлгерімінің төмендеуінің себебін іздеп те керегі жоқ. Білімде сапа болмайды.
Дене шынықтыру сабағын өткізу үшін спорт залдар мен алаңдардың жеткіліксіздігі, медициналық қызметтің әлсіздігі, тағамның құнарлы болмауы, сапасыз құрылыстың кесірінен ғимарат ішінің ылғалы мен салқындығы, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер біліктілігінің төмендігі – балалардың денсау­лығына зиянын тигізетін тізімнің басы ғана.
Былтыр Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті елордадағы 33 мектепті тексеріп, 29 мектептен құқық бұзушылықтар анықтаған. Соның көбісі қажетті деңгейде жарықтандырылмаған болып шықты. Ал медициналық тексеріс­тер балалардың көру қабілетінің нашар­лауы бірінші орында екенін көрсетті. Сондай-ақ таза су ішу режимінің бұзылуы, ауасы тар сынып бөлмелерінің ылғалдануы, ғимараттың апатты жағдайда болуы көп кемшіліктердің бетін ашып отыр.
Мәслихат депутаттары өз тарапынан осы жылдың наурыз айында бірнеше мектепке барды. Соның барысында оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру кезінде оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аудардық. №6 мектеп-гимназиясы, №28 және №76 мектеп-лицейлері секілді білім ұйымдарындағы жоспарлы жұмыстардың оң тұстарын да атап өту керек.
Мәселен, эвакуациялау жоспары тиімді, мектептерде «Антипаника» жүйесі, турникеттер мен дабыл түймесі орнатылған. Осы білім нысандары арнайы лицензиясы бар күзетпен қамтылған. Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі болса, құнарсыз тағам өмірге қауіп те төндіруі ғажап емес. Сондықтан осы шара барысында мектеп асханасын аралап, балаларға берілетін тамақтың сапасына көп көңіл бөлдік.
№28 мектеп-лицейі 1969 жылы құрылған. Қазіргі уақытта мектеп асханасы жаңартылған. Дегенмен асхана ғимараты мектептің талаптарына сай емес. 1300 оқушысы бар мектептің асханасы тек 120 балаға ғана арналған. Осыдан кейін мектептегі тамақпен қамту 100 пайыз орындалады деудің өзі артық.
Ал №6 мектептегі жағдай одан да сорақы. Ыдыстар дұрыс жуылмаған, стақандардағы, қасықтардағы қалдықтар мұқият тазаланбаған, тіпті сынық ыдыстармен балалар тамақ ішеді екен. Ал №76 мектепті тамақпен қамтушылар да өрескел қателіктерге жол берген. Азық-түліктің жарамдылығы стандартқа сай келмейді. Сондай-ақ сақтау камералары тазартылмаған, қоймалар санитарлық нормаға сәйкес келмейді.
Мониторинг тобының мүшесі ретінде екі жыл бойы мектеп асханасының жай-күйін бақылап жүрмін. Бұл бағытта тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар бар. Өкінішке қарай, олар негізсіз емес. Өйткені санитарлық және технологиялық нормалардың көптеген бұзушылықтары анықталды. Олардың барлығы – қаладағы әрбір үшінші мектеп асханасында аспаздардың арнайы кәсіби білімсіз жұмыс істейтіндігінің нәтижесі. Сондықтан қазір ата-аналар мен реттеуші органдардың шағымдары көп екендігіне таңырқауға болмайды.
Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануына бөлінетін уақытта да ауытқушылықтар бар. Мектептердегі оқушылардың шамадан тыс көптігінен әр сыныпқа тамақтануға 15 минут қана бөлінеді. Ыстық тамақ тек бірінші-төртінші сынып балалары үшін ұйымдастырылады. Ал орта және жоғары сынып балалары буфетте жеңіл-желпі тағамдар сатып алып, оларды жолай жей салатыны да рас. Міне, осыдан келіп баланың саулығына зияны келіп жатады.
Мектептегі тамақтану мәселесі бір күнде шешілмейді. Дегенмен мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін бірнеше ұсынысымыз бар.
Біріншіден, жеткізуші «бір жеткізуші, бір мектеп» негізінде таңдалуы керек. Елордалық мектептерде жүргізілген мониторинг нәтижелері көрсеткендей, бір жеткізушісі бар мектеп асханаларында құқық бұзушылықтар аз кездеседі. Он немесе одан да көп мектептерде тендер ұтып алған компанияларға мектеп асханалары бойынша көп шағым түседі.
Екіншіден, бірыңғай технология­лық стандартқа сәйкес мектептерге арналған тамақтандыру комбинатын салу мәселесіне қайта оралу қажет. Қала үлкен болғандықтан, мектептер бір-бірінен қашық орналасқандықтан, мұндай комбинаттар әр ауданда болғаны жөн. Сол кезде қаладағы барлық мектептерге арналған өнімдерді орталықтан көтерме бағамен сатып алуға мүмкіндік туады. Бұл шығындарды үнемдеуге әкеледі. Тамақтандыру комбинаттары адам факторы проблемасын шешеді. Себебі мектеп асханаларын тексеруді ұйымдастыратын тиісті мониторинг топтары да сенімнен шықпай жатады.
Тағы бір ерекше назар аударатын жайт, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және Құрылыс басқармалары мектептерге кіретін жолдардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын ойлағаны жөн. Бұл мәслихат депутаттарының күн тәртібіне қойған мәселелерінің бірі болатын.
Мектептердегі медициналық кабинеттердің қызметіне де тоқталмасқа болмайды. Олардың Білім басқармасынан алынып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берілуі оң әсерін тигізді. Кабинеттерді жабдықтау, есепке алу жұмысы жақсарды. Бірақ мектептерді медициналық кадрлармен қамту мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, 2700 оқушысы бар мектеп-лицейде бір ғана медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұған қоса, мектеп медбикесі жалақысының аздығын, кейбір кадрлардың біліктілігінің төмендігін қосыңыз­дар. Халықаралық тәжірибені есепке алсақ, мәселен Мәскеу мектептерінде тұтас санитарлық блоктар жұмыс істейді. Онда оқушылар вакцинация мен екпе алуға қоса, медициналық қызмет түрлерін кеңінен алады.
Мектептердегі дене шынықтыру сабақтары оқушылардың денсаулығына сөзсіз әсерін тигізеді. Бірақ қаладағы көптеген мектептерде спортзалдар стандарттарға сәйкес келмейді. Себебі онда тығыздық өте жоғары. Дене шынықтыру сабақтары аптасына екі-үш реттен емес, бір рет қана өтетін мектептер де бар. Мәселен, бізге жеткен ақпарат бо­йынша №3 мектеп-гимназияда дене шынықтыру сабақтары бір уақытта төрт сыныпқа өткізіледі.
Мектеп психологтарының мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Олардың бір жарым ставкамен жұмыс істейтініне қарамастан, орташа жалақысы шамамен 70 мың теңгені құрайды. Сол себепті өз жұмысын шын жүректен жақсы көретін мамандар бұл жұмысқа келе бермейді. Соның салдарынан іс жүзінде балаларға психологиялық көмек көрсетуге және олардың депрессия­лық жағдайын тереңірек зерделеуге біліктілік жетпей жатады. Егер Қазақстан суицидтер саны бойынша әлемде үшінші орын алатынын ескерсек, бұл – ұлт үшін трагедия. Өкінішке қарай, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Ендеше бүгін мектептегі білім деңгейі қалай өзгеруі керек, балаларды қорғау үшін не істеуіміз керек деген сұрақ тек депутаттарды ғана емес, қоғамның әр мүшесін ойландырары хақ. Соның ішінде ұстаз, ата-ана, баланың үштағаны үйлесімділікте болғаны керек.

Қарақат АБДЕН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 6 =