ҰРПАҚ САУЛЫҒЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

0 430

19

Елордамыздың ай асып, жыл санап жасарып келе жатқаны бүгінде әмбеге аян. Зәулім ғимараттары сияқты тұрғындарының да арманы – асқақ, көңілі – көкте. Астаналықтардың жас мөлшері де уақыт өте жасаруда. Бізге мәлім деректерге сүйенсек, елордамызда жылына 22 600 сәби шаңыраққа шаттық сыйласа, №1 перзентхананың өзінде жеті мыңға жуық сәби жарық дүние есігін ашады екен.

БОЛАШАҚТЫҢ БАҒБАНЫНДАЙ БҰЛ БАҚЫТ

Осы орайда жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, аналардың денсаулығына ерекше көңіл бөліп, түн қатып, таң атырып қызмет етуден әсте жалықпайтын №1 перзентхана дәрігерлерінің қызметі айрықша екенін айтуға тиіспіз.

Перзентханадағы гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Анапинаның өмір жолы да балалар бақыты мен ана тағдырына тікелей байланысып жатыр. Агроном отбасында тәрбиеленген ол сол кездегі Целиноград медицина институтына түсіп, 1998 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, екі жыл клиникалық ординатурада, онан соң аспирантурада оқыды. Білімін тәжірибемен ұштастыра білген жас маман 2000 жылдан бері осы перзентханада акушер-гинеколог болып қызмет етті. 2006 жылы өз саласындағы ғылыми ізденістерінің нәтижесінде кандидаттық диссертациясын қорғап, екі жылдан соң гинекология бөлімшесінің меңгерушілігіне тағайындалады. Қызмет еткен жылдарында акушерия және гинекология салаларында қолданылатын жаңа перинаталдық технологиялар, оперативті кірісу дағдыларын толық меңгерген Бақыт Ұрымбайқызы бүгінде әйелдерге күрделі оталар, оның ішінде гинекологиялық пластикалық операцияларды да жасайды.

«Он сегіз жылдық жұмыс тәжірибемде акушерия, гинекология саласында қолданылатын жаңа перинаталдық технологияларды, операция дағдыларын меңгердім деп айта аламын. Гинекологиялық пластикалық операциялар жасаймын. Перзентханадағы ургенттік қызметті де қолға алдық» деп, білікті дәрігер өз саласындағы жетістіктерді айтты. «Ургенттік қызмет дегеніміз – әйелдерге жасалатын күрделі ота. Әсіресе, егіз балалы аналарды босандыру кезінде түрлі қиындықтар туындайды. Мәселен, бір бала басымен жатса, екіншісі теріс жатуы мүмкін. Ана босанған сәтте жатырына зақым келіп, ауыр жағдайларға душар боламыз. Мұндай жағдай он мың әйелдің бірінде кездеседі. Өз тәжірибемде осы тақылеттес 5 оқиға болды» дейді.

Бақыт Ұрымбайқызы әйелдердің жүктілікке жауапкершілікпен қарап, өз өміріне де, бала болашағына да зардабын тигізбеу үшін дайындық жасау қажеттігін үнемі еске салады. «Ең алдымен, ана болуға ниеттенген әйелзаты денеге бала бітпестен бұрын толық дәрігерлік тексерістен өтуі, тұрғылықты жеріне байланысты тіркеуге тұруы тиіс» дейді. Бүгінде қала перзентханаларына тіркеуге тұрмастан келіп жататын босанушы әйелдер көп.

Ел орталығы болғандықтан, Астанаға өз өңірімізден де, көрші елдерден де жұмыс іздеп келіп жататын адамдар аз емес. «Өкініштісі, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерден келген әйелдердің жағдайы қиындау. Бұл әйелдердің көпшілігі базар секілді сауда-саттық орындарында жұмыс істейді. Сол себепті, денсаулығына күтім жасамағандары көптеп кездеседі. Гемоглабиндері аз, экстрегениталдық патологияға жиі ұшырайды» дейді.

Маусым айынан бастап перинаталдық орталық атауын алатын перзентхана дәрігерлерінің білімі мен біліктілігі де жоғары. Гинекология бөлімшесіне жетекшілік ететін Бақыт Анапина 2007 жылы Жапонияда «Jeica» бағдарламасы бойынша кәсіби біліктілігін көтерсе, 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Корей республикасында өз саласы бойынша тәжірибе жинақтап, білімін шыңдаған.

Бала болашағына байланыс­ты кәсіпті нәсіп еткен Бақыт Анапинаның өмірлік жары да дәрігер, ортопед-травматолог. Отбасында екі қыз тәрбиелеп отырған дәрігер-ана олардың салауатты өмір салтын ұстанатынын қуанышпен жеткізді. «Үлкен қызым көркем гимнастикамен айналысады, ал кішісі спорттық бал биіне қатысады. Кенжесі дәрігерлікті ұнатады» дейді.

АНА ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ

Мол тәжірибе мен біліктілікті қажет ететін №1 перзентхананың жұмысы да шаш етектен. Астананың негізгі тұрғындарымен қатар, өзге өңірлерден, тіптен, көршілес елдерден келген тіркеусіз әйелдерге де үздіксіз қызмет көрсететін перзентханада түрлі сипаттағы оталар жасалады. Осыған жедел қарекет қыларлық тәжірибелі дәрігерлердің қажеттілігі сөзсіз түсінікті. Әсіресе, Леонид Козлов ағайдың бұл саладағы еңбегі ұшан-теңіз.

1982 жылы Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келген Л.Козлов Целиноград мемлекеттік медицина институтының даярлау бөлімшесіне тыңдаушы ретінде қабылданады. Араға жыл салып, осы институттың 1-курсына түсіп, 1989 жылы институтты ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, интернатурадан өтуге Целиноград қаласының №1 қалалық ауруханасына жолдама алады.

«Интернатураны аяқтағаннан бері бүгінге дейін осы перзентханада қызмет етіп келемін» дейді Л.Козлов еңбек жылдарына көз жіберіп. Анестезиолог-реаниматолог қызметін атқаратын ол жұмыс барысында тамырішілік наркоз жасау, перидуралды, сегізсөздік анестезия, бұғанаасты көктамырға пункция жасау секілді дәрігерлік көмек көрсетеді.

«Біздің негізгі міндетіміз – ауыр жағдайда түскен әйелдерге жедел дәрігерлік көмек көрсету. Жүрек-өкпе реанимациясы, перидуралды кеңістікке пункция секілді анестезия әдістерін қолданамыз» деп, жұмыс барысы жайында баяндады. «Бала босану кезінде көп қан жоғалтқан әйелдерге жедел көмек көрсетеміз. «Жедел жәрдем» көлігі жеткенше толғағы қысып, жағдайы қиындаған әйелдер перзентхананың қабылдау бөліміне жеткенше көп қан жоғалтатын оқиғалары жиі кездеседі. Осындай сәтте біз толық дәрігерлер бригадасы болып жүкті әйелді күтіп аламыз, жедел қарекет қылуға кірісеміз» дейді.

Ана мен бала өмірін алып қалу үшін араша түсетін ақ халатты абзал жандардың жұмыстары тәулік бойы толастаған емес. Бірінші біліктілік санатты анестезиолог-дәрігер Леонид Козлов гестозды емдеудің заманауи әдістерін де меңгерген. Әр адаммен тез тіл табысып, ортақ ой өрбіте алатын Л.Козлов – қайырымды әке, адал жар. Өмірлік мақсаты бір зайыбының кәсібі де ортақ, перинаталды алдын алу орталығында терапевт-дәрігер болып қызмет етеді. Екеуі үкілеп отырған ұлы да қара жаяу емес. 1-сыныпты тәмамдаған ол каратэмен айналысқанды ұнатады.

Салауатты тұрмыс салтын ардақ тұтқан дәрігерлер шаңырағы отанның кірпіші отбасыдан қаланатынын жете ұғынғандай.

Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =