Ұрлық неге көбейді?

0 69

Нұр-Сұлтан қаласы әлі үлкен қалаға айнала қойған жоқ, соның өзінде ұрлық белең алып тұр.
Жұмысымызға байланысты қалалық Полиция департаментінің жұмыс чатын қарап отырамыз. Полиция жұмыс істемейді деуге аузың бармайды.

Елордада күн сайын неше түрлі ұрлық жасалып, ізі суымай ашылып жатады. Толассыз ақпараттардың бірыңғай ұрлыққа қатысты екенін көргенде Нұр-Сұлтан қаласы ұрылардың қаласына айналғандай көрінетіні де бар. Одан бөлек, күнделікті ақпараттар, жаңалықтардан естіп-білетінің де сол ұрлыққа қатысты. Ұрылар қалғымайды, түнде кассаны тонайды, күндіз супермаркеттен киім ұрлап, бастан-аяқ киініп шығады, көршісінің велосипедін ұрлайды, тіпті туысы туысының пәтерін тонайтын оқиғалар бар… Статистика да мұны растайды, өткен жылғы құқық бұзушылық түрлері бойынша ұрлықтың басымдығы – 56 пайыз. Ұрлықтың ашылуы да жаман емес секілді, бірақ ашылған сайын ұрлық жасау қарқын ала ма дейсің.
Бізге ертегі сияқты, Осака қаласында адамдар кафеде тапсырыс беру үстеліне барғанда, жеке заттарын қараусыз қалдыруға дағдыланған. Барлығы бизнеске бағынатын қалада адамдар түннің бір уағына дейін жұмыс істеп, қоғамдық көлікте жүреді, кез келген әйелге түнде метрода жалғыз жүру – әдеттегі жағдай. Ал біз кеш болса шеткі аудандар түгілі, аялдамада жалғыз тұруға қорқамыз. Сингапурда полиция қызметкерлеріне жақсы жалақы төленеді. Жергілікті тұрғындар ұрының ұсталып, жазалану ықтималдығы өте жоғары екенін білетіндіктен, заттарын кез келген жерге қалдырып кете береді. Бізде автобуста қолтығыңа қысып тұрған сөмкеңнен айырылып қалуың мүмкін. Тек полиция ғана емес, халықтың өзі қырағылыққа үйреніп, жүрген жерінде тәртіптің болуына мүдделілік танытпаса, біз әлемдегі ең қауіпсіз қала – Токио сияқты шаһарға айнала алмаймыз…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =