Ұрланбаған нең қалды?

0 137

Абай атамыз «қазақтың міні – мал ұрлығы» деумен өтті. Ал қазір қазақта ұрлықтың бұдан өткен небір зұлым түрі «өсіп-өнгенін» естісе, абыз ақын не күйде болар екен?

Елімізде ұрланбаған не қалды? Мал ұрлығы, қалтаға қол салатын ұсақ-түйек ұрылар қазір «түйені жүгімен, биені бүгімен» жұтатындардың қасында «айналайын» болып қалды.

«Ұрлық» атты ауыр дерт­тің ішінде, әсіресе, «жем­қор» синдромы асқы­нып тұр. Беттің арын белге түйгендер бү­кіл бү­тін бір елдің қор­жы­нына қол салып, әбден құ­ны­ғып алды. Жем­қор­лықпен кү­рес күшей­ген сайын олар да ере­гісе түседі ғой дей­мін, айы­лын жияр түрі жоқ. Бюд­жет қар­жы­сын талан-таражға салып, қал­тасын қам­пайт­қан­дардың алды шетелге қа­шып кетті. Қап-қап қаржы қым­қыр­ғандарды құзырлы ор­ган­дар «болары болып, бояуы сіңгеннен кейін» ға­на іздейтініне таңқалам.
Бүгінде ән, күй ұрланса да селт етпейтін болдық. Өнер зерттеушілердің айтуынша, ұрланған әндер де, бұр­маланған әндер де же­терлік. Ұрланған әуен­дер төңірегінде былтыр үлкен дау тұтанғаны есі­мізде. Композиторлар Мұ­рат­хан Егінбаев пен Ма­рат Ілиясов «Аңсаған ауылым» мен «Қызым, саған айтамын» әндерінің ұқсастығына байланысты белгілі сазгер Алтынбек Қо­раз­баевты сотқа берген еді. Осы дау басылар-басылмаста Секен Тұрысбек елге ке­ңі­нен таралған «Көңіл тол­қыны» күйін ұр­лап алыпты деген сы­быс бұрқ ете қалды. Бұл – ақын Жарылқасын Аманұлы­ның «Боздақтар» атты күйі көрінеді.
Ең сұмдығы, қазір ұры­лар адамға да ауыз сала бас­тады. Тапа-тал түсте адам жоғалатын болды. Күні кеше Шымкентте 6 жас­тағы қыз мектеп ауласынан жоғалып кеткен. Басы­на орамал таққан жасамыс әйел алып кетіпті. Он күн бойы баласын шарқ ұрып іздеген байғұс ата-ана қызды тауып бергендерге 50 мың доллар береміз деп те жар салды. Қайта аман-есен табылды. Әлгі ұры әйел баланы базарлардың біріне әкеп тастапты. Бүлдіршінді қайда, не мақсатпен алып кеткені әзірше белгісіз.
Мұндай сұмдықтарды естігенде балаларымыз үшін қорқатын болдық. Бара-бара бір-бірімізді же­тек­теп жүретін сияқ­тымыз.
Адам ұрлығы секілді ауыр қылмыстардың кө­беюі – иманның жоқты­ғында. Жүрегінде жылт ет­кен жылылығы жоқ адам ешкімді де аямайды. Адам ұрлығымен, әсі­ресе, өмірдегі қулық-сұм­­дық­тардан бейхабар бейкүнә балаларды ұр­ла­ған, оларға зорлық-зом­былық көрсеткен азғын­дарға заң қатал болу керек. Ал, бізде керісінше. Сондықтан өз-өзімізге ғана арқа сүйеуге тура ке­ле­ді. Психологтардың айтуын­ша, отбасында өзін қор санап, ұрыс-керіс пен ұрып-соғуды көп көрген ба­ла ертеңкүні кекшіл, мейірімсіз болып өседі. Қыл­­мыс­керлердің көбі осын­­дай балалардың ара­­сы­нан шығатын көрі­неді. Сон­дықтан әр отбасы тәр­биені уыстан шы­ғар­­май, желкілдеп өсіп келе жатқан құлын­шақтары­ның бойына адам­герші­лік­ті, парасат­тылық пен имандылықты сіңі­руге басты көңіл бөлгені жөн.

 

Қымбат 
ТОҚТАМҰРАТ,
q.togtamurat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 7 =