ҮРКЕРЛІКТЕРДІҢ ҮМІТІ ЗОР

0 177

zah_3296-asli

Сенбі күні Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Үркер тұрғын алабындағы №69 мектептің базасында болып, халық алдында есеп берді. Үркер тұрғындары жиында қар күреу мен қоғамдық көліктердің кестеге сәйкес жүрмейтінін айтып шағымданды. Кездесуге Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов бастаған қалалық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Үркер тұрғын алабының құрылысы 2003 жылы басталған болатын. Небәрі 15 жылдың ішінде тұрғын алабы ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде өсті. Мысалы, Үркердегі 2 488 үйде бүгінде 12 368 адам тұрады. Сондай-ақ, Үркердегі 1 200 орындық мектепте 1700 бала білім алып, үш балабақша 760 баланы тәрбиелеп жатыр. Әкім өз баяндамасында Үркерде жасалып жатқан игі істерді жан-жақты айтып өтті.
– Қазіргі таңда Үркер тұрғын алабына №35, 36 және 103 қоғамдық көліктері қызмет көрсетеді. Тұрғындардың талаптарына сәйкес, №35 автобус өткен жылы өзгертіліп, №209 көшеге дейін баратын болды. Сондай-ақ, екі автобус аялдамасы орнатылды. Тұрғын алабының негізгі көшелерінің барлығы дерлік жарықпен қамтылған. Бұдан бөлек, 62 көшеге аты жазылған тақтайшалар қойылды, – деді аудан әкімі.
Ермағанбет Бөлекбаевтың баяндамасынан кейін үркерліктер сұрақтарын қарша боратты. Исатай батыр көшесінің тұрғыны қар дұрыс тазаланбайтынын, соның салдарынан көктемде батпақ кешетінін айтады. Ал жазда көлшікке айналған қар суына маса қаптап кететін көрінеді. Сонымен қатар, ол көшелерге нөмір қойылмағаннан кейін жедел жәрдемнің келуі қиын болып отырғанын жеткізді. Ермағанбет Қабдоллаұлы алдағы уақытта қардың тазаланатынын, ал үйлердің нөмірлеріне қатысты жұмыстардың жасалып жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, тұрғындар қоғамдық көліктердің кестеге сәйкес жүрмей­тінін айтып шағымданды. Осының салдарынан бір сағат бойы автобус күткен балалар тоңып қалып жатыр.
– Аязды күндері №35 және 36 автобус­тарды бір сағат бойы күтіп қаламыз. Ал №69 мектепке жан-жақтан оқушылар келіп оқиды. Аталған автобустардың кестеге сәйкес жүрмеуінің салдарынан балалар тоңып қалады. Өкінішке қарай, таксилер тоқтамайды. Бұл мәселе жыл сайын айтылады. Алайда әлі күнге дейін шешілген емес, – деді тұрғын.
Аудан әкімі жауапты сала өкілінің бұл мәселеге қатысты пікірін сұрады. Мұндай кемшіліктердің бар екенін жасырмаған ол қоғамдық көліктерді айырбастап, жаңасын сатып алуды жос­парлап отырғанын айтты. Егер жолға жаңа автобустар шығатын болса, кестеге сәйкес жүруге мүмкіндік тумақ.

5824afd650b643ac098b45f5-asli

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 11 =