«Үркердің» ұлық жұлдызы

Елордада – есімі

0 92

Елордадан Қорғалжын тасжолымен шығып коттедждер қалашығы Үркерді бетке алып жүрсеңіз, Бекет ата көшесін тез табасыз. Арқаның адамдары үшін Бекет ата есімі аса таныс болмауы мүмкін. Арнайы іздеп барғандарға «Маңғыстауда Пір Бекет!» деген сөз жақсы таныс. Сол себепті де осы өңірден шыққан газетіміздің тұрақты авторы, белсенді оқырманы, сәулетші, жазушы Сайын Назарбекұлына өтініш жасап, Бекет Ата туралы айтып беруін өтінген едік.Кез келген маңғыстаулықтың ана құрсағынан шыр етіп жарық дүниеге шыққан сәтінен бастап, сол жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі аузынан түспейтін, құлағынан кетпейтін, санасынан өшпейтін, Алласынан кейін қасиетіне табынар, тағдыр қысқанда арқа сүйеп жалынар, кінәсіздігіне «Бекет атсын» деп ақталар, медет іздегенде – Ер Бекет! – деп шағынар, бүкіл елдің ары менен намысы іспеттес сөз бар. Ол сөз – Бекет Ата!
Бекет – тірілей Пір атанып, адай елінің ұраны мен рухани панасына айналған адам!
Жас кезінен ата-баба туған топырағын азат ету жолындағы ерліктері, қысылшаң кезде жол тапқыш көріпкелдігі оны Ер Бекет атандырады. Бекет Мырзағұлұлын елі бірте-бірте өздерінің рухани ұстазына, қасиетіне табынар әулиесіне айналдырады.
Ата тегі туралы бірер сөз.
Бекеттің тек шежіресі: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет.
Бекет Атаның анасы – Жания, Маңғыстауға алғашқы келген ислам дінін таратушы, Назар қожа қызы. Назар қожа Әлмембет ауылына тұрақтайды.
Әлмембеттің: Табынай, Бәубек, Шоңай, Зорбай атты төрт ұлы бар еді және оның тәрбиесінде қайтыс болған iнiсiнен қалған ауру қызы да болады. Сол қызды Назар қожа емдеп жазады да, Әлмембет Назар қожаны сол қызына үйлендіреді және Назар қожаны бесінші ұлым деп жариялайды. Бекеттің анасы Жания – солардың баласы. Сонымен: Адай шежіресі бойынша Бекет нағашысы Назар қожа бабалары: Адай – Келімберді – Тобыш – Ораз – Жайық – Әлмембет – Назар қожа.
Бекеттің нағашысы Тама Есет Көкұлы (1667-1766) қалмаққа қарсы соғыстарда ерен батырлығымен елге танылып: «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» делінетін, халық мәтеліне айналған әйгілі Есет батыр екен.
Бекет жасынан білуге құштар және табиғи танымы зор адам болған. Ол Хиуа қаласындағы Шерғазыхан медресесінде Мұхаммадұлы Пақыржан (Фахраддин) Пірден 7 жыл дәріс алады. 21 жасында Маңғыстауға оралып, талай жорықтарға қатысып ерлік, тапқырлық, көріпкелдік қасиет­терімен Ер Бекет атанады. Кейін ислам дінін уағыздап, өмірінің соңына дейін шәкірт оқытып, ұстаздық етеді. Осы кезеңде софылық дәрежеге дейін жетіп, Бекет софы, Пір Бекет атанады. Бірнеше жерасты мешіт салады. Ел аузындағы әңгімелерде ол салған мешіт саны – жетеу, нақты белгілісі – бесеу. Олардың төртеуі – әкжартастарды үңгіп, жасалған ғимараттар.
Бекет атаның азаматтық, машайықтық, әулиелік қасиеттерін Әбіш Кекілбаев былайша толғана суреттеген еді: Ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге – медет, күштіге –айбар, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз, ұлысқа – ұран, ел иесі – жер киесі!
Біз де атамызға 1997 жылы «Ер Бекет ата» атты өлеңімізді арнаған едік. Бұл өлеңге сол жылы шымкенттік сазгер Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспанов тамаша ән шығарған болатын. Зор дауыспен айтылатын бұл ән автордың өзінің орындауында және маңғыстау­лық Әбіл әншінің орындауында елге танымал болды.
Есте жоқ ескі заманнан жатталып қалған «Маңғыстаудың ойында 360 әулие» сөзіне адайлар Маңғыстау атамекенін қалмақтар мен түркімендерден босатқан кезде еңбегі ерекше болған туған жерді азат ету күресінде ерекше ел-жұртты біріктіруге, байлығымен көмек еткен Саназарды, рухани күшімен көмек еткен Ер Бекетті әулиелер санатына қосады да, енді «Маңғыстаудың ойында 362 әулие» деп айтыла бастайды.
Еліміздің рухани тіршілігіне аянбай еңбек етіп, зор үлесін қосып жүрген философия және тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев: «Ұлы баба есімі өз тұсында Бұхара, Хорезм мекендерінде жарық көрген энциклопедиялық ғылыми кітаптарға енген. Мысалы, «Рисолайи хилфат суфихо» кітабының 11-бетінде: «Бекет ата – пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі. Алла тағалаға ең жақын және Алла тағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам» деп тамаша суреттелген. Бекет ата – тарихта сирек кездесетін феномен тұлға» деп дерек келтіреді.
Елдің Бекет ата басына зиярат етуге құмарлығы неліктен?
Бекет бабамыздың – Хорезм мен Түркімен жерінен 400 шақырым, Атырау мен Нөкістен – 500, Ақтау мен Ақтөбеден 300 шақырым жол жүріп, Орал, Қызылорда, Шымкенттен мыңдаған шақырым, тіпті шет елден сапар шегіп, тек қана «Желей гөр ата, жебей гөр, ата» деп жалбарынып қайту үшін соншама шығындануы, біраз ойлануды қажет ететін құбылыс. Ел ата басына барып, өздеріне рухани жұбаныш тауып, бір адами міндетін орындап қайтқандай болып қайтады. Біз де барып тұрамыз.
Бір жолы Бекет ата басына екi күн қонып қайттым. Бірінші күнi бiз түнеген үлкен бөлмеге 52 адам қонып шықса, келесi күнi 34 адам жайғасыпты. Күндiз зиярат етiп, қонбай қайтып жатқандары қаншама?
Бір таңқаларлық құбылыс. Зия­рат етуге келген қыз-келіншектер келе сала тамақ дайындау, тазалық жұмыстарына ешкім жұмсамай кірісіп кетеді. Жас жігіттер зияратшылар әкелген малдарды сойып, бұтарлап, қазанға салып жатады. Жар басындағы көп орындық мешіт маңын тазарту, су шашып тұру да – солардың міндеті. Ешкімді ешкім жұмсамайды. Әркім бір шаруа тауып алып орындағанға құмар. Осындай түсінік болмаса күніне бірнеше жүздеген адамдар келіп, кетіп, түнеп жататын орынды таза ұстау мүмкін болмас еді.
Сәті түскен бір күні Қойшығара Салғараұлы екеуміз де түнеп қайтып едік. Сол кеште ата мешітінде түнеп қалатындарға берілген кешкі асқа 100 кісіге табақ тартылды. Барлығына төсек-орын жеткілікті болды.
Елімізді рухани жаңғыртамыз деп ұран қабылдап жатқан кезде Бекет ата секілді тұлғаларды көбірек жастарға үлгі тұта, ерекше қасиеттерімен таныстыру, жастар рухына көп әсері болмақ. Біздер, маңғыстаулықтар, атамызға мемлекет астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан көше атын берілуін зор қуанышпен қабылдадық. Бекет ата – қандай құрметке де лайық тұлға.

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + seven =