«Үркерде» тағы бір мектеп салынады

0 27

Елорданың Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің халыққа есеп беру кездесуі «Үркер» тұрғын алабында жалғасты. Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов ашып берген кездесуде аудан басшысы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға және ең өзекті мәселелерге тоқталып, елдімекен тұрғындарының проблемаларына құлақ түрді.

Жалпы, өткен жылы iKomek109 қызметіне Есіл ауданы тұрғындарынан 17 мың өтініш келіп түскен. Соның 868-ін үркерліктер жіберген. iKomek-тің проблемаларды шешуге септігі жақсы тиіп жатқанын, жалпы кері байланыстың пайдасы көп екенін айтқан әкім әлеуметтік сала және аудан тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды салаларға тоқталды.
– Елордаға қазір халық көп көшіп келіп жатыр. Сол себептен бас қала тұрғындарының саны артуда. Мұны жаман деп айтпай-ақ қояйын, қазақ «елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпайды. Мәселен, «Үркерде» 16 мың тұрғын тіркелсе, іс жүзінде 25 мың адам тұрады. Қазіргі басты мақсаттарымыздың бірі – үш ауысымдық оқыту жүйесін болдырмау. №88 орта мектептің ашылуы бізге бес мектептегі бала санының тығыздығын азайтуға мүмкіндік берді. «Үркердегі» №69 мектептің жағдайы да бізге таныс. Мұнда қазір 3080 бала оқып жатыр. Сондықтан қала басшылығы 900 орындық мектептің жобасын жасап, оның құрылысын бастау туралы шешім шығарды, – деді Б.Жәкенов.
«Үркер» тұрғындарына №12 қалалық емхана медициналық қызмет көрсетеді. Оған 23700 адам тіркелген. «Мұнда белгілі бір салаға маманданған дәрігерлер жетіспейді. Бұл мәселені қазір шешіп жатырмыз. Балаларды «Мастер» жақтағы №2 балалар ауруханасына апармас үшін жақын маңдағы емханаларға мемлекеттік тапсырыспен орналастырымыз деп жоспарлап отырмыз. Қалалық Қо­ғам­дық денсаулық сақтау бас­қармасымен бұл мәселе бойынша келісімге келдік» деді аудан әкімі.
Абаттандыру жұмыстарына тоқталған аудан басшысы Ақдала және Байғозы батыр көшелерінде шағын бақ ашылғанын, №201 көшеде халықаралық стандарттармен хоккей корты салынғанын атап өтті. Биыл ауданда жүзеге асырылатын «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы абаттандыруға тұрғындар да қатыса алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ашық құдықтарды жабу бойынша үлкен жұмыс жүргізілген.
– Былтыр тұрғындардан әлеуметтік желілер ар­қылы хабарламалар түсе бас­таған соң, бұл жұмысты бел­сенді түрде қолға алдық. Жаңа жылға дейін қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының жәрдемімен 1072 ашық қалған құдықты жаптық. Жыл басынан бүгінге күнге дейін «Астана су Арнасы» кәсіпорнының көмегімен тағы 692 құдық жабылды. Біз басты орынға тұрғындардың қауіпсіздігін қойып отырмыз. Бірақ өкінішке қарай құдық қақпақтарымен қатар плиталарды ұрлайтындар әлі де кездеседі. Ашық қалған
құдықтарды көрсеңіздер, дереу бізге хабарлаңыздар. Бұл мәселе бойынша сіздерден көмек күтемін, – деген Б.Жәкенов «Үркерде» өткен жылы учаскелік полиция пункті де ашылғанын мәлімдеді.
Биыл қардың көп түсуіне байланысты тасқынды алдын алу жұмыстары ертерек басталғанын айтқан әкім өткен аптада Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен «Үркердегі» су басу қаупі бар аймақтарды қарап шыққанын жеткізді. «Цифрландыру заманында өмір сүріп жатырмыз. Қазір қауіпті аймақтарды анықтау­да жаңа технологияларды қолданып жатырмыз. Осы арқылы су қай жаққа қарай ағатынын қателеспей анық­таймыз. Тасқынға қарсы жұмыстар сондай аймақ­тарда жүргізілетін болады» деді Б.Жәкенов. Қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төгетіндермен күрес күшейетінін айтып өтіп, осындай 10 орынға «Сергек» камералары орнатылатынын жеткізді. Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «Clean City NC» ЖШС айналысатынын15 жаңа контейнерлік алаң орнатылғанын мәлімдеді. Тұрғын алапты көгалдандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілетінін, бұл мәселе тұрғындармен бірге атқарылатынын айтты. Келесі жылы елдімекенге жылы аялдама орнатуға септесуге уәде берді.
Кеше Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов қаладағы №75 мектеп-гимназиясында тұрғындармен есепті кездесуін өткізді.
Кездесуде аудан басшысы былтырғы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімі: «Былтыр жүзеге асқан жұмыстарды уақытында және сапалы орындау үшін бар мүмкіндікті пайдаландық. Ең бастысы, тұрғындардың өтінішін жерде қалдырмай, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге ұмтылдық» деді ол. Сондай-ақ Берік Жәкенов құрылыс, жол, апатты үйлер, көп қабатты тұрғын үйлер, абаттандыру, жарықтандыру мәселелеріне жеке-жеке тоқталып өтті. Білім, мәдени-спорттық шаралар мен аудандық ардагерлер ұйымының жұмысы да назардан тыс қалмады. Айтпақшы, қазір ауданда алты соғыс ардагері тұрады. Жасы ең үлкен майдангер Нұрмахан Алпысбаев қария – биыл жүз жасқа толады.
Әкімнің баяндамасынан кейін тұрғындардың сауалдары басталды. Олардың дені тұрғын үйдің қауіпсіздігі, жол, жылы аялдама және кейде аузы судың жоғары қабатқа көтерілмейтіндігі жайында болды. Берік Жәкенов бұл мәселелерді жіті қарап, шешімін табу үшін назарда ұстайтындығын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =