ҮРІМШІ МЭРІМЕН КЕЗДЕСТІ

0 162

ERA_2818

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун Үрімші қаласының мэрі Ильхам Сабыр мырза бастаған бір топ делегация өкілдерімен кездесті.

Үрімші мэрінің Астана қаласына жасаған ресми сапары аясында ұйымдастырылған кездесу барысында Сергей Михайлович Қытай арқылы тауар айналымының жыл өткен сайын артып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, бас қаланың дамуына тоқталды.

«Биыл жас елордамыз 16 жасқа толды. Өзін-өзі қаржыландыра алатын деңгейге жетті. Келесі жылдан бастап республикамыздағы төрт донор қаланың біріне айналамыз» деді қала әкімінің орынбасары. Соңғы 16 жылда қала аумағының үш есе өскенін, Астана аумағында 55 мың шағын және орта кәсіпкердің барын, электровоз, локомотив, дизельді двигательдер және алтын өндіретін зауыттың жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Кездесуде Үрімші қаласының мэрі Ильхам Cабыр Үрімшінің ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданындағы қалалық әрі әкімшілік аймақ екенін, Қытай деректерінен басқа «Үрімші қаласы» төртінші орталық қалалық аймаққа жататынын айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 22,5 млрд АҚШ долларын құраса, соңғы алты айдағы көрсеткіш 9 млрд АҚШ долларына жеткен. Астана қаласы мен ҚХР арасындағы тауар айналым көлемі 2013 жылы 1,265 млрд АҚШ доллары шамасында болса, биылғы жарты жылдықта 600 млн АҚШ долларын құраған.

Кездесу барысында Астана мен Үрімші қалалары арасындағы алдағы уақытқа жоспарланған бірқатар іс-шаралар талқыланды. Жалпы, Астана мен Үрімші арасындағы бірлескен жұмыстың маңыздысы – ауыл шаруашылығы саласындағы байланыс. Осы орайда «Астана ӘКК» АҚ ҰК мен «Үрімші» мемлекеттік активтердің инвестициялық компаниясымен серіктестік туралы жасалған меморандумның маңызы зор. Бұл құжат келешекте жылыжай шаруашылығы, ауыл шаруашылығы саласында біріге қызмет етуге мүмкіндік берумен қатар «Аймақтық тұрақты қордың» дамуына оң ықпал етеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =