Университетте оқып жүр шетелдiң талай баласы…

0 77

Жаһандану үдерiсi жастарға шетелде оқу үшiн үлкен мүмкiндiк тудыруда. Бiрiккен ұлттар ұйымының мәлiметiнше, 1995 жылы әлемде шетелдiк студенттердiң саны 1,3 миллион болса, 2000 жылы 2,1 миллионға өсiп, 2009 жылы 3,7 миллионнан асты.
Шетелдiк студенттердiң саны күннен күнге артқанымен, үкiмет тарапынан қаржыландыру төмендей түстi. Сонда шетелдiк студенттердi кiм қаржыландырып отыр? Саны неге артуда?
АҚШ-тың Халықаралық бiлiм институты тарапынан жасалынған сараптама бойынша, АҚШ университеттерi шетелдiк магистранттар мен докторанттардың 45 пайызына қаржылай көмек көрсетсе, қалғаны өз қаражаттарымен оқып жүр. Осыған қарағанда, бұған дамушы елдерде өмiр сүру деңгейiнiң көтерiлуi септiгiн тигiзiп отыр. Осылайша,  шетелдiк студенттер мәселесi балама шешiм ретiнде, бiр жағынан, нарықта қаржы көзi болса, екiншi жағынан, ғылыми зерттеудi дамыту үшiн адам ресурстары көзi болып табылады.
Соңғы жылдары Студенттердiң халықаралық ағымы iрi салаға айналып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәлiметi бойынша, осы ұйымға мүше елдердiң өзiнде 2000 жылы шетелдiк студенттер нарығы 30 миллиард АҚШ долларын құраған. Кейбiр статистика орталықтары бұл нарықты 1999 жылдың өзiнде 2 триллион доллардан асып түсетiнiн шамалады. 2005 жылы шетелдiк студенттер АҚШ эконо­микасына 13 миллиард доллар көлемiнде үлес қосқан. Бiлiм экспорттаушы мемлекеттердiң басында АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Италия және Канада тұр. Бiздiң елдiң де осы бағытты ұстанатынын Президенттiң «Болашақ» бағдарламасына өзгерту енгiзгенiнен байқауға болады. Елбасы негiзiн қалаған Назарбаев университетi мен Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетi – осының үлгiсi.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де үш жүзге жуық шетел студенттерi оқиды. Олар – Ауғанстан, АҚШ, Әзербайжан, Беларусь, Жаңа Зеландия, Жапония, Қытай, Қырғызстан, Моң­ғолия, Оңтүстiк Корея, Өзбекстан, Румыния, Ресей, Тәжiкстан, Түркiменстан, Украина елдерiнiң өкiлдерi. Шетел студенттерiнiң басым бөлiгi түрлi мемлекетаралық гранттар негiзiнде бiлiм алады. Бүгiнгi таңда олардың 10 пайызға жуық бөлiгi ғана ақылы негiзде бiлiм алуда.
Бiлiм алатын шетел студенттерiнiң жарты­сынан астамы тарихи отанына оралған ұлтының өкiлдерi болып табылады. Шетелдiк студенттер санының көбеюi елдегi жоғары оқу орын­дарының халықаралық рейтингiнiң көтерiлуiне тiкелей септiгiн тигiзедi.
Өткен ғасыр мен соңғы онжылдықтар аясында Еуропа және Солтүстiк Америка бiлiмгерлерi  Жапонияға қарай ағылса, былтырғы қыркүйек оқиғасынан кейiн бұл бағыт бәсеңдей түстi. Аталмыш нарыққа Сингапурдың, Оңтүстiк Корея мен Малайзияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары атсалысуда.  Әр елдiң ғылыми-технологиялық дамуы, инновациялық өрлеуi университеттердiң осы нарыққа кiруiмен тiкелей байланысты екенiн байқауға болады. Соңғы жылдары аталған мемлекеттер жаңа экономикалық дамудың үлгiсiне айналғаны жалпыға мәлiм. 2008 жылғы қаржы дағдарысы және қазiргi Еуропалық Одақ пен АҚШ-тағы экономикалық шырғалаң Қытай, Үндiстан сияқты елдердiң шетелдiк студенттер нарығына кiруiне үлкен мүмкiндiк жасады. Ендi  бұл бәсекелестiкке қарсы еуропалық универси­теттер қарқынды жұмыс жүргiзуде. Еуропада шетелдiк студенттердi кiрiс көзi ретiнде ғана қарастырып қоймай, оларға кәрi құрлықтың демографиялық құлдырауына балама шешiм ретiнде қарайды. Демографиялық тұрғыдан жастар саны азайып кеткендiктен универси­теттер жергiлiктi талапкерлердiң орнын толтыру үшiн шетелдiк талапкерлерге мұқтаж болып отыр. Студенттердiң халықаралық ағымын жол­даушы әрi қабылдаушы тараптың үкiметтерi қолдап отыр. АҚШ-тың «Фулбрайт», Еуропа­лық Одақтың «Эразмуз Мундус» бағдарла­ма­лары осыған айқын дәлел. Елiне оралған студенттер екi елдiң тәжiрибесi мен мәдениетiн насихаттаумен қоса, сауда айналымы мен ортақ жобалар үшiн дайын адам ресурстары болып табылады.
Бiлiм  ордалары елiмiздегi экономикалық жетiстiктерiне сай бiлiм мен ғылым саласында айтарлықтай көрсеткiштерге қол жеткiзiп отыр. 2011 жылғы QS рейтингi бойынша әлемдегi 450 университеттiң қатарына кiрсе, 2011 жылы дүниежүзiндегi ең үздiк 400 университеттiң қатарында болады деп күтiлуде.
Бұған ЕҰУ-дың бiлiм және ғылым саласында әлем университеттерiмен белсендi ынтымақ­тасуы, шынайы әрiптестiк құруы орасан зор үлес қосып отыр. Әлемнiң түрлi елiндегi 100-ден аса жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келiсiмшарт жасалып, студенттерiмiз шетелдiк жоғары оқу орындарында бiлiм алуға, оқытушы-профессорларымыз тәжiрибе алма­суға,  бiрлесiп ғылыми-зерттеу жобаларын құ­руға, әлемдегi соңғы ғылыми жетiстiктердi Қа­зақ­стан ғылымына енгiзiп, бiрлесе қызмет iс­теуге жол ашуда. Сондай-ақ, Испанияның елшi­лiгiмен келiссөздер нәтижесiнде универси­тетiмiзде аймақтағы жалғыз  Испан тiлi орта­лығы ашылды. Қаржы мәселесiн елшiлiк өз мойнына алды. Бұл студенттерге тiл үйренiп қана қоймай, испан тiлiн меңгергендiгi туралы «DELE» куәлiгiн иеленуге мүмкiндiк бередi.
Осы жылдың 10 мамырында, Қазақстан Республикасындағы Польша елшiлiгiнiң қаржылық қолдауының арқасында  ЕҰУ-де Поляк мәдени-оқыту орталығының ресми ашылу салтанаты өттi. ЕҰУ-дың оқытушылары мен студенттерi поляк елiнiң тiлi мен мәде­ниетiмен ғана танысып қоймай, бiлiм сала­сындағы байланысты ұйымдастыру­шылардың алдын ала ұсынысымен, стипендиялық бағдар­ламаларға да қатыса алады.
ЕҰУ-дың оқытушылары,  түлектерi мен студенттерi «Болашақ» стипендиясының сайысына белсене қатысуда. Соңғы жылдары университетiмiз республикадағы  жоғары оқу орындарының iшiнде стипендиаттар саны жағынан бiрiншi орынды бермей келедi.
Қазiргi таңда ЕҰУ-да әлемнiң 14 мемлекетiнен келген 256 шетел азаматы бiлiм алуда.

Әлен САБЫРОВ,
Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дiң халықаралық қатынастар департаментiнiң директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 5 =