УНИВЕРСИАДАҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

0 108

клод

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) президенті Клод Луи Галльен келіп, 2017 жылы Алатау бөктерінде өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындықтың қалай болып жатқаны туралы әңгіме қозғады.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Уни­версиадаға ғана емес, одан да ірі жарыстар өткізуге әзір. 2022 жылғы Олимпиада ойындарының да Алматыда өтуі ғажап емес. Универсиада жолында жасалып жатқан да­йындықты тексеріп шықтым, бәрі жақсы» деді FISU президенті.

Оның айтуынша, жергілікті федерация еріктілер мен техникалық қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасайтын бағдарлама әзірлеуде. Жалпы алғанда, Клод-Луи Галльен Алматыда 2017 жылы өтетін Универсиаданы көрген де, көрмеген де арманда қалады деп отыр.

Ал ҚР Ұлттық студенттік спорт федерациясының президенті Қай­рат Закарьяновтың айтуынша, Универсиада сайыстарына арналған спорттық нысандар 2014 жылдың сәуiрiнде салына бастайды.

«Алматыда 12 мың және 3 мың орынға арналған екi iрi спорттық нысан салынады. Сондай-ақ, бұдан бөлек спортшыларға арналған олимпиада ауылының құрылысы басталады. Мұның бәрі Универсиада біткен соң Алматы қаласының студенттерiне берiледi деп жоспарлап отырмыз. Себебі, Алматыда студенттiк жатақханалардың өте аз екенi бәрімізге белгілі» деді Қайрат Қайроллаұлы. Ол өз сөзінде Қазан қаласында өткен Универсиаданы мысалға алып, жарыстан кейін де сондағы спорттық ғимараттардың халық игілігіне қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

Брифингке қатысқан «Универсиада – 2017» атқарушы дирекция­сы мемлекеттік қорының дирек­торы Илья Оразақов та айтулы додаға жұмсалатын қаржының қа­зіргі уақытта әлі нақтылана қой­ма­ғанын айтты. Оның айтуынша, қаражат жұмсау жұмыстары екі бөліктен тұрады. Біріншісі инфра­құрылымға, яғни спорттық нысандар, қонақүй және медиаорталық бағыттарына жұмсалса, ақшаның екінші бөлігі жарыстың ұйымдастыру жұмыстарына бөлінбек. Қазір елі­мізде 12 елдің өкілдерінен құралған 27 адамнан тұратын техникалық тексеру қызметкерлері жүр. Солар­дың жұмыстарынан кейін ғана Дү­ниежүзілік Универсиадаға кететін шығын көлемі нақтыланбақшы.

Нұрислам Құспанғали

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =