Үнемі ізденіс үстінде…

0 35

Қазір екі баланың біреуі IT саласының маманы болсам деп армандайды. Қарыштап дамып келе жатқан технологиялар дәуірінде аталған мамандыққа мемлекетіміз де айрықша көңіл бөліп отыр. Елордамыздың үздік педагогы, политехникалық колледж оқытушысы Жанна ­Әбдірахманова – IT саласында шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті ұстаз.Әдетте орта білім беру мен жоғары білім беру орындарын көп айтамыз да, кәсіптік білім беру жағын қарастыра бермейміз. Жұрт алдына жиі шығып мақтанбаса да, он сегізге әлі толмаған жасөспірімдерге тәлім мен тәрбие беріп жүрген оқытушылардың еңбегі зор. Дендеген індеттің қаупінен қорықпай, қайтсем «бала оқытамын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген педагогтар өздерінің міндетін абыроймен атқаруда. Жанна Әбдірахманова да білім берудің жаңа үдерісінен қалмай, алғы шепте келеді. Төккен тер мен еткен еңбегі ақталып, биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қолынан қаламыздың құрметті педагогы атағын алды.
Жанна Есімбекқызы тауы мен тасы талай тарихтың сырын шертетін аңыздар мекені, арқаның жасыл аралы – Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Анасына қарап ұстаз болуды армандаса, өмірін авиацияға арнаған әкесіне қарап арманға берік болуға серт етті. Сол кездегі іргелі білім ордасы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, кейін Көкшетау экономика және менеджмент институтында білім алды. Білікті маманның ұстаздық жолда келе жатқанына биыл тұп-тура 22 жыл толады.
«Жалпы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қызмет етіп келе жатқаныма он бес жылдан асты. Жасөспірім балалармен жұмыс істеу оңай емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Оң-солын әлі танып үлгермеген балаларға бірде ана болсақ, бірде оқытушы боламыз. Студенттердің әрқайсысы – жеке әлем, жеке тұлға. Өздеріне ғана тән көзқарастары бар. Соған сай оқытуда да әртүрлі әдістерді қолданамыз. Тәрбие жұмысымыз да білім беру қызметімізбен тығыз байланысты» деді Жанна Әбдірахманова.
Қоғамның әрбір азаматын тәрбиелеу жолында кез келген педагог жанкешті еңбек етеді. Білім сапасының өсуі де мұғалімдік қызметтің беделіне тікелей байланысты. Ендеше еліміздегі педагог мәртебесін көтеру бүгінгі күннің басты тақырыбы емес пе?!
«Колледждердегі білім беру сапасы көптеген факторларға байланысты. Біріншісі, педагог мәртебесі деп ойлаймын. Жылдар бойы мұғалімнің беделі едәуір төмендеп кеткені шындық. Алайда білім беру қызметі қоғам үшін әрқашан маңыз­ды екенін ескеріп, үкімет тарапынан қолдау тапты. Бұл – ұстаздар үшін қуантатын жағдай. Педагог білім беріп қана қоймай, білім алушыларға бағыт-бағдар көрсетеді. Студенттерді кәсіби маман етіп қалыптастырады. Екінші фактор, оқытушы өзінің педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Алдыңда отырған әр студентті ынталандыратын, білім алуға құштарлығын оятатын жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Үшінші фактор, мектептердегі білім сапасына байланысты. Себебі колледж­ге кешегі оқушы түседі. Ал оның негізгі білім қалпы мектептегі үйренген білімімен қалыптасады. Төртіншісі, кәсіптік білім берудің деңгейі. Студенттерді техникалық мамандықтарға көбірек тарту керек. Мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді жүргізіп, мамандықтар туралы ақпарат беру қажет. Сондай-ақ біз дайындап шыққан жас маманға қосымша жұмыс орындарының ашылғаны дұрыс болар еді» деді кейіпкеріміз.
Жанна Есімбекқызы – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарына сабақ береді. Модульдік құзыреттілік тәсілі негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын дайындаған және педагогтарға арналған әртүрлі байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, «Үздік авторлық әзірлеме» байқауында 2-орын, «Үздік педагог» қалалық байқауында 2-орын алған. Оқытушылар арасында тәжірибе алмасу конференцияларына, семинарларға қатысып келеді. Студенттерді Worldskills ғылыми-практикалық конференцияларға, кәсіби шеберлік сайыстарына дайындап жүр.
Жанна ­Әбдірахмано­ва­ – үнемі ізденіс үстінде жүретін табанды жан. Білім беруден бос уақытында қолөнермен айналысып, отбасына көңіл бөледі.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =