Үнемдеу үрдісіне үндейді

0 96

Қалалық халық қалаулылары «Энергия үнемдеу тиімділігін арттыру жолдары» атты дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Бұл жиынға депутаттармен бірге энергия үнемдеуге атсалысып жүрген бірқатар компания өкілдері, қалалық жылу, энергия тораптарының басшылары қатысты.

Мұндай мәселе күн тәртібіне бекер қойылмағаны белгілі. Пікір алмасу барысында Астананың энергия үнемдеуі қандай деңгейде, оны кім қалай дамытып жатыр деген сауалдарға нақты әрі тиімді жауаптар іздестірілді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған «Қазақэнергосараптама» АҚ Стратегиялық талдау департаментінің директоры Әнуар Қошқарбаев осы саладағы мемлекеттік ұстаныммен таныстырып өтті. Былтыр ғана өзгеріске ұшыраған жаңа заңның тиімділігі күн өткен сайын артып келе жатқандығына екпін түсірді.

«Жүйелі технологиялар орталығы» ЖШС директоры Вера Садықова Қазақстанның ерте ме, кеш пе әлемдік стандартқа сай жұмыс істеп, энергия үнемдеу тәсілін сынақтан өткен жүйеге көшу арқылы меңгеріп өркениет көшіне ілесетінін алға тартты. «Қазір әлемнің дамыған озық мемлекеттері мысалы Бразилия, АҚШ, Корея, Еуропа елдері, ОАР да ISO 50001 жүйесіне көшкен. Қазақстанда да бұл жүйені зерделеу жолға қойылып келеді. Оның тиімділігі іс жүзінде дәлелдене бастады» деп бірқатар сандық көрсеткіштерге тоқталып өтті. Іргелі ел бола отырып әлемдік даму көшінен қалмас үшін жаңа шыққан технологияның күші мен қауқарын бағалай білуіміз шарт. Осы жөнінде сөз алған «ЭнКом-СТ» компаниясының директоры Александр Энтин Астананың бірқатар мектептерінде аталмыш энергия үнемдеу технологиясын орнатқаны туралы айтты. Мысалы, №15 мектепте орнатылған осындай жылу үнемдегіштердің арқасында жылу сақтау 25 пайызға артқан. Оның үстіне бұл жөндеу жасалмаған, терезелері бекітілмеген ескі ғимаратта отырған мектеп екенін ескеру қажеттігіне де баса назар аударды. Қаладағы ғимараттар саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанмен, оларды жылу мен жарықпен қамтамасыз ету орталықтары сырттан ешбір көмексіз-ақ жұмыс жасап келе жатқандығы анық. Олардың барлығына үнемдеу технологияларын енгізсе, бұл келешек алдындағы залалсыз тұтыну тетігін жетілдіру болып табылар еді. Дөңгелек үстелге сонау Ресейден артынып-тартынып жеткен кәсіпкерлер де өз ұсынысын ортаға салды. Немістің «Вагнер» инженерлік-өндірістік тобының ТМД мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері бойынша сыртқы экономикалық байланыс директоры Денис Гительман өзі көрсеткен нанотехнологиялардан жасалған өнімдер қалдықсыз жұмыс жасауға бағытталғанына тоқталды. Осындай алдыңғы қатарлы өнімдерді ұтымды пайдалана отырып, қаланың энергия үнемдеуін біліктілікпен дұрыс жолға қоюға болатындығын дәлелдеп бақты.

Әрине, Астананың ғана емес, еліміздің әр түкпірінде энергия жұмсау жылдан жылға қымбаттап келеді. Мұны монополистер тиімді деп шешсе, халық қымбатсынады. Дегенмен, тұтынушы мен ұсынушы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ISO 50001 сынды жүйелерді жаппай қолданысқа енгізу күн тәртібінде қарастырылуға тиісті мәселе деп шешілді. Бұл халықтың қамын күйттеп отырған депутаттар назарында болатын іс екендігі шүбәсіз.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 8 =