Үнемделген қаражат қайда жұмсалады?

0 78

Кеше өткен Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясына қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, карантин режимі кезінде шаһарда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Экономикалық жағдайды тұрақтандыру, оның өсімін қалпына келтіру мақсатында қолға алынып жатқан шаралармен таныс­тырды.

ЗЕРТХАНАЛАР САНЫ КӨБЕЙДІ

– Қаламыз екі айдан астам уақыт бойы карантин режимін бастан өткеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен енгізілген төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, қауіп әлі сейілмей тұр. Вирустан құтылған жоқпыз. Президенттің дер кезінде қабылдаған шешімдері мен Үкіметтің қауіптің алдын алу шараларының арқасында індеттің жаппай таралуына жол бермедік. Жағдайды бақылауда ұстап, оны одан әрі ушықтырмау үшін нақты шаралар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр, – деді А.Көлгінов.
Қазіргі таңда әкімдіктің басты міндетті вирусты жұқтырғандарды дер кезінде анықтау болып отырғанын мәлімдеген қала басшысы карантин енгізілгелі шаһарда зертханалар саны көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, бастапқыда 1 зертхана жұмыс істесе, бүгіндері бесеу болды. Жақын уақытта тағы үшеуі ашылады.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де – ең өзекті мәселелердің бірі. Сол үшін Орталық теміржол ауруханасы мен №2 қалалық емхана базасында пневмония мен ЖРВИ белгілі бар нау­қастар ғана қабылданды. Бұл дәрігерлердің вирус­ты жұқтыруын алдын алу мақсатында жасалды. Сондай-ақ 13 мамырдан бастап елорданың барлық 14 емханасында вирус жұқтырған, алайда нақты белгілері жоқ пациенттерді бақылауда ұстау үшін оқшауландырылған кіреберістер ұйымдастырылды.
– Ауыртпалықтың барлығы кәсіби медициналық персоналдың иығына артылды. Сондықтан оларға ерекше алғыс айтуымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2 мыңнан астам инфекция­лық, провизорлы, карантинді стационарлар мен қалалық жедел жәрдем стансасы қызметкерлері үстемеақы алды. Медицина қызметкерлеріне қонақ үйлерден бөлмелер беріліп, олар тамақпен, көлікпен қамтамасыз етілді, – деді қала әкімі.

БЛОКБЕТТЕРГЕ КІРІП-ШЫҒУ ТОЛЫҒЫМЕН  АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН

Қалалық жедел штаб жұмысын жалғастырып жатқанын айтқан ол штаб мақсаты атқарылып жатқан жұмыстарды тәулік бойы үйлестіру болып отыр­ғанын, бұл жұмыстың маңызды бөлігі кері байланысты қамтамасыз ету екенін жеткізді.
– Азаматтарды ақпараттандыруға арналған барлық алгоритмдер мен материалдар қала әкімдігінің ресми сайты әлеуметтік желілерде көрсетіліп, iKomek 109 қызметі операторлары тиісті кеңестерді береді. Жыл басынан бері бұл қызметке 1 миллионнан аса, ал карантин басталғалы 300-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың бәрі жедел шешілді. Онлайн өтініштерден бөлек әкімдікке көмек сұрап келген адамдармен жұмыс жүргізілді. Осы аралықта тұрғындар жұмысқа орналасу, әлеуметтік және материалдық көмек алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тағы басқа мәселелермен жүгінді, – деді А.Көлгінов.
Карантин аймағы мен оның шекараларында тәртіпті қамтамасыз етуде цифрландыру үлкен маңызға ие екенін айтқан қала басшысы блокбекеттерге кіру мен шығу толығымен автоматтандырылғанын жеткізді. Арнайы әзірленген ақпараттық жүйелер арқылы кірген-шыққан көліктерді бақылауда ұстауға, қаладағы көлік ағынын есептеуге мүмкіндік жасалды. Блокбеттердегі жағдай штабтан бейнекамералар көмегімен де бақыланады. Полицейлер планшеттеріне енгізілген электронды база да құқықбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса, Е-Карантин атты ақпараттық жүйе әзірленді. Оның негізгі мақсаты – санитарлы-эпидемиологиялық жағдайды қадағалау.
Төтенше режим жағдайын қамтамасыз ету үшін арнайы әскери жиындарға ерікті түрде әскери міндетті 150 азамат шақырылды. Олар жедел штаб, блокбеттер, қала нысандарын дезинфекциялау жұмыстарына қатысты. Жалпы алғанда тиісті жұмыстарға Қарулы Күштері, Полиция департаменті, Ұлттық ұлан жеке құрамы тартылды.

Алтай КӨЛГІНОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың негізсіз шығыс­тарын қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландыру есебінен үнемделген қаражаттан әлеуметтік саланы қолдауға 16 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл апатты үйлерді сүру, жолдар, аулалар, инженерлік-коммуникация­лық инфрақұрылым салу, қоғамдық көлікті субсидиялауға жұмсалады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек жүйесін дамытуға 7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат балабақшалардағы қосымша орындарға, медициналық жабдықтар сатып алуға, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті қолдауға 5 млрд теңгеден астам бөлінеді. Осы қаражат әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қолдау үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға жұмсалады. Бюджетті оңтайландырудың жалпы сомасы 35 млрд теңгені құрайды

ЖҰМЫСТАН ҚЫСҚАРҒАНДАР ДАЛАДА ҚАЛМАЙДЫ

Экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қолға алынған шараларға тоқталған шаһар басшысы Бизнестің жол картасы желісі бойынша жергілікті бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа бизнес жобаларды құруға гранттар қарастырылып, коммуналдық меншік нысандарын жалға алу ақысы 3 айға тоқтатылды. Төтенше жағдай кезеңінде несиелер бойынша айыппұл мен өсімпұлдар тоқтатылып, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдеріне несие бойынша міндеттемелерді орындау уақыты шегерілді. Бұған қоса, айналымдағы қаржыны толтыруға шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасына қаржы бөлінді. Бұл 15 мың жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі кезде кәсіп­орындар штатты қысқартуға мәжбүр болып отыр­ғанда бұл аса маңызды жұмыс. Босаған жұмысшыларды жұмыссыздар ретінде Жұмыспен қамту орталығы тіркеуге алады. Біз дағдарысқа қарсы экономиканың негізгі бағыттарын айқындадық. Бұл бағыттар даму динамикасының сақталуын қамтамасыз етеді, – деді А.Көлгінов.
Осыған тоқталған қала басшысы елорданың өңірлік логистикалық хаб ретіндегі рөлі күшейетінін атап өтті. Қала экономикасын, соның ішінде өндірістік қуаттарды қалпына келтіру құралдары туралы айтып, негізгі екпін «Қарапайым заттар экономикасының» дамуына қойылатынын жеткізді.
Инвестициялық потенциалды дамыту мәселесін қозғап, Цифрлық дамудың жаңа қалалық стратегиясын таныстырды. Жалпы алғанда, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалып жатқанын айтты.

БЮДЖЕТТІ ОҢТАЙЛАНДЫРУ – ТИІМДІ ЖОЛ

Дағдарысқа қарамастан, осы жылға жоспарланған қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтаймыз, – деді А.Көлгінов.
Соның ішінде қолжетімді баспанамен қамту, үлескерлік құрылыс мәселелерін шешу, тұрғын алаптарын дамыту, мектептер мен әлеуметтік нысандар құрылысы, тұрғындарды әлеуметтік қолдау, қаланы газдандыру, нөсер сулары желісі құрылысы, жолдарды салу сияқты жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Жергілікті бюджетті оңтайландыру нәтижесінде 35 млрд теңге үнемделетінін айтқан қала басшысы қазіргі таңда 28 млрд теңге оңтайландырылғанын, шығындарды тағы 7 млрд теңгеге қысқарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, әкімдікке қарасты ұйымдардың басшылық құрамы қысқартылды. Бірқатар кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылып, сенімді басқаруға берілді. Мәдени-бұқаралық іс-шаралардың саны қысқартылып, т.б. осы сияқ­ты жұмыстар атқарылды.
«Астанаэнергосервис» АҚ-ты қайта ұйымдастыру 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл қаражатқа қысқы коммуналдық техника сатып алынды. Бұған қоса, шығыны көп нысандарды сенімді басқаруға беру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар жыл сайын бюджет шығындарын 1,5 млрд теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − two =