Ұмытылып бара жатқан дәстүрлер

0 23

Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Бүгінге дейін жер бетіндегі көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған осынау мерейлі мерекенің қай уақыттан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Бұл мейрамды ежелгі гректер Патрих, бирмалықтар Су мейрамы, тәжіктер Гүл гардон, Бәйшешек, Гүлнаурыз, хорезмдіктер Наусарджи, татарлар Нардуган, буряттар Сагаан сара, соғдылықтар Наусарыз, армяндар Навасарди, чуваштар Норис ояхе де түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтыны туралы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетті. Негізгі айтпағымыз, бұрынғы жария болған деректерді қайталап беру емес. Біз бұл жолы Ұлыстың ұлы күніне қатысты халық арасында ұмытылып бара жатқан кейбір дәстүрлер жайында сөз қозғамақпыз.

Әрине, көнеден халық арасында қолданылып, қазір ұмытылып бара жатқан дәстүрлер көп. Солардың бірнешеуіне аз-кем тоқтала кетейін.
1. Өлі мен тірінің айтысы. Ұлыс күнінен бір күн бұрын кеш түсіп, күн батарда ортаға екі ақын шығып, Жақсылық пен Жамандықтың, Қыс пен Жаздың күресін бейнелейтін «Өлі мен Тірінің» айтысын бастайды. Айтыста күн ұясына батар шақта өлі жеңіледі.
2. Аластау. Қараңғы түсе екі жерге үлкен от жағылады. Жас шамасына қарай топ-топ болып бөлінген жұрт екі оттың ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы майлы шүберек ораған таяқтарын отқа тұтатады. «Алас, алас, пәледен қағас!» деп хормен өлең айтып, айналаны отпен тазалап шығады.
3. Жаңа күнді қарсы алу. Алтыбақан басында жастар түнімен ән айтып, ұлттық ойындар ойнайды. Таң ата биіктеу төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған. «Егер кімде-кім Ұлыс күнін күн сәтінде шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды» деген дәстүрлі ұғым болған. Күлімдеп шыққан күнге сәлем берген жұрт «Құт дарысын!» деп айналаға ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.
4. Қызыр түні. Күн сәулесі Жердің шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқанда басқа өңірлерде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сол себептен қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурызда түнгі 3-те қарсы алған. Дәл сол кезде даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасы жібісе керек. Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан енгенде төрге қос шырақ жағылады. «Жаңа жыл тап-таза үйге енсе, пәле-жала, ауру-сырқау жоламайды» деген сеніммен бір-екі күн бұрын үй ішіндегі дүние-мүліктің шаңын қағып, үйді толық тазалаған. Айтпақшы, осы сенім ауылдарда күні бүгінге де­йін сақталған. «Береке басынан басталады» деп Қызыр түнінде ыдыстарға бидай, арпа, сұлы, жүгері, сүт, айран, шұбат құйып қояды.
5. Саумалық. Жаңа жыл келгенде айтылатын жыр-дәстүр. Ол былай айтылған:
«Саумалық, саумалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?».
Ауыл аналары мен әйелдер үйдегі екі ыдысты сындырып, барлық жаманшылық атаулы сонымен кетсін деп ырым жасайды.
6. Наурыз есім. Ұлыс күні қазақ үшін әрқашан қасиетті, киелі деп саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса: «Нұр жауды», «Туар жыл жайлы болады» деп қуанған. Ұлыс күні дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Наурызгүл, Наурызәлі деп ат қойған. Наурыз күні туғандарды Жаратқан мен аспандағы жұлдыздар қолдайды деген ырым бар.
7. Наурыз бата. Біздің халқымызда батаның түрлері көп. Соның бірі – наурыз бата. Наурыз жырында:
«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар» деп айтылғандай, Ұлыс күні әр үй жеті дәмнен наурыз көже пісіреді. Үлкен ас, ақ тағамдар, көкөніс-жеміс­тер толы дастарқаннан дәм татқан соң, төрдегі ақсақал наурыз батасын береді. Оның үлгісі мынадай:
«Бақытты ас берсін
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күнге сақтаған сүр батам!».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды