Ұмыт болған тағамдарды ұлықтаған кітап

0 34

Елордада этнограф, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының материалдық емес мұраларының жетекшісі, QazaqGeography белсенді мүшесі Әйгерім Мұсағажинованың «Қазақы ас: дәстүр мен дәм» атты кітабының тұсау­кесері өтті.

Кітапта қазіргі уақытта әзірленуі мен тұтынуы ғана емес, тіпті атауының өзі ұмыт болуға шақ қалған ет, сүт және аралас жасалатын тағамдар мен сусындардың бірқатар түрлері қамтылып, олардың әзірлену технологиясы, биологиялық құндылығы туралы қысқаша сипаттамалар берілген.
Тағамтану саласының мамандарына, технологтар мен этнографтарға, сонымен қатар, технология және тарих факультеттерінің студенттеріне, жалпы ұлттық тағамға қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған бұл кітапқа қазақтың 50-ден аса тамақ түрі енгізілген. «Қазақтың тағамдары денсаулыққа өте пайдалы. Әсіресе, дәстүрлі қазақы тағамдардың кенеуі күшті, азықтық қуаты жоғары. Өкінерлігі, біз бабаларымыз­дан жалғасып келе жатқан кейбір тағамдарымызды ұмытуға айналдық. Менің «Қазақы ас: дәстүр мен дәм» кітабын жазуыма осы жағдай себеп болды. Бұл кітапқа ұмыт бола бастаған тағамдардың біразы енгізілді, алайда толық қамтып кеттім деп айта алмаймын. Бұйырса, алдағы уақытта бұл тақырып аясында тереңдеп ізденіс жасаймын» деді кітап авторы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды