«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҮМІТТІ АҚТАҒАН ҮЗДІКТЕР

0 189

Спорт – ел намысы. Осы сөздің мәнісі бүгінгі таңда биіктеп тұр. Біле білсек, елдер мен елдер спорт сайыстары арқылы бір-бірімен бәсекеге түсіп, ұлт пен халықтың мәртебесі мен мерейін көтеріп те, көрсетіп те келеді. Құдайға шүкір, осы орайда Қазақстанның көк байрағы да биіктен желбірей бастады. Олимпида ойындары, әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктерінде отандастарымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғап, төрткүл дүниеге елдігімізді танытып жүр.

Бүгін біз бұрнағы жылдардың жетістіктерін қайталап айтпай-ақ, кеше ғана тарих қойнауына өткен жылқы жылындағы жеңістерге тоқталғанды жөн көрдік. Біріншіден, Астанада коньки жарысынан Әлем кубогының этапы, дзюдо күресінен әлемдік Гран-при турнирі, футболдан Еуропа чемпионатының топтық іріктеу матчтары, УЕФА ойындары, әрине, ең бастысы, Алматыда ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыстардың ұйымдастырылуы жөнінде халықаралық сарапшылар мен мамандар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, жоғары бағалау берілді. Осы жарыстар арқылы Қазақстанның халықаралық спорт аренасына айнала бастағаны ай­қындала түсті.

Ал халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз туралы айтар болсақ, қазақ жанкүйерінің үмітін ақтаған үздіктеріміз аз болған жоқ. Атап өтер болсақ, жыл басындағы Сочи олимпиадасында бірнеше жүлде аламыз деген ойымыз жүзеге аспай қалғанын жасырмай айтамыз. Жалғыз медаль, оның өзі қола медаль болды. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен абыройымызды осылайша сақтап қалды. Өкінішке қарай, көпшілік сенім артқан шаңғышыларымыз шаң қауып қалды. Жалпы, қысқы спорттағы жағдайымыз мәз болмай тұрғанын мойындауымыз керек.

Ал, есесіне әдеттегідей бокс­шыларымыз биіктен көріне білді. Біріншіден, жастар арасындағы әлем чемпионатында боксшы Абылайхан Жүсіпов чемпион атанса, ІІ Бүкілдүниежүзілік жасөспірімдер олимпиадасында тағы да қазақтың үш жасөспірімі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ұлттық құраманың боксшылары Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Антон Пинчук және Иван Дычко Инчхонда өткен Азия ойындарында алтын медаль ұтып алды. Алып құрлықтың осы бір ең мәртебелі спорт жарысында біздің спортшылар бұрын болмаған жетістікке қол жеткізді. Қазақстан қоржынына 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль түсті. Бұл – рекорд!

Қараша айында Қазақстан халқы қос қуанышқа қатарынан кенелді. Алдымен, ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпио­натында Илья Ильин бастаған біздің қыздар мен жігіттер тамаша табысқа жетті. Олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанло үшінші рет әлем біріншілігінің жеңімпазы атанса, Жазира Жаппарқұл күміс медаль иегері атанды. Осы жарыстағы бір есте сақталған бәсеке 94 келі салмақта болды. Бұл сында қазақ жігіті Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Жасұлан  қазақ жастарынан шыққан тұңғыш әлем чемпио­ны болып отыр. Осы салмақта тағы бір отандасымыз Владимир Седов күміс жүлдегер атанды. Ал ең басты қуанышты, әрине, еліміздің толағай ұлы Илья Ильин сыйлады десек болады. Олай дейтініміз, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Алматы төрінде жаңа салмақта, яғни 105 келі дәрежесінде (бұрын 94 келіде) топ жарып, төртінші мәрте әлем чемпионы атағына ие болды.

Жыл жабылар тұста қаршадай қазақ қызы баршамызды тағы бір ақжолтай қуанышқа бөледі. Оңтүстік Кореяда өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ қызы Назым Қызайбай өзіне қарсы шыққан барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, әйелдер арасынан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы болып отыр. Осы жарыста сынға түскен тағы бір жерлесіміз Ләззат Күйгенбаева күміс медаль иегері атанды.

Кәсіпқой бокста жеңілісті біл­мейтін, жекпе-жекке қазақтың шапа­нымен шығатын тағы бір «алтын баламыз» Геннадий Головкин де жылқы жылында қарсы тұрғанның бәрін есінен тандырып жеңді. Винченцо Нибали бастаған «Астана» велокомандасы Тур де Франс» көпкүндік велобәйгесінің жеңімпазы атанды. УЕФА-ның клубтық турнир­лерінде «Астана» командасы төр­тінші айналымға дейін жетті.

   Міне, жылқы жылында спорт деген сиқырдың әлемдік сайыстарында осындай жеңістерге куә болып, қуанышты сәттерді бастан кештік. Ал, табалдырықтан енді аттаған 2015 жылдағы байрақты бәсекелерден жеңістер күтеміз. Бұл алдағы жылы Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындары алдындағы жауапты әрі шешуші жарыстардың жылы болмақ. Олай болса, үздік сайыпқырандарымызға үлкен үмітпен қараймыз, сенім артамыз.

 

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды