Үміткерлерді таңдады

0 26

«Nur Otan» партиясының елордалық филиалы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерін анықтады. Партиялық тізімге үміткер 10 адамның ішінен нұротандықтар «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық өкілдік квотасына сәйкес 5 үміткерді таңдады. Оларды атап айтар болсақ, №1 көп­салалы қалалық балалар ауруханасының директоры Лариса Павловец, елордалық «Атамекен» ҰКП өкілі Алмаз Жүнісов, «Халықаралық жаһандық әйелдер көшбасшылығы» ҚБ президенті Ханзада Балтаева, ҚР ­Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Расул Медетов және бизнес өкілі Бауыржан Исабаев партия филиалының 12 қарашада өткен кезектен тыс ХХХІ конференциясында делегаттардың онлайн дауыс беруі кезінде ең көп дауыс жинады.

130 делегат сайланған конференцияда сондай-ақ партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, XX құрылтайға қатысатын делегаттар сайланды және қалалық партия филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізілді. Конференция жұмысына Парламент және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты. Партияның қалалық филиалының төрағасы, елорда әкімі Алтай Көлгінов бұл конференцияның ерекшелігін биыл алғаш рет праймериздің өтуімен байланыстырды.
«Құрметті партиялықтар! Еліміздің саяси өмірінде праймериз маңызды оқиға болғаны белгілі. Осыған байланысты партия филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партиялық сайлау бағдарламасын әзірледі. Бүгін, міне, біз сол «Праймериз-2020» қорытындысына арналған конференция өткіздік. Жалпы партия­ның мұндай конференциялары жылына бір рет өткізіледі. Оның барысында ең негізгі, маңызды шешімдер қабылданады» деді А.Көлгінов.
«Праймериз-2020» қатысушыларының сапалық құрамына тоқталған әкім биыл 17-28 тамыз аралығында өткізілген науқанға қатысуға елордадан 443 адам өтініш білдіріп, соның 403-інің өтініші қабылданғанын айтты. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сол 403 адамның ішінде 224 азамат Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатына өзін ұсыну үшін праймеризге қатысуға өтініш берді. 52 адам филиалдың кадрлық резервіне, 121 адам бастауыш партия ұйымына ұсынылды.
– Партияішілік праймеризге байланысты елордалық филиалдың сайлауалды бағдарламасы қала тұрғындары жиі көтеретін ең негізгі 10 мәселеден тұрады. Соңғы 10 жыл ішінде қала тұрғындарының саны 650 мыңнан 1 млн 200 мыңға де­йін, яғни 2 есе өсті. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – заман талабына сәйкес әрбір тұрғын үшін қолайлы жағдай жасау. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз. Пандемияға қарамастан, қаламызда биыл көп жұмыстар атқарылды. Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсті. Ең басты әлеуметтік маңызды нысандар газбен жылытуға көшірілді. 6 тұрғын үй алабына газ құбыры тартылды. Биыл 20 мың орындық 12 мектептің құрылысын аяқтаймыз. Бұл өткен жылға қарағанда 2 есе көп. Осылайша үш ауысымды білім беру мәселесін шешуге жақындаймыз. Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есеге ұлғайды. Биыл шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Медициналық ұйымдардың қызметкерлері, полиция, мұғалімдерге тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасын, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер мен кезекте тұрғандар да пайдалана алады. Бұл – біздің елордамыздың сайлауалды бағдарламасының ең негізгі бағыттары. Партияішілік сайлауға саяси ұстанымы қалыптасқан азаматтар қатысты. Праймериз солардың бәріне бірдей мүмкіндік берді, – деді Алтай Сейдірұлы.
Праймеризде бағын сынағандардың арасында әр түрлі мамандық иелері және әр жастағы азаматтар болған. Соның ішінде, әсіресе, жастардың және әйел азаматтардың ерекше белсенді болғандығын көрдік. Барлық қатысушылардың 34,1 пайызын әйелдер, 37,2 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі 4 адам, көпбалалы 3 адам болса, мамандықтар жағынан 91 бизнес өкілі, 47 білім беру саласының және 20 медицина маманы, 40 ҮЕҰ өкілі қатысты. Қатысушылардың жас шамасы жағынан ең үлкені – 71, ең кішісі 20 жаста болды. Аудандардың ішінде ең белсенді қатысушылар – Есіл ауданының тұрғындары.
Сонымен, ең жоғары рейтингке ие праймеризге қатысушылар қатарынан және фи­лиал квотасын ескере отырып, қала мәслихатына 1 орынға 2 адам қағидаты бойынша 62 үміткерден тұратын партиялық тізім жасалды. Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлесі 20-дан 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 0-ден 22,5 па­йызға дейін өсті. Үміткерлердің орташа жасы 9 жасқа, яғни 52 жастан 43 жасқа дейін жасарды. 25 депутаттың 5-еуі ғана жаңа партиялық тізімге енді. Жалпы мәслихаттағы елордалық «Nur Otan» партиясының тізімі 90 пайызға жаңартылды. Тізімде ШОБ өкілдерінің үлесі басым – 32,2 пайыз, білім беру саласы – 20,9 пайыз, денсаулық сақтау саласы – 11,4 пайыз және т. б. бар. Партиялық толық тізімді primaries.kz сайтынан көруге болады. Конференция барысында Мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін таныстырды, екінші раундта сұрақ-жауап түріндегі пікірталас сессиясы өтті.
Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Үндеуі бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құжаты қабылданғанын ерекше атап өтті. Басты міндет – азаматтардың мәселелерін естіп және көріп қана қоймай, ең алдымен оларға дұрыс және жедел жауап беру. Осы тұрғыда ол қалалық сайлауалды бағдарлама праймериз кезінде тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып, пысықталғандығын жеткізді. Конференция соңында сайлауалды штабтың жетекшісі болып Ерлан Каналимов, оның орынбасарлары болып Владислав Сергеев және Мұрат Шунгульшин тағайындалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 1 =